«Ана жүрегі» немесе өнерде жоқ шекара
Иә, біз «Дарын» сыйлығының лауреаты, актер, сазгер, әнші, Қазақстан Республикасы авторлар қоғамының бас директоры Байғали Есенәлиевтің «Ана жүрегі» драмасын сахналаған Түркістан облыстық өзбек драма театрындағы жайтты айтып отырмыз. Қазақ тілінде жазылған, ұлты ұйғыр ананың тағдыры бейнеленген шығарма өзбек ағайындардың сахналауында көпшіліктің қызыға тамашалауы өнерде шекара жоқ екендігін тағы бір дәлелдеді. Пьесаның басты кейіпкері Бихан ананың ұлты ұйғыр, Қытайдың Қарамайлы деген жерінде өмір сүрген. Тағдырдың тауқыметімен туған шаранасынан айрылып қалған ана 54 жыл бойы онымен кездесуді армандайды. Алла тағалаға жалбарынып, сәбиін бір көру арманы екенін айтады. Ол арманы орындалады да, Бихан ана ұзақ жылдар өте ұлымен көріскен соң 2-3 ай ғана өмір сүрген. Тек талантты және шынайы өнер ғана кез келген көрерменді баурап алатыны мәлім. «Ана жүрегін» тамашалауға келген көрермен атаулының көзіне жас алып, анамен бірге мұңға батып, бірге қуанып отыруы шығарманың сәтті сахналанғанын білдірсе керек. Көрермен демекші, басты кейіпкердің бірі өзі туралы жазылған қойылымды алыстан ат арытып келіп тамашалады.
– Қойылымның жазылуына Аят Ақтеміров екеуміздің кездесуіміз себепкер болды. Шығыстағы Аягөзге жұмыс барысымен барғанымда Аяттың көлігімен 12 сағаттық жол жүрдік. Алыс жолда айтып берген әңгімесі шығармаға өзек болды. Өмірде қалай болды, солай жаздым. Әрине әдеби көркемдеу бар, бірақ оған тым бой алдырмай өмірдегі бояуымен алып шығуға тырыстым. Бас режиссері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов, – дейді автор Байғали Есенәлиев.
«Тәуелсіздік толғауы» жаңа пьесалар байқауында екінші орын алған Байғали Есенәлиевтің «Ана жүрегі» шығармасын сахналауға өзбек драма театрының басшылығы хабарласып, ниет білдірген. Театры дамыған елдерде көрермен авторға, режиссерге және актерге баратыны мәлім. Бұл орайда түркістандық көрермендер арасында оқиғаның шымырлығын, өзектілігін және шынайылығын, режиссердің суреткерлік шеберлігінің мықтылығын, актерлік ойынның маңыздылығын айтушылар аз болған жоқ.
2003 жылдың 14 наурызында Шымкентке іргелес Сайрам елді мекенінде шаңырақ көтерген облыстық өзбек драма театрының ашылуы өңір тарихында елеулі оқиға болды. Театрдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаевтың қатысып, қолдау көрсетуі өзбек халқының мәдениеті мен өнерінің дамуына атсалысып жүрген жас театр ұжымына шығармашылық шабыт берді, ертеңге деген сенімін нығайтты. Жылдар өте тәжірибе жинақтаған өнер ұжымы бүгінде көрермен сұранысына сай қойылымдарды сахналап келеді. Осынау жылдары театр сахнасында 80-нен астам қойылым сахналанған. Басым бөлігі комедия және драма жанрындағы қойылымдар. Театр ұжымы алғашында қазақ және өзбек драматургтерінің шығармаларын сахналаса, бүгінде репертуар аясын кеңейтіп, қырғыз, қарақалпақ, чех, неміс және басқа да елдердің отансүйгіштікке тәрбиелейтін, отбасы құндылықтарын, ұлтаралық татулықты сақтауға үндейтін қойылымдарын сомдап, шетелдерге және еліміздің өзге өңірлерінде гастрольдік іссапарлармен өнер көрсетуде. Мысалы, өткен жылы театр ұжымы Өзбекстан Республикасында Ә.Темірдің 680 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысып, Ташкент қаласындағы Өзбек мемлекеттік драма театрында Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасын көрермен назарына ұсынды. Шымкент қаласында өткен Ж.