Бекет әулиеге қатысты деректердің алды XIX ғасырдың алғашқы он жылдықтарынан бастап орыс зерттеушілерінің жазбаларында кездеседі. Мәселен, 1826 жылы полковник Ф.Бергтің Үстірт экспедициясына қатысқан жаратылыстанушы Э.Эверсман өзінің күнделігінде Бекет атаның 4 мешіт салғанын және оның біреуі Жем бойында орналасқандығын атап өтеді. Сондай-ақ зерттеуші аталған сапарында әулиенің Оғыландыдағы мешітінде болып, оны дәулетті және діншіл Бекет деген адам салды дей келе, оның 12 жыл бұрын қайтыс болғандығын мәлімдейді (Первые русские научные исследования Устюрта: Сборник материалов. Москва. 1963. 145 стр.). Қазіргі уақытта Бекет әулиенің 1813 жылы қайтыс болды деп жүрген мерзімі осы дерекке негізделініп алынса керек.
Бекет ата салған жерасты мешіті туралы толыққанды және құнды мәлімет 1851-1852 жылдары Жем өзені мен Үстірт аралығындағы зерттеу жұмысын жүргізген топограф Алексеевтің жазбасында кездеседі. Топограф Ақмешіт қорымындағы жер асты мешітін төмендегідей суреттейді. «Қорымның өзен жақ беткейінде қасқырдың үңгіріне ұқсас, адам әзер өтетін саңылау бар. Бұл саңылау оңтүстік батысқа қарай жердің түбіне 3 саженнен (1 сажен – 2,1 метр) көп емес қашықтыққа созылып, әрі қарай диаметрі 2 ½ сажен, биіктігі 4 аршынға (1аршын – 0,7 метр) дейін баратын дөңгелек пішінді (бірінші) бөлмеге апарады. Бөлменің төбесі тегіс күмбезделген, ортасында күннің көзі түсетіндей жіңішке саңылау қалдырылған. Бөлменің кірер жеріне дейінгі екі жағында көмілген шұңқыр орындары бар. Қырғыздардың (қазақтардың) айтуынша ол тұщы су өнген құдық. Осы бөлменің оң жағында кішкентай бөлме орналасқан, оны бірінші бөлмемен есік бөліп тұр. Есікке үшкір ұшы төмен қарай қаратылған темір асатаяқ қойылған. Бірінші бөлменің оңтүстік батыс қабырғасында келесі бір есік қашап салынған, ол дөңгелек пішінді келесі бөлмеге апарады. Бұл бөлменің өлшемі алдыңғысына қарағанда үлкенірек, күмбезі жоғары қаратылып, төрт қырлы бағанамен тіреліп, ортасы ойылған. Бөлменің қабырғалары тегіс дөңгелек емес, ол 6 симметриялық қуыстардан тұрады. Оның ішінде есікке қарсы тұрғаны жалпағырақ және тереңірек болғандықтан татар мешітіне ұқсайды. Бөлмеде еден жоқ, қабырғалары тегіс емес болғанымен де, дұрыс жасалған. Үңгіп салынған мешіттің жері мықты бордан тұрады. Мешіттің бетінде, яғни үстінде бордан екі немесе үш төмпешік үйілген, ол қайтыс болған қырғыздардың (қазақтардың) қабірі секілді. Үйіндіге бірнеше ағаш сырықтар қадалып, оған киімнен жыртылып алынған шүберектер мен жылқының қылы байланып, сүйектер үйілген». Топограф бұл әрекеттің барлығын көшпелілердің киелі орынды құрметтеу бағытында жасаған діни қадамы деп түсіндіреді.
Алексеев бұл жерасты (ол үңгір деп жазған еді – М.К.) мешітін «50 жыл бұрын Адай руының Мұғал бөлімінің қырғызы Бекет Байтеле Үстірттен Ембі (Жем) өзенінің бойын жаз жайлау барысында салған» деп көрсетеді. Демек ол, мешіттің ХІХ ғасырдың басында пайда болғандығын меңзейді. Ал халық аузындағы аңыз-әңгіме жер асты мешіттің XVIII ғасырдың 70-жылдары салынғандығын айтады. Соңғысы қазіргі кезеңдегі көпшілік әдебиеттерден көрініс тауып жүр. Дегенмен де, Алексеев аталған мәліметті өз ойынан емес, Жем бойында көшіп-қонып жүрген, жергілікті жердің мән-жайын, аңыз-әңгімесін жақсы білген сол кезеңдегі құймақұлақ аталарымыздан алғанын ескерсек, бұл деректің құндылығы аңызға қарағанда әлдеқайда салмақтырақ болады деп есептейміз.
Алексеевтің жазбасын әрі қарай тарқатсақ, Бекет өзінің бос уақытын ер балалардың татарша сауатын ашуға және имандылыққа тәрбиелеуге арнап, қалған мезгілін мешітте намаз оқуға жұмсаған. Сонымен қатар Бекет кей жылдары Ақмешітте бір күнге жетер тамағымен қыстауға да қалған. Дегенмен, Үстірттен келген ағайындары оны келесі жылы аман-есен және жүдеп-жадамаған кейіпімен көргенде таңданыстарын білдірген. Топограф жазбасының соңында Бекет атаның өміріне қатысты көп аңыз-әңгімелерге орай Ордадағылардың барлығы оны әулие санайды деп тұжырымдап және ол 40 жыл бұрын (1811-1812 жж.) Үстірт пен Маңғышлақты жалғастыратын Оғыланды деген жерде жерленген деп қорытындылайды (Первые русские научные исследования Устюрта: Сборник материалов. Москва. 1963. 281-283 стр.).
Орыс дереккөздеріне қатысты ескерер бір жайт, Бекет ата туралы қалам тербегендердің барлығы ол салған жерасты мешіті туралы мәлімет қалдырғандар қатарында А.Дюгамельдің есімін атайды. Нақтырақ айтқанда, «Русский архив» журналының 1885 жылғы №2 санында (184-187 бб.) оның өмірбаянына қатысты жарияланған мақалада Бекет ата мен жерасты мешіті туралы мәлімет жазылған деп сілтеме жасайды. Ал шын мәнінде аталған журналды парақтасақ, онда Бекет ата мен Ақмешіт туралы бірде-бір сөз жоқ (Автобиография Александра Осиповича Дюгамеля//Русский архив. 1885. №2, стр.179-217). Өкінішке қарай бұл жаңсақ пікірді кім қалыптастырғаны белгісіз, дегенмен мақалада не жазылғанын көрмей тұрып, оған сілтеме жасаушылар көп. Осыған орай, ХІХ ғасырдағы Бекет атаның жерасты мешіті туралы толыққанды сипаттап жазылған бірден-бір дерек топограф Алексеевтің жазбасы екендігін баса айтқан жөн.
Алексеев мешітті сипаттаумен қатар, суреттерін де салды. Мәселен, оның мешіттің ішкі көрінісін (бірінші бөлмесін) салған суреті алғаш рет 1963 жылы шыққан «Первые русские научные исследования Устюрта» атты деректер жинағында жарияланды. Алайда топографтың Ақмешітке қатысты сызбасы тек қана бір суретпен шектелмейді екен. 2014 жылы осы мақала авторының жетекшілігімен Ресейдің Мәскеу қаласына ұйымдастырылған археографиялық экспедиция барысында Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінің қорындағы Алексеевтің Ақмешітке қатысты жазбаларының арасынан бұрын-соңды жарияланбаған жерасты мешітінің қолмен салынған қосымша 2 суреті табылып, көшірмесі алынды. Оның алғашқысы мешіттің сыртқы көрінісі болса, келесісі жерасты мешітінің екінші бөлмесінің суреті. Бұл суреттердің сипаты жоғарыда көрсетілген Алексеевтің жазбасында толықтай берілген, сол себепті қайталап жазуды жөн көрмедім.
Келесі бір айта кетер жайт, Алексеевтің зерттеуінің нәтижесінде Ақмешіт қорымының нақты орналасқан жері ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап топографиялық карталарға енді. Мысалы, 1854 жылғы жарық көрген «Генеральная карта Оренбургского края и частей Хивинского и Бухарского владений» картасында қорымның атауы м.Акъ Мечеть (Пекетъ супу) деп белгіленсе, қазіргі Құлшан ата жерасты мешіті м.Акъ Мечеть (Кулъджанъ) ретінде берілді. Бұл жерде екі мешіттің атауы «ақ» сөзінен басталуы, олардың ақбор тауда (қырда) орналасқандығын ерекшелеп көрсетеді.
Енді ең соңғы мәселе, аталған жер- асты мешіті бүгінде сақталған ба деген сұраққа келсек. Бекет ата мұрасын жинақтаушы және Ақмешіттің бүгінгі имамы Ислам Мырзабекұлы өзінің еңбегінде халық ауызындағы және жеке адамдар жазған аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, мешіт 1937 жылы жарылғыш заттар арқылы құлатылып, оның тасын жергілікті халық үй салуға пайдаланған болуы керек деген пікірге тоқталады. (Бекет ата (имандылық-тағылым кітабы). Ақтөбе. 2008. 61-63 б.). Дегенмен, Алексеевтің жоғарыда көрсетілген сипаттамасы мен салған суретіне және қорымның қазіргі аумағына қарай отырып, мешіт туралы келесідей ой қорытуға болады.
Біріншіден, мешітті салуда ешқандай кесек тас пайдаланылмаған, себебі, ол бор тауға үңгіп салынған. Осыған орай, мешіттің сырт келбеті қазіргі жаңа мешіттей таспен қаланған емес, тек табиғи төмпешік ретінде болған. Осыған орай, оның тасын тасып алып кету деген қисынға келмейді.
Екіншіден, мешіт Бекет ата өмірден өткеннен кейін пайдаланусыз қалған. Себебі 1852 жылы Алексеевтің өзі мешіттің кіреберісін, адам әзер сиятын «қасқырдың ініндей» деп сипаттауы, оның көп уақыттан бері қараусыз қалып, ауа райының әсерінен кірер есігінің тарылып қалғандығын аңғартады. Егер ол жерде қазіргі кезеңдегідей басында шырақшы отырған болса, бұл көрініс Алексеевтің сипаттауынан тыс қалмас еді. Себебі оның жазбасында мешіттің өзі барынша жан-жақты сипатталып жазылған болатын. Осыған орай, мешіттің Қазан төңкерісіне дейін сақталып келгендігі күмән келтіреді. Өйткені Алексеевтің жазуынша Бекеттің ағайындары мен ұрпақтары оның басына дұға ету үшін жыл сайын Ақмешітке емес, Оғыландыға жиналған (Первые русские научные исследования Устюрта: Сборник материалов. Москва. 1963. 283 стр.).
Үшіншіден, жерасты мешіті қиратылмаған, ол қараусыз қалғандықтан табиғи жағдайлардың әсерінен үйінді болып елеусіз қалған. Сонымен қатар ХІХ ғасырдың орта кезінен бастап оның айналасы мен үстіне адамдар жерленіп, зиратқа айналған. Бұл жөнінде Алексеевтің өзі жоғарыда жазған болатын.
Сондай-ақ Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның қорында жергілікті өлкетанушы В.К.Афанасьев бастаған Пионерлер үйінің жас археологтарының 1977 жылы Жылыой өңіріне ұйымдастырған экспедициясының есебі сақталған (Экспедиция на Эмбу, март 1977 г.). Экспедицияға қатысушылар аталған сапарда Ақмешіт қорымына барып, оны фотосуретке түсіреді. Оның ішінде бір суретте В.К.Афанасьев айналасына кесек тастар қойылып, мата байланған ағаш сырықтың қасында тұр. Өлкетанушы суреттің астында «бұл жерде молда құран оқиды» деп жазған. Егер фотосуретке қарасақ, ол ертеректе салынған зиратқа ұқсайды және жай ғана емес, әулиелі және киелі қабір болған секілді және де ол жер жаңадан бой көтерген мешіттің маңында орналасқан.
Соңғы бір ескерер жайт, қазіргі кезеңде жаңадан тұрғызылған мешіттің оңтүстік батыс беткейінде үстінде ойығы бар борлы төмпешік бар. Өткен жылдың күзінде Ақмешітке іс-сапарға барып, ойықты көргенімде оның тереңдігі екі метрдей болатынын аңғардым. Бұл жерді Алексеевтің жоғарыда жазылған мәліметімен салыстырсақ, төмпешік орналасқан аумақ мешіттің бөлмесі салынған орынға келеді. Себебі топограф мешіттің кіреберісі Жем өзені жағынан басталып, одан әрі оңтүстік батысқа қарай жалғасатындығын көрсеткен болатын. Сол себепті, жаңа мешіт ғимараты жерасты мешітінің дәл үстіне емес, оның Жем өзені беткейіндегі етегіне салынған және оның жұрнағы бүгінге дейін сақталған деп топшылаймыз.
Мұхамбетқали КИПИЕВ,
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы