Бес ел үміткер
Жақында 2020 жылы өтетін Жазғы олимпия ойындарына үміткер қалалар анықталды. Қазір Азия мен Еуропаның Токио, Мадрид, Баку, Ыстамбұл және Доха қалалары 2020 жылғы Олимпиада астанасы атануға үміттеніп отыр. Бұл мәртебелі атақты қай қаланың иеленетіні келесі жылы белгілі болады.
Бұған дейін Рим қаласы да Олимпия ойындарын өткізуге құлшыныс танытқан еді. Алайда, соңғы айналымға келгенде Рим өзінің өтінішін қайтарып алды. Оның себебін Италияның премьер-министрі Марио Монти ел экономикасының Олимпиадаға жұмсалатын шығынды көтере алмайтындығымен түсіндірді. Оның айтуынша, елдің қаражаты әлемнің басты бәсекелерін өткізуге жеткіліксіз.
Жақында 2020 жылы өтетін Жазғы олимпия ойындарына үміткер қалалар анықталды. Қазір Азия мен Еуропаның Токио, Мадрид, Баку, Ыстамбұл және Доха қалалары 2020 жылғы Олимпиада астанасы атануға үміттеніп отыр. Бұл мәртебелі атақты қай қаланың иеленетіні келесі жылы белгілі болады.
Бұған дейін Рим қаласы да Олимпия ойындарын өткізуге құлшыныс танытқан еді. Алайда, соңғы айналымға келгенде Рим өзінің өтінішін қайтарып алды. Оның себебін Италияның премьер-министрі Марио Монти ел экономикасының Олимпиадаға жұмсалатын шығынды көтере алмайтындығымен түсіндірді. Оның айтуынша, елдің қаражаты әлемнің басты бәсекелерін өткізуге жеткіліксіз. Спорт ареналары да қайта жөндеуді қажетсінеді. Италия премьер-министрі елдегі Олимпиада комитетінің басшысы Джованни Петручи және қала әкімі Рима Джанни Алиманомен кеңесіп, Олимпиададан үміткер болудан бас тарту жөнінде осындай шешімге келгендерін айтты.
Мұның алдында Италияның Тренто қаласы да 2017 жылғы Қысқы универсиадаға үміткер болудан өтінішін қайтарып алған болатын. Сол кезде үміткерліктен бас тартқан Трентоның орнына Алматы қаласының Универсиада астанасы болып жарияланғаны белгілі.
Ал Жазғы олимпиадаға келсек, біздің пікірімізше, үміткер қалалардың ішінде Бакуден басқасының бәрінің Олимпиаданы қабылдауға мүмкіндігі зор. Өйткені, Олимпиада 2012 жылы Еуропаның Лондон және 2016 жылы Оңтүстік Американың Рио де Жанейро қаласында өткізілген соң, Азия құрлығына бірден бет бұруы мүмкін. Мәселен, Жапония 2002 жылы Оңтүстік Кореямен бірігіп, футболдан әлем чемпионатын өткізердің алдында спорт ареналарының бәрін қайта жаңартып, салатындарын салып, тұрғызатындарын тұрғызып алды. Бұл елде инфрақұрылым да өте жоғары деңгейде дамыған. Оның үстіне Күншығыс елінің Олимпиаданы өткізуден тәжірибесі бар. Токиода төрт жылдықтың байрақты бәсекесі алғаш рет 1964 жылы өткізілген болатын. Сол ХVII Жазғы Олимпиадаға қазақтан шыққан желаяқтар Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосановтың барғанын білеміз. Алайда Әмин ағамыз сол жолы КСРО құрамасы бас бапкерінің қателігінен жарысқа қатыса алмады. Негізі, сол жолғы Олимпиада Токиода одан ертерек, яғни 1940 жылы өткізілуге тиіс еді. Алайда, Екінші дүниежүзілік соғыс XII Жазғы Олимпиаданы өткізуге кедергісін жасады.
Түркияның Ыстамбұл қаласының да Олимпиаданы өткізуге қауқары жетеді. Бұл ел әлі Олимпия ойындарын өткізіп көрмесе де төрт жылдықтың басты бәсекесін лайықты деңгейде қабылдай алатыны анық. Оның бірнеше себебі бар. Алдымен, Түркияда спорт өте жоғары деңгейде дамыған. Бұл елде спорт Ислам дінінен кейінгі екінші «дінге» айналған. Түркияда спорттың бұқаралық сипатқа ие болғаны сонша, онымен адамдар бала кезінен бастап оқу, білім алумен қатар айналысады. Яғни, Олимпиада әлемдегі төрт теңіз тоғысқан қалада өткізіліп жатса, халық оны өздерінің ыстық ықыластарымен көтеріп алады деген сөз. Бұған біз 2005 жылы Орталық Азия елдерінің бір топ БАҚ өкілдерімен Ыстамбұл қаласына барғанымызда көз жеткізген едік. Қалада «Галатасарай» мен «Бешикташ» футбол клубтарының стадиондарынан басқа бірнеше алып спорт ареналары бар. Бұл жерлердің бәрінде спорттың бірнеше түрлерінен бір мезетте жарыстар өткізуге болады. Ал қаланы құшағымен қысып тұрған төрт теңіз спорт жарыстарын өткізуге ең қолайлы жер болып есептеледі.
Ыстамбұл – бұған дейін төрт Олимпиаданы қабылдауға үміткер болған қала. Енді бұл оның бесінші қадамы болып отыр. Егер Анадолы елінің сәулеті мен дәулеті дамыған қаласы 2020 жылы Жазғы Олимпия ойындарын өткізетін қала болып танылса, бұл біздің Астана мен Алматы сияқты түркітілдес елдер арасында кешенді жарыстарды қабылдауды өзінің мойнына алған қала ретінде саналатын болады.
Қазір Азия құрлығындағы алақандай Катар да Олмпиаданы өткізуге басты үміткер ел болып саналады. Оның астанасында 2010 жылы Жазғы Азия ойындары өткізілген болатын. Сол кезде Жазғы Азиаданың ашылу салтанатына қатысқан әріптестеріміз тарихта жарыстардың ішінде ең ғажап, ең әдемі ашылу салтанатына куә болғандарын айтқан еді. «Мұндай ашылу салтанатын біз өмірімізде көрген емеспіз. Ойындардың ашылу рәсімі ғажап, керемет болды!», деген еді олар.
Тағы бір айтатын нәрсе, 2022 жылы футболдан әлем чемпионаты да осы Катар елінде өтеді. Бұл елдің екі қоянды бір оқпен атуға талпынып жатқаны да сондықтан болар. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, қазір Катар ханзадалары адам ойына келмейтін спорт кешендерін салуда. Дайындық қазірден басталды дегеніміз осы.
Ал Әзербайжанның Баку қаласы болса, оған жоғарыда аталған қалалармен салыстырғанда Олимпиаданы өткізуге әлі ерте деп ойлаймыз. Бұған біздің былтыр Бакуде бокстан ересектер арасында өткен әлем чемпионатында көзіміз жеткен болатын. Рас, қазір Бакуде бұрынғы Тофик Бахрамов атындағы орталық стадион бұзылып, оның орнына жаңадан спорт аренасы салынуда. Бірақ соған қарамастан, оның төрт жылда бір келетін дүбірлі доданы лайықты деңгейде өткізе аламыз дегеніне сене алмаймыз. Дегенмен, мұнайдан түсетін табыстар 2020 жылғы Олимпиаданың астанасын анықтағанда, Бакуге әжептәуір ықпал жасауы әбден мүмкін. Өйткені, Халықаралық Олимпиада комитеті үшін 2011 жылы Қысқы Азия ойындары өткен Астана мен Алматы, 2014 жылы Қысқы олимпиаданы қабылдайтын Ресейдің Сочи қаласы мен 2017 жылы Қысқы универсиада өтетін Алматы қаласы сияқты Әзербайжанның Баку қаласы үлкен спорттық жарыстардың алаңы болып саналады.
Дастан КЕНЖАЛИН.