Білім • 25 Қараша, 2018

Ақтауда балалармен жұмыс жасайтын орталық ашылды

624 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау үшін Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тікелей қолдауымен Маңғыстау облысында ашылған орталық өңірде жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына тегін қызмет түрлері көрсетліп жатыр.

Ақтауда балалармен жұмыс жасайтын орталық ашылды

Істе нәтижелілікке қол жеткізу үшін құзырлы мемлекеттік органдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға, шарттар мен келісімдерге қол қойылған. Орталық жұмысын бастағалы Ақтау, Жаңаөзен қалаларының педагог-психологтарына әлеуметтік психологиялық көмекті қажет ететін жасөспірімдермен жұмыс жасау әдіс-тәсілдері туралы тренингтер өткізіліп, жасөспірімдермен коммуникативті дағдыны қалыптастыруды жақсарту мақсатында мектептердің тәрбие жөніндегі орынбасарлармен тренингтер ұйымдастырылды. Балалармен өткізілген тренингтердегі әр түрлі ойындарда стресске төзімділікті арттыруға көп мән беріледі, атап айтқанда орталықта заңмен байланысқан яғни, істі болған жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына қажетті кеңестер беріліп, тренингтер өткізіледі.

Орталық аясында қызмет жүргізетін «Право» қоғамдық қорының маңызы зор. Балаларға дұрыс жол таңдауға көмектесу, ел азаматы болуға үйрету, бағыт-бағдар беру және кейбір жағдайда ата-ана тарапынан ала алмаған қамқорлықты, көмекті беру мақсатындағы қор 9-18 жас аралығындағы жасөспірімдермен жұмыс жасайды. Әр баланың психологиялық портретін жасау, жанұя жағдайын анықтау және оған көмектесу жолдарын анықтау болып табылады. Сонымен қатар, орталық қызметімен ІІД-де есепте тұрған, қылмыс жасауға  бейім балалар да қамтылған. Орталықта психологиялық, құқықтық көмек көрсетумен қатар, олардың бос уақыттарын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Ән айтуға, сурет салуға үйрету, тіл үйрету, т.б. үйірмелер жұмыс жасайтын болады.

- Бала –он сегізге толмаған адам. Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына құқығы бар. Олардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар – бұл балаларды әлеуметтік қорғауды, әлеуметтік тұрмыстық, медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық-пеладагогикалық, құқықтық қызметтер көрсетумен материалдық көмек көрсетеуді, өмірде қиын ахуалға тап болған балаларды қолдауды жүзеге асырады, дейді орталық психологы Д.Назарова.

Орталықта әлеуметтік педагог, заңгер, теолог пен үйірме жетекшілері Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы