Мұндайда қазақ «ақсарбас!» дейді. Біз де сөйттік. «Мұзбалақтан» кейін-ақ сапалы түсірілген отандық анимацияға жақсы мағынасында дәнігіп алған көңіл «Күлтегіннің» көрсетілімінен де үлкен үміт күткен. Сенім алдамапты. Басты олжа – осы.
Күллі түркі әлеміне ортақ даңқты қолбасшы – Күлтегіннің ерлігі жайлы баяндалатын көркем туынды премьерасының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының жарыққа шығуымен тұспа-тұс келуінің өзі де – отандық кинематографиямыздағы ұлттық идеология мәселелерінің оң бағытта жүргізіліп келе жатқандығының айқын айғағы болса керек.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жас режиссер-аниматор Адай Әбілданың қолынан шыққан аталмыш тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы дала дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жастық шағы мен қаһармандық ерлігінен сыр шертеді. Фильм өзінің сюжет шытырмандығы, оқиға динамикасы һәм сценарий сонылығымен ерекшеленеді.
– «Күлтегін» фильмі шығармашылық ұжым үшін үлкен тәжірибе болды. Түсіре жүріп үйрендік, білдік, дамыдық. Аталмыш туындыны жарыққа шығаруға еліміздің жиырмадан аса үздік компьютерлік графика және анимация мамандары атсалысты. Фильм небәрі бір жылдың ішінде түсіріліп, өңделіп, енді міне, көрерменімен қауышып отыр. Бұл – халықаралық стандарттар бойынша өте аз уақыт. Алайда бар күшіміз бен жанымызды салып жасап шығарған туындымыз кішкентай көрермендерімізбен қатар, барша өнерсүйер қауымның да көңілінен шығады деп сенеміз, – деді фильм режиссері Адай Әбілда.
Бұған дейін шығармашылық қарымын «Қоңырау» (2009 ж.), «Мико» (2009 ж.), «Аңшы» (2010 ж.), «Көкбалақ» (2011 ж.), «Жерұйық» (2013 ж.), «Кілем үстіндегі қала» (2014 ж.) сынды бірнеше қысқаметрлі фильмде сынап көргенімен, «Күлтегін» – режиссер Адай Әбілданың толықметрлі анимациялық фильмдегі дебюті. Алғашқы тәжірибенің әрине жауапкершілігі де жоғары болады. Соны сезінгендіктен де болар, күн демей, күн демей ізденген режиссер еңбегі өз жемісін беріп, қазақ кинематографиясының қоржыны және бір мағыналы да мазмұнды тың туындымен толығып отыр. Аталмыш фильм 22 қарашадан бастап жалпыхалықтық прокатқа шықты.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»