Қазақстан құрамасы қаймықпайды
Осы демалыс күндері Қазақстан құрамасы үлкен теннистен Дэвис кубогы жолындағы кездесулерін өткізеді. Қарсыластарымыз мықты. Дэвис кубогының иегерлері. Былтыр Қазақстан құрамасы да ширек финалға жеткен болатын.
Осы аптадан бастап теннисшілеріміз Овьедо қаласында алғашқы жаттығуларын өткізді. Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Евгений Королев және Юрий Щукин алдына былтырғы жетістіктерімізді қайталасақ деген мақсат қойып отыр.

Бұл жолғы қарсыластарымыз Дэвис кубогының иегерлері болғанымен, команда сапында әлдеқайда мықты саналатын теннисшілер жоқ. Мәселен, әлемнің екінші ракеткасы Рафаэль Надаль Лондон Олимпиадасына байланысты жарыстан бас тартса, Давид Феррер сияқты белді теннисшілер демалуды жөн санапты.
Сонымен, кортқа Испания атынан Николас Альмагро, Марсель Гранольерс, Хуан Карлос Ферреро мен Фернандо Лопес шықпақ. Бірақ осы құрамның өзімен-ақ испандардың біраз жұртты састыратыны анық. Сондықтан корт қожайындары – басты фаворит. Бірақ үмітіміз де жоқ емес. «Жеңіс үшін айқасамыз», дейді теннисшілеріміз де.
Андрей Голубев: «Надальдің болғаны дұрыс еді».
– Өзіңіз білетіндей, Надаль мен Феррер бұл бәсекелерге қатыспайды. Бұл біздер үшін жақсы мүмкіндік пе?
– Үміт әр кезде де болады. Тіпті Надаль мен Феррер ойнаса да. Ал егер олар болғанда, тіпті керемет болар еді. Дегенмен, олар мықты ғой. Испанияның мына құрамасы да қарап қалмайды. Грунтта ойнағасын, олардың шеберлігі бәрібір сезіледі. Бірақ соңғы құраммен ойнау бәрібір оңайырақ деп есептеймін.
– Берлиндегі оқу-жаттығу қалай өтті?
– Бір апта бойы жаттықтық. Керемет өтті. Енді Испанияда тағы да жаттығуға мүмкіндік бар. Матчқа жақсы дайындықпен келеміз деп ойлаймын.
– Бұл кездесуге байланысты қандай да бір болжамыңыз бар ма?
– Ешқандай болжам айта алмаймын. Бәрі ойында белгілі болады. Теннисшілер бұл матчқа қандай дайындықпен, көңіл-күймен келеді, бәрі соған байланысты.
Евгений Королев: «Испандарды жеңуге болады».
– Әр матч біз үшін маңызды. Алдын ала Дэвис кубогына дайындық ретінде Берлинде бас қосып, жаттыққан едік. Бәрі ойдағыдай өткен сияқты. Енді жарыс өтетін кортқа бойымызды үйрету керек. Испания – сөзсіз мықты команда.
Мен өз басым испан теннисшілерімен талай мәрте кездестім. Жеңгенім жеңілгенімнен көп. Олар мықты екен деп қарап қалуға болмайды. Келгеннен соң, бар күшімізді көрсетуіміз керек.
Рауан ОҚАС, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін – Овьедодан (Испания).