Біз күткен жеңіс
Швеция мен Ресей құрамаларымен кездескеннен кейінгі сәтсіздіктің орнын толтырып, допты хоккейден Қазақстан құрамасы Финляндия командасын айқын басымдықпен ойсырата ұтты. Жүлделі орынға ғана емес, қазақстандықтардың бұл жеңісі әлемдік қысқы спорт түріне өзіндік ойын өрнегі бар жаңа команданың келгенін де байқатып тастағандай.
Швеция мен Ресей құрамаларымен кездескеннен кейінгі сәтсіздіктің орнын толтырып, допты хоккейден Қазақстан құрамасы Финляндия командасын айқын басымдықпен ойсырата ұтты. Жүлделі орынға ғана емес, қазақстандықтардың бұл жеңісі әлемдік қысқы спорт түріне өзіндік ойын өрнегі бар жаңа команданың келгенін де байқатып тастағандай.
Көрерменнің күпті көңілін қазақстандық құрама ойынның алғашқы минуттарында-ақ жадыратып жіберді. Рауан Есәлиевтің әдемі пасын ұтымды пайдаланған Андрей Мороков матчтың бесінші минутында есеп ашып, тұңғыш допты қақпа торына тоғытып үлгерді. Қарсыластар қаншалықты ойын тізгінін қолға алуға ұмтылғанымен, 12-ші минутта Александр Насонов шығарған допты Вячеслав Маркин іліп алып, фин қақпасына сүңгіте білді. Финляндия құрамасының мергені Рутконен соққан қарсыластардың алғашқы голы біздің жігіттердің жігерін жанығандай әсер етті. Тартысты сәттің бірінде финдер тарапынан ойын ережесі бұзылып, төреші 12 метрлік айып добын белгіледі. Оны Насонов шебер орындап, есепті 3:1 етіп жаңалады.
Ойынның 31-ші минутында Евгений Шадриннің соққан төртінші голы Алексей Никишов жаттықтыратын құрама айдындағы ойынның тізгінін өз қолына алғанын анық танытты. Көк мұздың үстінде көркем ойын көрсете білген Сергей Почкунов үш бірдей фин ойыншысынан сытылып шығып, Леонид Бедаревке әдемі мүмкіндік шығарды. Гол! Есеп – 5:1.
Екінші таймда біздің жігіттерге қарсы ойын ережесі біршама бұзылумен болды. Бәлкім қарсыластардың жүйкесі сыр берсе керек, әйтеуір біздің Бедаревке қарсы жіберілген тәртіпсіздік үшін төреші екі рет айып добын тағайындады. Оның бірін Бронников сәтті пайдаланғанымен, екінші 12 метрлікті Почкунов соға алмады. Нұғманов пен Шадриннің шеберлігі арқасында электронды тақтадағы көрсеткіш 8:1 болған еді. Төреші ойын ережесі бұзылған соң, Қазақстан құрамасына қарсы 12 метрлік айып добына шешім шығарды. Финляндия құрамасының сұрмергені Луккарила мүмкіндікті қалт жібермей, біздің қақпаның ашық тұсын дәл көздей білді. Луккарила мықты екен, 70-ші минуттың басында Оксанен шығарып берген допты біздің қақпаға қапысыз соғып, өз қоржынын толықтыра түсті. Есеп – 8:3.
Ойынның 72-ші минутында өзінің әуелгі қателігін қайтарғандай болып, қазақстандық сұрмерген Почкунов біздің абыройымызды асырған тоғызыншы голды соқты. Артынша ойын ережесі бұзылып, 12 метрлік айып добын Есәлиев керемет орындады. Рауанның бұл добы матчтың тағдыршешті соққысы болды. Соңғы минуттарда бұрыштан берілген допты шеберлікпен біздің қақпаға фин Хауска сүңгітіп жіберген еді, алайда қазақстандық құраманың пешенесіне жазылған жеңіске оның әсері бола қоймады. Есеп – 10:4, Қазақстан – Финляндия кездесуіндегі жеңіс біздің еншімізде.
Жалпы, қос құраманың арасындағы ойындар тартысты өтеді. Олардың қола медаль үшін таласуы дәстүрге айналғандай. Ең көркем голдың авторы атанған Евгений Шадриннің ойынын атап өткен жөн. Бұл кездесуде Шадрин жарады.
Алексей Никишовтың командасы 3 рет жеңіп, 2 рет жеңілді. Енді жартылай финалда Швециямен кездесу күтіп тұр. Бүгін «Медеу» мұз айдынында Ресей мен Финляндия кездеседі. Ал Қазақстан құрамасы, тағы да қайталайық, бұған дейін есе жіберген Швеция командасымен таяқ түйістіреді.
Кеше әлем чемпионатында демалыс күні болды.
Осы чемпионатта еліміз құрамасының кем дегенде қола жүлдені иеленетіні сөзсіз. Ал Швеция құрамасымен өтетін кездесуде біздің Рауан Есәлиев бастаған жігіттер намысқа тырысып, жеңіске жетсе, бұл Қазақстанның әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы күміс жүлдесі болады. Қазіргі кезде нақ осы Скандинавия елі мен Ресейдің бендиде дәурені жүріп тұр. Бұл екі құрама осы кезге дейін мүмкін болған барлық жүлделерді жеңіп алған командалар. Швеция құрамасының бір өзі он рет әлем чемпионы болғаны белгілі.
Сондай-ақ, бізге кеше қарсылас болған Суоми елінің де допты хоккейден үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүргені белгілі. Атап айтқанда, 2004 жылға дейін жүлдегерлердің жанында жүрген Финляндия құрамасы сол кезден бастап командалық ойын көрсетіп, қазірде қола үшін таласатын жағдайға жетіп отыр. Соңғы 8 жылда оның жұлдызды шағы туды десе болады. Бұл елдің допты хоккейшілері Швецияда өткен доданы ұтып алды. Осылайша 31 рет жүлде сарапқа салынған чемпионатта тек үш елдің құрамалары ғана құрмет тұғырының биік сатысынан көріне білді. Ең көп жеңімпаз атанған ел, әрине, КСРО болды. Кеңес Одағының спортшылары барлығы 14 рет алтын жүлдені тісімен тістеп көрген екен. Бірақ, 1991 жылы Одақ тараған соң, оның жетістіктері Ресей құрамасына тиесілі делініп жүр. Өйткені, Ресей өздерін бендиден халықаралық қауымдастықта КСРО-ның заңды мұрагері ретінде тіркеп қойған деседі. Ал сол солтүстік көршілеріміз дербес ел ретінде 6 мәрте әлем чемпионы атанды.
Қазақстан да бұл додада жүлделі орындарға таласып жүрген командалардың бірі. Біздің елдің спортшылары ең алғаш 2003 жылы Ресейдің Архангельск қаласында өткен жарыста қола жүлдеге ие болды. Қазақстандықтар үшінші орын үшін бәсекеде Финляндия құрамасынан 4:1 есебімен басым түсті. Бұдан соң 2005 жылы Ресейдің Қазан қаласында өткен чемпионатта отандастарымыз қола жүлдені қанағат тұтты. Бұл жолы да үшінші орынға Суоми бендишілерімен таласқан жігіттеріміз аса шиеленісті ойында 5:3 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы әлемдік жарыстың екі бірдей қола жүлдесін иеленді. Алайда 2005 жылдан бері қарай өткен алты чемпионатта біздің жүлдеге қолымыз жетпеді. Осы уақыт ішінде Финляндия құрамасы бес рет алдымызды орап кетті.
Финляндиямен болған кешегі ойында сол кеткен есемізді қайтардық деп санайық.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.