Парсы тілінде жазылған, ортағасырлық тарихи әдебиеттің аса маңызды ескерткіштерінің бірі ретінде бағаланған Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» атты кітабы алғаш рет қазақ тіліне аударылып, танымал қазақстандық ғалымдардың пікірлерімен қамтылған. Парсы тіліндегі түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне аударылуы – кітаптардың ең басты ерекшелігі. Университеттің студенттері, ұстаз-ғалымдар, өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысқан жиын барысында энциклопедиялық сипаттағы шығармада ұлы дала жылнамасы ғана емес, дүние жүзінің тарихы да кең ауқымда қамтылғаны айтылды. Мысалы, Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі екі жинақтың жобасы да Оңтүстіктен бастау алғанын атап өтті. Іргелі еңбектердегі деректер мен мәліметтерді жинақтау үшін сол дәуірдегі түркі, парсы, араб, қытай, тибет, үнді және тағы басқа халықтардың тарихшылары, шежірешілері, жылнамашылары мен оқымыстылары жұмылдырылған. «Қарахан дәуірінен бастап қазақ жерінде ислам діні кеңінен тарала бастады. Ұлы далада көптеген ғалымдар, ғұламалар өмір сүрді. Олардың еңбектері көне түркілік дәстүр мен дінді жымдастырып үйлестіре білген. Кейінгі ғасырларда көз жазып қалған осы дәстүр бізге Бекасыл Биболатұлының кітабы арқылы жетіп отыр», - деді Д.Қыдырәлі. Ал кітаптарды парсы, көне шағатай тілдерінен аударған араб, парсы тілінің білгір маманы Зәріпбай Жұманұлының айтуынша, «Зикзал» кітабы Қазан төңкерісінен кейін Қазан қаласында жарық көрген. «Еңбек негізінде шағатай тілінде жазылған және араб, парсы тілдері де кеңінен қолданылған. Кітапқа адам өміріне қатысты барлық сала қамтылған. Және бұлардың қандай еңбектерден алынғаны жайлы деректер келтірген. Бұл еңбектегі шешімдері мен әдіс тәсілдері айтылған тақырыптар мен мәселелер қай дәуірде болса да өз құндылығын жоғалтпайды», - деді З.Жұманұлы. Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы құнды туындылар бойынша өз пікірін білдірді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Шымкент