Ендігі мақсат – қоладан қағылмау
Кеше кешкісін бендиден Қазақстан ұлттық құрамасы Финляндия командасымен болған аса жауапты кездесуде жеңіске жетті. Бұл ойында Алексей Никишовтың жігіттері қарсыластарын 10:4 есебімен ұтып, Ресей, Швеция құрамаларымен бірге жүлделі орынға таласатынын көрсетті.
Кеше кешкісін бендиден Қазақстан ұлттық құрамасы Финляндия командасымен болған аса жауапты кездесуде жеңіске жетті. Бұл ойында Алексей Никишовтың жігіттері қарсыластарын 10:4 есебімен ұтып, Ресей, Швеция құрамаларымен бірге жүлделі орынға таласатынын көрсетті.
Ал сейсенбі күні Швеция құрамасынан ойсырай ұтылған қазақстандық допты хоккей құрамасы келесі күні Ресей командасынан да 8:6 есебімен жеңіліп қалды. Жеңілістің ащы дәмі көңілден кетпей тұрып, ресейлік хоккейшілерден тағы ұтылу кім-кімнің де еңсесін түсіргені рас. Бірақ әркім шамасына қарай шабады емес пе? Ресей құрамасы соңғы әлем чемпионатының жеңімпазы екенін ұмытпаған жөн.
Бұл кездесу өте тартысты басталды. Алғашқы болып есепті қазақстандық құраманың шабуылшысы Рауан Есәлиев ашты. Орыс хоккейшілері біздің қақпаға жауап гол соғу үшін өте қызу арпалыс жүргізгенін, ресейліктердің алғашқы добы соншалықты қиыншылықпен келгенін айту керек. Көп ұзатпай қазақстандық шабуылшы Александр Насонов есепті үстемеледі. Артынша, 25 минутта Бронников 12 метрлік айып соққысын сәтті орындады. Ресейліктер де қарап қалған жоқ. Бірінші таймның өзі-ақ тым тартысты басталып, екі жақ тең ойынмен үзіліске шықты. Есеп – 4:4.
Ойынның екінші бөлігін сергек те сенімді бастаған Қазақстан құрамасы тағы бір гол соғып, жанкүйер қауымды бір желпінтіп тастаған еді. Алайда, қуанышымыз көпке созылмай, ресейліктер есепті жедел теңестіріп қана қоймай, үстін-үстін 3 гол соғып алға озды. Бұдан кейінгі жерде жалқы голмен жауап бергеніміз болмаса, Ресей құрамасынан 6:8 есебімен ұтылуға мәжбүр болдық.
Спорт жеңу ғана емес, жеңілістен сабақ алу екенін де ескерсек, алда әлі шеберлікті сарқа жұмсайтын кездесулер бар. Сондықтан да ел құрамасының осы еңбегінің өзі көп болып талқыға салуға тұрарлық.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.