Екінші ірі жеңісіне жетті
Алматыда допты хоккей – бендиден өтіп жатқан әлем чемпионатында еліміздің бас командасы кезекті жеңісіне жетті. Дүйсенбі күні отандастарымыз АҚШ құрамасымен болған екінші ойынында қарсыластарын 13:3 есебімен ұтты.
Алматыда допты хоккей – бендиден өтіп жатқан әлем чемпионатында еліміздің бас командасы кезекті жеңісіне жетті. Дүйсенбі күні отандастарымыз АҚШ құрамасымен болған екінші ойынында қарсыластарын 13:3 есебімен ұтты.
Бұл екінші турдағы кездесу де Норвегиямен болған ойын сияқты қызықты өтті. Ә дегеннен-ақ Алексей Никишовтың жігіттері «Медеу» айдынының қожайыны кім екенін бірден көрсетті. Ойынның 4-минутында Сергей Почкунов есеп ашты. 26 минутта америкалықтар есепті теңестіргенімен, бірінші таймның соңына дейін отандастарымыз тағы 4 доп соғып, есепті 5:1-ге жеткізді.
Екінші таймда қонақтар шабуылға ұмтылып, есепті қысқартуға тырысқанымен, онысынан ештеңе шықпады. Керісінше, Қазақстан құрамасының сапындағы тағы сол Сергей Почкунов, Леонид Бедарев, Вячеслав Бронников, команда капитаны Рауан Есәлиев пен Дмитрий Завидовский қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Бұл ойында Бронников хет-трик, Бедарев, Насонов пен Почкунов дубль жасаса, қалғандары бір-бір доптың авторы атанды. Ал америкалықтар сапында Хосфельд, Сандберг, Саватске гол соғып, есепті сәл де болса қысқарта алды.
Кеше кешкісін біздің құрама Швеция құрамасымен кездесті. Ойын кеш біткендіктен, оның нәтижесін газеттің келесі санында хабарлауды жөн көріп отырмыз. Басқа матчтарда былтырғы әлем чемпионы – Ресей құрамасы Финляндияны әрең дегенде 5:4 есебімен жеңсе, Швеция Норвегиядан 11:0 есебімен басым түсті. Осылардың ішінде Ресей мен Финляндияның ойыны қызықты және тартысты өтті. 1957 жылы Суомиде өткізілген алғашқы әлем чемпионатынан бері бір-бірімен ежелгі қарсыластар арасында өткен ойында ресейліктер 2:0 есебімен жеңіп келе жатып, қарсыластарынан 4 бірдей допты жіберіп алды. Бірінші таймда Суоми хоккейшілері есепті теңестіріп қана қоймай, 4:2 есебімен алға шықты. Абырой болғанда, Ресей құрамасы тәжірибелі ойыншыларының арқасында жеңіске жете алды. Кеше кешкісін Ресей құрамасы Норвегиямен кездессе, бүгін Қазақстанмен күш сынасады.
Ал дүйсенбіде болған үшінші ойында Швеция Норвегияны 11:0 есебімен ұтып, әлем чемпионатына бас жүлде үшін ғана келгендерін тағы бір рет көрсетті. Швеция құрамасы сапында ең көп допты Кристиан Микельссон соқты. Ол 5 голдың авторы атанды. Бұның алдында Финляндиямен болған ойында Швеция құрамасы қарсыластарын 12:0 есебімен жеңгенде, Юнас Эдлинг 3 доптың авторы атанған болатын.
Осы күні «В» тобының командалары алғашқы ойындарын өткізді. Беларусь Венгрияны 13:5 есебімен жеңсе, Нидерланды Латвияны 6:2 есебімен ұтты.
Кеше «С» тобының командалары да жарыс жолына шықты. Онда Эстония әуелі Қырғызстанмен, одан кейін Жапониямен кездесті.
Қазір әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы доп айырмашылығы бойынша Швециядан кейін екінші орында келеді. Швеция 23 доп соғып, қақпасына әлі бірде-бір гол жібермесе, біздің ел де 23 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеп, тек өзіне 4 гол ғана жіберіп алған екен. Ал Ресей құрамасы ең көп доп – 24 гол соқса, қақпасына 8 гол жіберіп, үшінші орында тұр.
Осы күндері «Медеу» айдыны нағыз спорт мерекесіне айналып отыр. Әлем чемпионатын ұйымдастырушылардың қазақ топырағында алғаш рет өтіп жатқан байрақты додаға тыңғылықты, жан-жақты дайындалғаны анық байқалады. Ойындарға Достық даңғылынан қоғамдық көліктер қатынап, мұз айдынына келген соң еріктілер жанкүйерлерге жол көрсетіп, керек кезде қасынан табылып жатады. Олардың басым бөлігі Азия ойындары кезінде бірнеше тілді еркін меңгеріп, қызмет көрсеткен қыз-жігіттер екен.
Ал ойындар кезінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз орталығы мінсіз жұмыс істеуде. Мұнда барлық журналист өздеріне қажетті ақпараттарды алып, баспасөз мәслихаттарында кез келген елдің бапкерлері және спортшыларымен сұхбаттасып, әңгімелесе алады.
Қанат ЕСКЕНДІР.