Таным • 23 Қараша, 2018

Шынайы сезім, парасатты пайым

1065 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кешегі қазақтың сал-серілер сауық құрған, Сәкен, Мағжандар шығармаларына арқау еткен, табиғаты сұлу Көкше жерінде дүниеге келіп, жастайынан өнерге деген құштарлығымен көзге түскен Марфуғадан туған елінің де күткен үміті мол болатын. Әрине, күткен үміт ақталды. Жастайынан сахнаның гүлі болған Марфуға ән де салды, түрлі аспаптарда ойнады, есейе келе өлең жазды, ақын болды, сазгер атанды. Бүгінде Марфуғаның шығармаларын іздеп жүріп оқитын оқырмандары, әнін орындайтын әншілері бар. 

Шынайы сезім, парасатты пайым

Марфуға Төлеуханқызының аударма сала­сындағы еңбегі бір төбе. Орыстың атақты ақыны Анна Ахматованың өлеңдер жинағы «Жыр-жауһар» сериясымен «Аударма» баспасынан жарық көрді. Оның редакторлық етуімен Марина Цветаева, Сергей Есенин сияқты орыс ақындарының шотланд ақыны Роберт Бернс, ағылшын ақыны Биши Шелли, жапон ақыны Исикава Такубоку, француз ақыны Пьер-Жан Беранже секілді тұлғалардың кітаптары баспадан шықты. 

Кезінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбек: «...Марфуғаны да ақын ретінде бейтарап қалдырмайтын сол үштаған – адам, қоғам, табиғат болмысы. Бір-бірімен ұлы тұтастықта болатын осы үштаған құбылыстан ақын Марфуға бәрін-бәрін таба алған, тани да алған. Ол асыл арманды да, дүние жалғанды да осы үштаған құбылыстан жазбай танып, жаңыл­май тауып, жалтақсыз жазып келе жатқан дегдар ақын» − деп бағаласа, ғалым, тарихшы, Мем­лекет­тік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғара: «Мар­фуға – зерделі ақын, ойлы ақын. Ақынға негіз­дел­ген сезім – бәрінен де бай сезім екен. Жалаң сезім емес, жайдақ сезім емес, аз сөзбен көп мағына бере алады. Оның «Ертегім – сенсің» деген шағын өлеңінде бүкіл қазақ елінің тарихы бар секілді көрінді» − деуі ақынға берілген әділ баға. 

Елін, туған жерін, тілін шексіз сүйетін, кеуде­сінде намысы бар, ер-азаматқа тән мінездерімен де ерекшеленетін Марфуға ақынның «Сенің нұрың» атты өлеңінде: 

Төбемнен құйса да әкеп  алтындарын, 
Ұмытуға хақым жоқ халқым барын. 
Біреу білсе, білмейді біреу оны, 
Шыбын жаным сол үшін шарқ ұрғанын – деп, әр қазақтың бойынан табылуға тиісті қайраттылық пен қайсарлықты іздесе, «Алтындай елім, өр елім», «Қазақ болу оңай ма?», «Таң қаламын қазақ деген халқыма», «Кең жүректі халықпыз» деген өлеңдерінде ақынның туған жеріне деген махаббаты аңғарылады. 

М.Бектемірова шығармаларының шоқтығы биік тұсы оның тіл тағдырына байланысты жазылған өлеңдері. 

Шектік азап, тұнықтарды шайқап-ап, 
Бүгін кедей, тілге жүйрік бай қазақ. 
Азат елім, оян енді ұйқыңнан, 
Өз тіліңде сөйле енді бар қазақ! – деп жырлауы оның халық тағдырына бейжай қарай алмауынан деп түсінсек, ал оның «Мұң» атты өлеңінде: 

Өз тілінен өз ұлы безінгенін, 
Көрген кезде селк еткен сезімдерім. 
Көре тұра осындай масқараны, 
Қалай мұңлы болмасын көзім менің, − деп өз ана тілінде сөйлегісі келмейтіндерге, менсінбейтіндерге, ана тілін қорлағандарға налиды. 

Табиғаттың әрбір сәтін көңіл күймен үйлесті­руде шеберлік танытқан ақынның «Келемін аралап Көкшені» атты мына бір өлеңіне (бұған Марфуға өзі ән шығарған) көңіл аударайық. 

О, Көкше, туған жер, мекенім, 
Білмеймін, қандай дерт екенін? 
Сағынсам, көзіме жас келіп, 
Көрінсең елжіреп кетемін. 

Ақын Марфуғаның сұлу Көкшені жырлауы бір бөлек, Көкшетау жерінде өмірге келіп, барлық балалық шағы сонда өткен ақын Көкшенің тау-тасын, көлі мен бұлағын, ұңғыл-шұңғылын жетік білгендіктен бәрін керемет суреттеген. «Сағынып жеткенімде Бурабайға», «Бурабай түні», «Ер Көкшенің жүрегі», «Айнакөл», «Көкшетауым», «Туған қалам − Шортанды», «Ұрымқай», т.б. өлеңдерінде жанды Көкшенің картинасын көз алдыңызға әкеледі, сөйлетеді. Олармен сырласады, сол табиғатқа жан-тәнімен сіңіп кетеді. 

Марфуға қаламгерлігінің тағы бір арналы саласы – әйел, ана тақырыбына жазылған өлеңдері. Ана қуанышы, әйел бақыты – үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Қазақ әйелі – әуелі от анасы: сосын ұрпағын ұлы іске баулитын ұстаздық тағ­лымы бар жан. Ақынның «Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім» атты өлеңінде: 

Бөбегімді әлдилеп бесігіне бөледім, 
Ақ қағазға төгілер түнде жазған өлеңім. 
«Өмір» атты өзенмен жүзіп келе жатырмын, 

Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім, − деп жырлауы ананың балаға деген махаббаты, отбасының сәнін дәріптеуі болса, келесі бір «Сәбиімнің дауысы» атты өлеңінде: 

Құпияма құлақ сал, тыңда адам, 
Қиын болды шығу да шыңға маған. 
Қызық қуып кетер ем, қия алмадым, 
Сәбиімнің дауысын іңгәлаған, − дейді. Яғни, ақын өлеңдері өзінің өмір жолымен қап­талдаса өрілген көркем шығармашылық өмір­баян десе де болады. Жүрек тербетер нәзік сыр­шылдықпен өрілген сазды шумақтар шынайы сезімнен туындаған. Перзентінің әрбір қадамына мейіріммен, сақтықпен қараған ананың кейпін көрсетеді. 

Ақын өлеңдеріндегі келесі бір тақырып – тәуелсіздікті жырлау. Бүкіл қазақ елінің тарихы айтылатын «Тәуелсіздік − тірегім» атты тарихи-публицистикалық поэмасында: 

Тәуелсіздік дегенің 
Жаңа ғасыр басы ғой 
Ағыл-тегіл жылаған, 
Желтоқсанның жасы ғой. 
Желбіреген ту емес, 
Қыздарыңның шашы ғой 
Елтаңбасы дегенің, 
Бостандықтың басы ғой, − деп, кешегі Желтоқсан көтерілісінен соң жүрегі шерлі халықтың жайын жырлайды. Болған оқи­­­ғаны тілге тиек ете отырып, заманның шынайы бет-бейнесін көрсетеді. 

Марфуға Төлеуханқызының артында мол мұра қалды. Оның көптеген өлеңдері «Тың тынысы», «Қарлығаш», «Көңіл әуендері», «Арман қанатында», «Жыр тәуірі» жинақтарына енсе, енді бір топ өлеңдері Мәскеудегі «Молодая гвардия» журналында жарық көрген. Сонымен қатар ол «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің қайдасың?», «Озеро души», «Тобылғы түн» кітаптарының авторы. «Единная Россия» партиясы мен Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының қолдауымен Мәскеу қаласында «Белый парус мечты» атты кітабы жаппай таралымы 10 мың данамен шыққан. 

Марфуға Бектемірова поэзиясы – мазмұны мен тілі келіскен, қазіргі қазақ поэзиясының талабына сай жазылған дүниелер. Өлеңдерінде өзгеге көп ұқсай бермейтін тың қолтаңба, жаңа көркемдік шешім, дәстүрлі әдеби тәсілдер мен әлемдік озық үлгілерден саралап үйрену нышандары байқалады. Сонымен қатар өлеңдерінің нәзіктілігімен қатар, керемет қайсарлығы мен патриоттығын да көруге болды. Өзінің су­реткерлік шеберлігін көрсете алған ақынның төрттаған-рубайлары, арнау өлеңдері, поэмалары әлі де тереңдеп арнайы зерттеуді қажет етеді.
 
Сәуле ТАПАНОВА, 

Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы