Аймақтар • 22 Қараша, 2018

Қызылордада жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады

442 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы арасында іске асырылудағы 51 жобаның ішінде «Қуаттылығы жылына 197,1 мың тонна табақша шыны шығару зауыты» және «Қуаттылығы жылына 1 миллион тонна тампонажды цемент зауыты» жобаларының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қызылордада жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады

- Аталған жобалар заманауи технологияларды енгізіп, импорт алмастыратын экспортқа бағытталған жаңа өндірістер болып табылады. Екі зауыттың құны 100 миллиард теңге құрайтын болса, бүгінгі күнде 60 миллиард теңгеден аса сыртқы инвестициясы игерілді. Нәтижесінде облыс сыртқы инвестиция көлемінің өсу динамикасы бойынша республикада алғашқы 3 аймақ қатарында тұр. Одан бөлек зауыттар іске асқанда жаңа жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері артатын болады, - деді индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.

Екі зауытқа алғашқыда қытайдан мамандар шақырылғанымен олардың орнын жергілікті кадрлар басатын болады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы