Күрес • 23 Қараша, 2018

Осакадағы турнир дзюдошыларымыз үшін сәтсіз басталды

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Жапонияның Осака қаласында жалауы желбіреген Grand Slam турнирі Қазақстанның дзюдошылары үшін сәтсіз басталды. Жарыс жолына шыққан төрт балуанымыздың ешқайсы жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ.

Осакадағы турнир дзюдошыларымыз үшін сәтсіз басталды

60 кило салмақта Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев белдесті. Бірінші айналымда бос болған Ғұсман келесі кездесуде ресейлік Яго Абуладзеден айласын асыра алған жоқ. Бастапқы бәсекелерде непалдық Мохан Бам мен моңғолиялық Магсара Тогтохбаярға тізе бүктірген Елдостың да жолын жоғарыда есімі аталған Ресей балуаны бөгеді. Жұбаныш бәсекесінде қандасымыз Жапонияның жұлдызы Тору Шишимеден жеңілді.

Аса жеңіл салмақта жапониялық Рики Нагаямаға тең келер ешкім табылмады. Финалда ол ресейлік Яго Абуладзеден айласын асырды. Күн Шығыс елінің тағы бір өкілі Юма Ошима мен Оңтүстік Кореяның оғланы Ким Вон Джин қола медальді иеленді.     

66 кило салмақ дәрежесінде де дәл сондай жағдай орын алды. Алғашқы бәсекесінде Елдос Жұмаханов моңғолиялық Басхуу Йондерперленейден ұтылып, көрермендер қатарына қосылды. Ерлан Серікжанов тайпейлік Чен-Тин Хуанг пен германиялық Мануэль Шейбельді шаң қаптырғанымен, Моңғолия балуанына оның да әлі жетпеді. Жұбаныш бәсекесінде қазақ дзюдошысы ресейлік Арам Григорянан ұтылды. 

Бұл салмақтың бас жүлдесін Жапонияның қос жұлдызы – Хифуми Абе мен Яхиро Маруяма өзара бәсекеде сарапақа салады.

Ертең ерлер арасында тағы екі салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынады.  73 кило салмақтағы. Бекәділ Шәймерденов Біріккен Арабтар әмірлігінің өкілі Виктор Скорцовпен сайысқа түссе, Жансай Смағұлов ресейлік Саян Ондар мен португалиялық Нуну Сарайваның бірімен күш сынасады. 81 кило салмақтағы Дидар Хамза алғашқы айналымда бос. Келесі кезеңде қандасымыз италиялық Маттео Маркончини мен черногориялық Срджан Мрвалевич арасындағы тарыста бағы жанған балуанмен иық тіреседі. Ал әйелдер арасындағы сайыста 57 кило салмақтағы Севара Нышанбаева бельгиялық Мина Либеермен күш сынасады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»