Алқалы жиынға ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жүрінов, қоғам қайраткері, академик Ғарифолла Есім, жазушы, публицист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл, Бұқар жыраудың ұрпағы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қабдулсамих Айтқожин, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры Аманжол Әлтаев, сондай-ақ Түркия, Үндістан, Ресей және Қазақстанның басқа да ғалымдары қатысты.
Конференция жұмысын ашып, жүргізген Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов биыл Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығы аясында өткізілген шаралар туралы айтып берді.
Конференцияға қатысушы ғалымдар «Көмекей әулиенің» өміртарихына, соңына қалдырған мұрасына арналған тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасады.
Бұқар жыраудың ұрпағы Қабдұлсамих Айтқожин «Көмекей әулие» шығармашылығы қазақ халқының энциклопедиясы іспетті деген пікір айтты.
– Ол ұрпақтар арасындағы байланыс рөлін атқарады. Бұл тұрғыда Бұқар жырау мұрасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру ісімен және Президентіміздің ұлттық тарихымыздың жеті қыры туралы мақаласының мазмұнымен жарасымды үйлесім тауып отыр, – деп атап өтті Бұқар жыраудың жетінші ұрпағы, жиеншары болып келетін Қабдұлсамих Айтқожин.
Конференция жұмысын қорытындылай келе, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов бірқатар ұсыныстар айтты.
– Біріншіден, біз Бұқар жыраумен байланысты тарихи сәттер мен оның өмірі туралы ғана айтумен шектелмеуіміз қажет. Оның тұлғасына жаңа көзбен, жаңа идеялармен қарайтын уақыт жетті. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында біздің ғұлама қайраткерлеріміздің өмірі туралы барлық деректерді жинау қажеттілігі туралы айтылған. Осыған орай Президент «Мұрағат-2025» жеті жылдық бағдарламасын құруды тапсырды. Мүмкін Бұқар жырау туралы тарихи айғақтар ұшан-теңіз шығар және ол құжаттарды Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қытай және Үндістанның мұрағаттарынан табуға болатын шығар. Екіншіден, Бұқар жырау түгелдей қазақ халқы, тарихымыз үшін айрықша тұлға болып табылады. Сондықтан, келешекте Бұқар жырау институты пайда болуы мүмкін деп ойлаймын. Ғұлама ойшылдың мұрасын зерттей келе жас ұрпақ өз халқының тарихын зерттей алатын болады. Сананы, тарихты және руханиятты жаңғырту осыдан басталады. Сенімді болашақ өз тарихын, ұлы қайраткерлерін білетін және оларды жас ұрпаққа үлгі ететін мемлекет қана қол жеткізе алады, – деді Ерлан Қошанов.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды