Табыс пен тұрмыс сапасы қайтсе артады?
Бұл сауалға мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында нақты жауап қайтарылған. Соның бірі еңбек ұжымдарында еңбекақын мөлшерін өсіру болып отыр. Осыған байланысты қазіргі кезде Ақтөбе облысында нақты іс-қимыл жоспары жүзеге асырылуда. Бұл іске ең алдымен өңірдегі ірі және орташа кәсіпорындар мен компания басшылары бастамашы болды. Осы орайда олар еліміздегі барлық әріптестеріне үндеу жолдап оның мәтіні газетіміздің биылғы 24 қазан күнгі нөмірінде жарияланды.
Өзгеге үндеу жариялаудың жауапкершілігі мен салмағы жоғары. Өйткені өзгеге үлгіні өзің көрсетуің керек. Қосымша қаражат аспаннан алынбайтыны белгілі. Ендеше ақтөбелік кәсіпорын басшылары жалақыны өсіру ісінде нендей негіздер мен тұтқаларға иек арта алады? Ендігі әңгімені осы сауал төңірегінде өрбіткіміз келеді. Бұл үшін ең алдымен кәсіпорындар мен шағын және орташа бизнес субъектілері арасында жалақының нақты мөлшеріне тиісті талдаулар мен есептер жүргізілуде. Оны көтерудің мүмкіндіктері мен әр түрлі жолдары қарастырылуда.
Мемлекет басшысы Жолдауының өзегінде табыс пен тұрмыс сапасының артуы жалпылама ұғым емес, мұның өзі әр адамға қатысты екені көрсетілген. Тіпті бұл ретте ел тұрғындарының жасы мен мамандығы да, олардың жалақыларының өсуіне кедергі келтіре алмайды. Рас, табыс тектен тек келмейді. Яғни аталмыш категория адам еңбекқор, өз ісінің біліктілігі жоғары кәсіби маманы болған жағдайда ғана ерекше мәнге ие. Тек осындай кезде кәсіпорын жетекшілері олардың еңбегіне лайықты жалақы төлемек.
Өңірдегі «Восход Ариель» ЖШС-ның директоры Сергей Ибатов өз ой-пікірін осылай сабақтады. Хром рудасы мен хром консентратын өндіретін кәсіпорында 840 адам жұмыс жасайды. Бүгінгі күні олардың орташа жалақысы – 300 мың теңге төңірегінде. Бір жақсысы кәсіпорын жетекшілері жалақыны өсіру жөніндегі Мемлекет басшысының Үндеуін күтіп отырмапты. Өйткені мұнда тек соңғы екі жылдың ішінде еңбекақы мөлшері 25 пайызға өсірілген. Әйтсе де алдағы 2019 жылдан бастап Елбасы тапсырмасына орай жалақы мөлшерін тағы да 7 пайызға өсіруді ойластырып отырмыз дейді кәсіпорын басшысы.
Сондай-ақ өңірдегі ірі және орташа кәсіпорын жетекшілері құр жалақы мөлшерін өсіріп қана қоюды мақсат тұтпайтынын жеткізді. Сонымен бірге олар қарамағындағы жұмысшыларға жәйлы жағдайлар туғызуды жөн көреді. Біз үшін жұмысшылардың тұрмыстық-әлеуеметтік жағдайы, денсаулығы мен жауапкершілігі және жұмысқа деген ынта-ықыласы өте маңызды. Сондықтан да оларға бұл тұрғыда жан-жақты қолдау көрсетіп отырмыз дейді өңірдегі тағы бір іргелі кәсіпорын жетекшісі «Бабан-құрылыс» ЖШС-ның директоры Рахиб Азизов. Адами капиталдың дамуын басты назарда ұстайтын компания жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қапысыз көңіл бөлуде.
Жалақы мөлшерін көтерудің тағы бір мүмкіндігі – кәсіпорынға жоғары білікті мамандарды тарту мен оларды тұрақты түрде ұстап тұру болмақ. Бұл үшін өңірегі бірқатар ірі және орташа кәсіпорындарда бәсекелестік ынталандыру мен әлеуметтік кепілдіктер жүйесі құырылған. Бұған қоса жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында ұжымдық шарт-талаптары орныққан. Қазіргі кезде өңірде төмен алақы алатын жұмысшылардың еңбек ақысын көтеру жөніндегі нақты істерге тоқтала кетсек – бұл қатарға 278 орта және ірі компаниялар кіретінін көреміз.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша аталмыш кәсіпорындарда жалақысы 42 500 теңгеден төмен 1046 адам жұмыс істейді. Алайда алдағы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап оның мөлшері 56 пайызға дейін көтерілмек. Қазір өңірде жалақыны өсіру мәселелері бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Аталған құрылым тек өндірістік кәсіпорындардағы емес, сонымен бірге білім мен медицина әрі өзге де әлеуметтік салалардағы жалақының өсу көрсеткіштеріне мониторингтік зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Тұтастай алғанда аймақта барлық меншіктер нысанында жалақы мөлшері 27 мен 56 пайыз аралығында ұлғаймақ.
Бұл үшін бірінші кезекте өкілетті мемлекеттік органдар еңбек ұжымдарындағы бүгінгі жалақы мөлшерінің жәй-күйіне тиісті бақылаулар жүргізіп отыруының мәні мен орны жоғары. Ал егер бүгінгі күні көрсең көңілің көншитін көптеген статистикалық деректер қайтадан қаралу қатарына кірер болса, бұған қынжылмасқа болмайды. Әсіресе жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған кейбір ақпараттарда осындай теріс көріністердің кездеспейтініне кім кепілдік бермек? Сондықтан жұмысшылары төменгі жалақы алатын кәсіпорындарда тұрақты апталық мониторингтік зерттеулер жүргізу қажеттілігі туындайды. Солай болып та жүр. Айталық осы зерттеулердің кейбір деректеріне сүйенсек жыл басында өңірдегі шағын және орташа бизнес субъектілерінің жалақы мөлшері 35 пайызға дейін өсірілмек. Бұл бағытта сауда мен туризм саласында да оң динамика байқалады.
Қалай дегенде де алдағы жылы өңірдегі кәсіпорындар жұмысшылардың орташа жалақыларын көтеретініне сенім мол. Олардың бірқатары оның мөлшерін 15 пайыздық деңгейде белгілесе, ең азы жалақының 5 пайыздық өсімін межелеп отыр. Бұл шамамен 5 мыңға жуық адамның жалақысы орташа есеппен 7-10 пайызға дейін өседі деген сөз. Ал дәл бүгінгі күні жоғарыда аталған нысандарға қосымша тағы да отыз кәсіпорында жұмысшылардың жалақыларын көтеру мәселелері қарастырылуда.
Түйіп айтқанда биылғы берекелі жыл да мәреге таяп келеді. Алдағы жылдың есік қағуына да көп уақыт қалған жоқ. Сондықтан да қазіргі кезде жалақыны өсіру мен оны қайта есептеу үдерістерін тездетудің маңызы зор. Қазіргі күні өңірдегі басты іс-қимыл осы мақсатқа бағытталған.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе