Елбасы өзінің құттықтау сөзінде «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейлі белесіне орай өткізіліп отырған Бастауыш партия ұйымдары І форумының ашылуымен құттықтап, бұл айтулы оқиға партияның ең басты ресурсы оның мүшелері, яғни Отанымыздың дамуына, өркендеп, гүлдене түсуіне елеулі үлес қосып келе жатқан қоғамның ең белсенді әрі жауапты өкілдері екенін көрсететінін атап өткен.
«Бүгінде біздің алдымызда Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына енгізетін жаңа даму моделін қалыптастыру міндеті тұр. Мен биылғы Жолдауымда еліміздің даму деңгейі әрбір азаматымыздың әл-ауқатымен өлшенетінін атап өттім. «Нұр Отан» партиясы жетекші саяси күш ретінде дамудың локомотиві болып қана қоймай, сонымен бірге әр қазақстандықтың мемлекеттің әлеуметтік саясатының игілігін сезінуінің кепілі де болуы тиіс. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін партиямыздың өзі де жетіліп, заманауи үрдістер мен талаптарға сай жұмыс істеуге бейімделгені жөн», делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Сондай-ақ партия Төрағасы Саяси кеңестің биылғы маусым айындағы кеңейтілген отырысында партияның жүйелі жаңғыру үдерісі басталғанына және оның басты бағыттарының бірі – бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру екеніне назар аударған.
«Бүгінгі басқосу партия қызметіне тың серпін беріп, жұмыс тәсілдерін жетілдіру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Тәжірибесі мол жергілікті саяси көшбасшылар жетекшілік етіп отырған бастауыш партия ұйымдары – кадрлық резервті қалыптастырудың негізгі көзі. Олар сондай-ақ азаматтармен және қоғамдық ұйымдармен ықпалдастық орнатудың да маңызды буыны болуы тиіс. Партиямыздың алдында тұрған жаңғыру үдерісін табысты жүзеге асыру – сіздердің күш-жігерлеріңізге тікелей байланысты. Баршаңызға ел игілігі мен халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолында жаңа жетістіктер тілеймін», – делінген Елбасының құттықтауында.
Жиында аталған форум партияның 20 жылдығына арналған шаралардың басы екені де айтылды.
– Өздеріңізге белгілі, келесі жылы партиямыздың мерейтойын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде біздің партиямыз еліміздегі жетекші саяси ұйым ретінде қалыптасу жолынан сүрінбей өтті. Партия негізі қаланған күннен бастап экономикалық, әлеуметтік және саяси саладағы Елбасы саясатының басты әрі негізгі орындаушысы болып келеді. Содан бері біз барша қазақстандықтарды Президент реформаларын қолдауға жұмылдырып, ауқымды жұмыстарды атқардық деп айтуға толық негіз бар. Бұл істе бастауыш ұйымдарымыздың маңызы зор, – деді М.Әшімбаев.
Бүгінде «Нұр Отанның» 17 аймақтық және 230 аумақтық филиалы мен 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы бар.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жаһандық сын-қатерлерге лайықты төтеп беру мақсатында Елбасы нақты мақсат-міндеттерді айқындап бергенін, оларды нәтижелі жүзеге асыру үшін алдымен партияның өзі ХХІ ғасырдың барлық талаптарына сай, тиімді, жоғары технологиялы, инновацияға бейім, бәсекеге қабілетті саяси ұйым болуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ ол осы мақсатта қолға алынған партия қызметін жаңғырту бастамасының алғашқы нәтижелеріне назар аударды. Өткен маусым айында бастау алған партиялық жаңғыру аясында бүгінде елімізде жастарымыздың бағдарламалау, робот техникасы, 3D-модельдеу негіздерін жетік меңгеріп, осы салада терең білім алуына мүмкіндік беретін 761 ІТ-сынып ашылып, онда 22 мыңнан астам мектеп оқушысы білім алуда. Одан бөлек, партияның бастамасымен еліміз бойынша 24 ІТ-орталық ашылып, онда 1600-ден астам азамат жаңа технологиялар бойынша білім алды. Басқа партиялық жобалар бойынша да айтарлықтай нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Мәселен, ел көлемінде мектеп жанындағы 47 спорт алаңы жаңартылып, қайта жабдықталды. Кітапханалар базасында 120-ға жуық заманауи білім орталығы ашылды. Соның ішінде ауылдық жерлердегі кітапханаларды да ерекше атап өткен жөн.
– Бұл жобалардың бәрі – Елбасымыздың интеллектуалды, дені сау және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жолындағы игі бастамаларының лайықты жалғасы және ажырамас бір бөлігі, – деді М.Әшімбаев.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары ұйымның Орталық аппараты мен барлық филиалдарының және бастауыш партия ұйымдарының алдында тұрған басым бағыттарға тоқталып өтті.
– Біріншіден, Елбасы Жолдауының стратегиялық маңызын ескере отырып, «Нұр Отан» партиясы оның тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін негізгі күшке айналуы тиіс. Осы бағытта қоғамдық бақылау жұмыстарын күшейтіп, оның мәні мен маңызын әр қазақстандыққа жеткізуде белсенді әрекет етуіміз керек. Екіншіден, партияның кадрлық әлеуетін арттыру үшін бастауыш ұйымдардың белсенді мүшелері мен көшбасшыларының біліктілігін молынан пайдалануымыз керек. Партияның кадрлық резервін қалыптастыруда осы мәселені міндетті түрде ескерген жөн. Үшіншіден, бастауыш ұйымдарымыздың халықпен жұмыс тиімділігін одан әрі арттыру қажет. Ол үшін жетекшілердің өздері саяси тәжірибеге бай, идеология, менеджмент, психология сияқты салаларда сауатты болуы тиіс. Төртіншіден, бастауыш партия ұйымдарының материалдық-техникалық базасын күшейту керек. Бесіншіден, партия жұмысында цифрлы технологияларды кеңінен қолданып, «Цифрлы партия» жобасын жүзеге асыруда белсенді әрекет етуге тиіспіз. Алтыншыдан, белсенді азаматтар мен жастарды жұмылдыру арқылы партия жұмысын күшейтудің маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев.
Ерекше атап өтер жайт, Елбасы – партия Төрағасының бастамасымен бұдан былай бастауыш партия ұйымдарының форумы дәстүрге айналып, екі жылда бір рет өткізіліп тұратын болды. Бұл партия жұмысына қатысты кез келген мәселені талқылап, пікір алмасуға мүмкіндік беретін жаңа алаң болмақ.
Барлық ұсыныстар жиын кезінде қатысушылар тарапынан қолдау тапқан Бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасында ескерілетін болады. Аталған құжатта бастауыш ұйымдардың жұмысын жетілдіру, сапалы партиялық актив пен кәсіби кадрлық резерв қалыптастыру, өзекті мәселелерді анықтау технологиялары мен оларды шешудің тиімді тетіктері, цифрлы технологиялар мен ақпараттық-коммуникациялық жұмысты жандандыру және бастауыш ұйымдардың басқару жүйесінде жаңа жұмыс форматтарын енгізудің ұтымды жолдары айқын көрсетілген.
Жиын соңында «Үздік бастауыш партия ұйымдары» республикалық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»