Шаниннің 125 жылдығы аясында Түркі әлемі театрларының халықаралық фестиваліне Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты» аңызымен қатысты. Шеберлігін, білімін арттыру үшін актерлері Татарстан, Өзбекстан елдеріндегі театрлармен тәжірибе алмасып жүр. Сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Рахилям Машурованы шақырып, әртістер кәсіби біліктілікті арттыру бойынша сабақ алған. Қазіргі таңда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің режиссура, актер мамандығы бойынша білім алған жас мамандарды қатарларына қосуда. Театр ашылған сәттен бастап режиссер Х.Құлабдуллаев мінсіз қызмет көрсетті. Алайда театр аудиториясының кеңеюіне байланысты Ташкент қаласынан А.Хожақулиев, М.Мансуров, М.Абдуллаева, Қ.Садуллаев, А.Салимов, Т.М.Исроилов, А.Гамиров, С.Мелиев және Жетісай мен Шымкент қалаларынан Ғ.Арынов, А.Алтынбеков, А.Құлданов сынды арнайы шақыртылған мамандар театр қызметін жақсарта түскен.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2018-2019 жылдарды Өзбекстанның Қазақстандағы және Қазақстанның Өзбекстандағы жылы деп жариялауы екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты жандандыра түскені мәлім. Яғни екі ел арасындағы мәдени байланысқа да тың серпіліс әкелді. «Биыл облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қолдауымен Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығымен тығыз байланыста жұмыс атқарып, ұлтаралық татулықты нығайту мақсатындағы «Біз бір халықпыз» атты ғылыми-практикалық конференция және басқа іс-шараларды өткіздік. Өзбекстанның театрларымен тығыз байланыстамыз. Көрші елге жылына екі рет гастрольдік сапармен барамыз. Қырғызстан, Тәжікстан театрларымен де байланыстамыз. Өңіріміздің барлық аудан-қалаларын жылда аралаймыз. Он бес жылдық еңбегіміздің нәтижесі ретінде республикалық театр мәртебесін алғымыз келеді және бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде», дейді облыстық өзбек драма театрының директоры, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов.
Өзбек ағайындар көңілді жүргенді ұнатады, яғни, комедияға жақын халық. Осы себепті де көрермен комедия жанрындағы қойылымға көп келеді екен. Көрерменнің сұранысы театр ұжымы үшін аса маңызды. Бұл ретте театр директоры қарақалпақ драматургы Сайлаубай Жұмағұловтың «Жасанды науқас» спектакліне келушілердің залға сыймай, сыртта тұрғандары көп болғанын айтады. Дегенмен, театр комедиямен шектелмек емес. Классика, драма, трагедия сынды жанрлардың да өз көрермендері барын ескеруде. «Репертуарда келушілердің көңілінен шыққаны сонша, өзіндік көрермендері қалыптасқан қойылымдар жетерлік. Мәселен, Ш.Башбековтің «Темір қатын», А.Жамалдың «Опасыз ақшалар», Ю.О.Нилдың «Талдар көлеңкесінде», С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Ғ.Шермухаммадтың «Жаназадағы той», Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты», С.Жұмағұловтың «Күйеуіңді бере тұр», Софокльдің «Эдип патша», Сәбит Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» көпшіліктің көңілінен шыққан қойылымдар», дейді И.Хашимжанов.
Жетістіктермен қатар шешімін күткен өзекті мәселелер де баршылық. «Актерлердің киінуі мен грим жасауға арналған бөлмелері аядай ғана. Қойылым барысында тар бөлмеде киім ауыстыру өте қиын. Біздің ғимараттың 300 шаршы метрін Шымкент қалалық №6 Халыққа қызмет көрсету орталығы иемденіп отыр. Біз оларды шығара алмаудамыз. Бұл бойынша тиісті құзырлы органдарға хат та жаздық. Әзірге нәтижесіз. Сондай-ақ ғимарат әу баста театр бағытында емес, мәдениет үйі негізінде салынған. Сол себепті талапқа сай келмейтін тұстары баршылық. Бұл мәселеден облыс әкімі де, қала әкімі де хабардар. Оң шешімін табады деген үміттеміз», дейді театр директоры Икрам Хашимжанов.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы