Президент • 22 Қараша, 2018

Елбасы елшілермен кездесті

477 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті.

Елбасы елшілермен кездесті

Мемлекет басшысы Қазақ­станда тіркелген халық­ара­лық ұйымдар және шетелдік дипло­матиялық корпус өкілдерімен кездесу барысында елімізде қазіргі кезде азаматтардың әл-ауқатын арт­тыруға және экономикалық да­муды қамтамасыз етуге бағыт­талған ауқымды реформалар іске асырылып жатқанын айтты.

– Биылғы Жолдау бағыттарын жүзеге асыру үшін 4 миллиард доллардан астам қаражат бөлі­нетін болады. Бюджеттік сала­да жұмыс істейтін 1,3 миллион қыз­меткердің жалақысы өседі. Адам капиталын дамытып, құ­қық қорғау жүйесін жаңғыр­ту үшін нақты шараларды іске асыру көзделген. Былтыр Қазақ­стан экономикасының өсімі 4 пайыз­ға жетіп, әлемдік орташа көрсет­кіштен асып түсті, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 300 миллиард долларға жеткенін атап өтті.

– Халқымыздың бақуатты өмір сүріп, 2050 жылға қа­рай озық дамыған 30 елдің қатар­ына қосылуы – тәуелсіз мемлеке­тіміздің негізгі мұраты. Еліміздің сыртқы саясаты осы ізгі мақсатты іске асыруға бағытталған, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясатының іске асырылу барысына тоқталып, осы саладағы бірқатар жетістікті атап көрсетті.

– Жаһандық бастамалардың арқасында мемлекетіміздің ха­лық­аралық аренадағы беделі арта түсті. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі ретін­дегі қызметінің нәтижелері – соның айқын дәлелі. Жыл басында еліміздің Қауіпсіздік Кеңестегі төрағалығы аясында «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» ат­ты тақы­рып­пен арнайы отырыс өт­кіздік. Бұл іс-шара барысында БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі Төрағасының бірегей мәлімдемесі жасалды, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның Еуразия экономикалық одағы аясындағы жобаларды және «Бір белдеу, бір жол» бас­тамасын іске асыруға атсалысуы­ның нәтижелері жөнінде айтты. Сондай-ақ еліміздің инфра­құ­ры­лымдық даму және көлік-транзит әлеуетінің тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды. 

– Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірінші консультативтік кездесуі өткеннен кейін өңіраралық ын­ты­мақтастық едәуір жанданды. Аймақтағы елдердің барлық көшбасшылары қысқа мерзім ішінде өзара сапар алмасып, кездесулер өткізді. Қазіргі таңда мемлекеттеріміз арасындағы екіжақты сауда ісіне қатысты кедер­гілер жойылуда, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастардың дамуы бүкіл әлем қоғамдастығы үшін тиімді әрі ерекше маңызды екенін атап өтті.

Сонымен бірге Елбасы Ақтау қаласында өткен Каспий маңы елдері саммитінің нәтижелеріне тоқ­талып, «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығы жұмы­сының перспективалары жөнін­де айтты.

– Қазақстан әлемнің 184 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатып, 57 елшілігі мен тұрақты өкілдігін ашты. Елімізде шетелдердің 98 елшілігі мен халықаралық ұйымдардың өкілдігі бар. Біз сыртқы саясатта бейбіт әрі көп векторлы бағытты ұстануды жалғастыра береміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қа­зақ­станның Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Америка Құрама Штаттарымен, Орталық Азия және Еу­ро­па Ода­ғы елдерімен қа­рым-қа­ты­нас­тарының дамуына оң баға берді.

Қазақстан Президенті еліміздің Түркиямен, ТМД және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының елдерімен, араб және мұсылман әлемі, Латын Америкасы және Африка мемлекеттерімен екі-жақты байланыстарды нығайту үдерістеріне ерекше тоқталды.
Елбасы дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған сөзінде халықаралық қатынастардағы шиеленістердің шегіне жетуіне байланысты алаңдаушылық білдіретінін айтты.

– Қазіргі әлем «қырғи-қабақ соғыс» заманына қарағанда көп­жақтылығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар жаңа ережелер әлі де анықталған жоқ, соның салдарынан қатерлер мен дағдарыстар көбіне айқын болмай отыр. Осындай жағдайда біз әлемдік ау­қым­дағы қақтығыстардың ушы­ғуына түрткі болатын жаһандық бәсекенің күшейгенін көріп отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы күн тәр­тібіндегі жаһандық және өңірлік мәселелерге де назар аударды.

– Басты державалар ара­сын­дағы қарым-қатынастардың текетірестік сипаты бірте-бірте шиеленісті тарқатуға бағытталған XX ғасырдағы тиімді тетіктердің күйреуіне әкеле жатыр. Бұл Шығыс-Батыс бағыты бойынша қаруланудың белең алуына әкеп соқтыратын әскери әлеуеттің шектен тыс артуына себеп болады, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы ядролық держава­лардың жауапкершілік танытып, қару-жарақтарды таратпау және қарусыздану қағидаттары мен идеяларына адалдығын көрсетуге тиіс екенін айтты.

– Диалог пен сенімді қалпына келтіру кең ауқымды ядролық дағдарысқа итермелейтін түр­лі жағдайлардың туындау қате­рін өршітпеудің берік кепілі бол­мақ. Мен көптеген жыл бойы әлемдік қоғамдастық алдын­да бүкіл адамзат үшін ең негіз­гі мәселе ретінде ядролық қару-жа­рақты таратпау режімін күшейту мә­селесін кө­теріп келемін. Бұған Қазақ­стан­ның жаһандық антиядролық қоз­ғалысқа зор үлес қосқан мемлекет ретінде моральдық тұрғыдан толық құқы бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қару-жа­рақты таратпаудың және қару­сыздану режімдерін нығайтудың жаһандық үдерісіне барлық мем­лекеттердің парламенттері мен қарапайым азаматтары белсенді атсалысуы керек екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті жер бетінде бейбітшілік пен тыныштық орнатуға бағытталған Жаһандық антиядролық қозғалыс құру ха­лық­аралық қоғамдастықтың бас­ты мақсаттарының бірі болуға тиіс екенін айтты.

– Жер шарының түкпір-түк­пі­ріндегі қақтығыс ошақтарын реттеу үшін бірлескен әрі ке­шенді шаралар қабылдау қажет. Осыған орай Минск процесінің негізгі жақтаушыларының бірі ретінде Қазақстан Украина дағ­да­рысына байланысты күрделі жағдайдан шығу үшін Норманд форматындағы келіссөздердің жанданғанын қолдаған болар еді, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Женева және Астана форматтары аясында Сириядағы қақтығыстарды шешу жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйы­мының жанынан Сирия ісі жөніндегі конституциялық комитет құру туралы бастамаға қолдау білдірді.

– Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірі үшін Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандырудың ма­ңызы зор. Біз бұл елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалыпқа келуіне елеулі үлес қосып отырмыз. Ауғанстан қоғамында ішкі диалог орнату жөніндегі жұмыс­тардың барлық форматына қолдау білдіреміз, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы жан-жақты диалогтің дамуы жауапкершілік пен ұжым­дық іс-әрекет қағидатына сәй­кес жүргізілуі тиіс екенін айтты.

– Біз АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропа Одағы арасындағы байланыстарды қалпына келтіру арқылы ғана жер бетіндегі бейбітшілікті қамтамасыз етіп, санкциялар мен сауда текетірестерінің проблемаларын шеше аламыз. Бұл аса маңызды қадам әлемдік жаңа тәртіпті қалыптастырып, елдер мен халықтардың одан әрі бейбіт өмір сүруі үшін қызмет етуі керек. Сіздер өкілдік етіп отырған дипломатиялық корпус барлық мемлекеттер мен халықтардың игілігі үшін ынтымақтастық пен сенімнің жаңа жолдарын ашуға септігін тигізуі тиіс деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу дәстүрге орай жыл соңына қарай өтіп отырғанын айтып, дипломатиялық қызмет­кер­лер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін келе жатқан Рождество және Жаңа жыл мерекелерімен құттықтады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»