01 Ақпан, 2012

Шаршы алаңдағы санаулы минуттар

336 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шаршы алаңдағы санаулы минуттар

Бокс десе ішкен асын жерге қойып, қаны қызып сала беретін қызылжарлық жанкүйерлер ха­лықаралық дәрежедегі алғашқы додалы бәсекені тамашалау құрметіне ие болды. Олар соңғы жылдары қарсы­лас­тарына дес бермей шаршы алаңның шаңын шығарып жүрген Жанат Жақия­нов­тың жекпе-жегін асыға күт­кен еді. Түкпірдегі ауылда туып-өскен жерлесі­міз Петропавл қа­ласына келгеннен кейін ғана бокс­пен шындап шұғылдана бас­таған. Мектеп бітірер кезде егіздің сыңары Азамат екеуінің спорттың осы түріне құмарлығы оянған. Бақтарына қарай тә­жі­рибелі бапкер, республикаға ең­бек сіңірген жаттықтырушы В. Чернышковқа тап болған.

 

Бокс десе ішкен асын жерге қойып, қаны қызып сала беретін қызылжарлық жанкүйерлер ха­лықаралық дәрежедегі алғашқы додалы бәсекені тамашалау құрметіне ие болды. Олар соңғы жылдары қарсы­лас­тарына дес бермей шаршы алаңның шаңын шығарып жүрген Жанат Жақия­нов­тың жекпе-жегін асыға күт­кен еді. Түкпірдегі ауылда туып-өскен жерлесі­міз Петропавл қа­ласына келгеннен кейін ғана бокс­пен шындап шұғылдана бас­таған. Мектеп бітірер кезде егіздің сыңары Азамат екеуінің спорттың осы түріне құмарлығы оянған. Бақтарына қарай тә­жі­рибелі бапкер, республикаға ең­бек сіңірген жаттықтырушы В. Чернышковқа тап болған.

Нағыз жүректілерге ғана тән спорттың осы түрінің қыр-сырын тез меңгеріп алған Жанат 2006 жылы атақты боксшы Ға­лым Жарылғапов атындағы ха­лықаралық турнирдің жеңімпа­зы атанып, С.Қонақбаев атын­дағы арнайы сыйлықты иеле­неді. 2007 жылы Ресейдің Копейск қаласында өткен халық­аралық жарысқа қатысып, осымен әуесқой боксқа нүкте қоя­ды. Өмірбаянына қарасақ, кә­сіпқой бокспен айналысқанына көп бола қоймаған. Бірақ қысқа мерзімде жинаған атақ-даң­қы­нан ат үркерлік. 2011 жылы Еуропа /EBU-EE/ және Азия /WBC Asia Council Continental/ чем­пио­ны атанған. 17 кездесудің 16-сын жеңіспен аяқтаған. 9 қар­­сы­ла­сын нокаутпен ұтқан. Қазір әлем­дік рейтинг бойынша – 18, ТМД-да 3-орында тұр.
Оның таиландтық қарсы­ла­сы Лукдиав Тор Буманасың да оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Бүкіләлемдік бокс кеңесі /WBC/ жүйесі бойынша 2010 жылы топ жарған. 14 кездесудің 11-інде мерейі үстем болған. Экс-чемпион салмақ өлшеу рә­сімінде БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, Жанатты үшінші раундта жайратып салатынын айтып қал­­ғанда, бұлшық еттері бұл-бұлт ойнаған, киіктің асығын­дай шымыр шетелдіктен іш тарт­қанымыз рас. Ауылдың қа­рапайым баласы өзіне тән сабырлы мінезбен бәрін ринг көр­сетеді деп сөзін қысқа қайырды. Оның өзіне деген сенімді үні көңілімізді орнына түсірді.
Сол күні облыс орталы­ғын­дағы «Жеңіс» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің залында шымылдық түрген доданы тамашалауға келген кө­рер­мендер қалың қолдай қайысып, ине шаншар орын болмады. «Hatton Promotions», «Ulan Bo­xinq» промоутерлік компаниялары және Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің ұйымдас­тыруымен өткен сайыс қызыл­жарлық жанкүйерлердің делебе­сін қоздырып, намыс отын қам­шылап отырды. Беделді бәсеке алдында Қырғызстаннан, Өзбек­станнан, Шымкенттен келген боксшылар қолғап түйістіріп, жарыс көрігін қыздыра түсті.
Міне, шаршы алаңға алдымен таиландтық көтерілді. Ау­ыз­­дығымен алысқан бәйге атын­­­дай әрлі-берлі ойқастап, жер тар­пып тұр. «Бүгінгі бәйге ме­ні­кі» дегендей, сес көрсетіп, мы­сының басымдығын сезді­ру­мен әлек. Жанатымыз ұртына су тол­тырып алғандай томсырай­ған қалпы. Жанкүйерлерге бірер бас изегені болмаса, басқадай мезірет білдіре қойған жоқ. Бі­рінші раунд басталмай жатып Жанаттың гүрзі соққылары таи­ландтыққа қарша жауды. Ал­ғашқы сәттерде тайландтық қор­­­­­ғанып бақ­қанымен, иектің астынан дәл тиген соққы мұрт­­тай ұшырды. Төреші есеп ашты. Қанша айтқанмен, талай «таяқ жеп өскен» неме намысты екен, есін тез-ақ жиып алды. Көзді ашып-жұмғанша делік. Жанат бір гүрзі соққысын бауырға, екінші соққысын иектің астына жұмсап, тағы кескен теректей сұлатып салды. Ана байғұс жыланша ирелеңдеп, орнынан тұр­мақ­қа талпынып еді, күші кел­ме­ді. Зал сілтідей тын­ған. Аң-таң. Сенер емес. Бір кезде же­ңіске көздері анық жеткендей ду ете түсті. «Күш атасын танымайды» деген осы! Сөйтіп, Жанат Жақиянов 53,5 кило салмақ дәрежесі бойынша қос бірдей чемпиондық атақты сақтап қал­ды. Облыс әкі­мінің бірінші ор­ын­басары, бокс және кикбоксинг феде­ра­ция­сы­ның төрағасы Айдарбек Сапаров Еуропа және Азияның екі мәрте жеңімпазын жеңісімен құттық­тап, облыс әкі­мінің атынан 1 миллион теңге ақшалай сыйлық ұсынды. Про­моутерлік компания жетек­ші­ле­рі Филипп Фондю мен Ерік Жайлауовқа шапан жауып, Ал­ғыс хат табыс етті.
– Шәкіртімнің жеңісіне қалт­қысыз сеніп едім. Оған жігер­лілік, мақсаткерлік, намысқой­лық қасиеттер тән. Ешқашан асып-тасуды білмейді, сабырлы қалпынан айнымайды. Бұл бә­секенің ерекшелігі сол, Жанат­тың рейтингі көтерілумен қатар, биылдың өзінде әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігіне ие болды, – деді қуанышын бізбен бөлісуге асыққан 68 жастағы же­ке бапкері Александр Лебедев.
Сөз арасында жекпе-жектің «Ас­тана» және спутниктік «Боец» телеарналары арқылы қай­талау тү­рінде жұртшылыққа көр­се­ті­ле­тінін айта кеткен жөн. Жа­наттың кезекті сайысы жазда Қы­зылжар өңірінде өтетін болып шешілді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Петропавл.
–––––––––––––
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.