Саясат • 26 Қараша, 2018

Серік Қирабаев: Төл тарихымыздың төрге озғаны

764 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаевтың аса ауқымды мем­лекеттік істерді басқаруы және ұйым­дастыруы, елді дамыту бағдарламаларын жа­­сауға тікелей өзі араласуы, ірі ре­­фор­малардың авторы әрі тео­­ретигі есебіндегі рөлі мен қа­білеті дүние жүзіне аян.

Серік Қирабаев: Төл тарихымыздың төрге озғаны

Оның «Қазақстан» атала­тын елді әлем­дік деңгейге сүйреп алып шы­ғып, дүние жүзіне таныс­­тырғаны және аз ғана жыл­­дың ішінде дамыған елдер­­­дің қатарына қосуы бұл сөзі­­мізді толық дәлелдейді. Ол – жан-жақты білімді, ізденім­паз, жа­ңашыл, ойшыл қайрат­кер, қа­жымас қайрат иесі. Оның бір мез­гіл болсын қолы­ның боса­ғанын ешкім білмей­ді. Істен босаса, ойға беріледі, қа­ғазы­на үңіледі, тұжырымын, жос­­пар­ларын халқымен бөлісе­ді. Соңғы жылдары ол қазақ хал­қы­ның өмірі, тіршілігін терең зер­делеп, оларды жаңа зама­н­ауи талаптарға сәйкес жаңар­ту, жаңғырту идеяларымен шұ­ғыл­данып жүр. «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы, соңғы халы­ққа Жол­дауы және жаңа жария­ланып отырған «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты еңбегі осыны айғақтайды. Бұрын сырт елге «Великая степь» есебінде бел­гілі болған мәдениеттен тыс қал­ған, сырын ішіне бүккен баға­налы байтақты ұлы мемлекет деп жариялау оңай нәрсе емес. «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала» деп жаңа атауларына қоғам мен әлемнің бо­йын үй­ретіп, соны дәлелдеуге жол ашуы – Елбасымыздың әрі тап­қыр­лығы, әрі саяси көре­гендігі. Ондағы уа­қыт пен кеңістік өл­шемдерінің өзі авторды сол алып Даланың тарихына үңілдіреді. Сондықтан ол ойын, ісін тарихтан бастауды жөн көреді. 

«Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным, − дейді Елбасы. – Сол арқылы түп-тамы­ры­мызды бі­луге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрделі түйінін шешуге мүм­кіндік туады». 

Мемлекет басшысы еңбе­гінде Қазақстан халқы жеке жұр­нақ­тарымен емес, тұтастай қазіргі заманғы ғылым тұрғы­сы­нан жинақты талданып бері­леді. Еңбектің негізгі ойы – осы елдегі бүгінгі өзгерістер мен же­тістіктер сырттан келмегенін, осы далада пайда болып, Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Те­ріскейге таралғанын, ба­балары­мыздың өмірі мен істері қазіргі технологиялық жаңа­лықтармен байланысып жат­қандығын деректер­мен дәлел­деу. Автор «қазақ» этно­ни­мінің пайда болу дәуіріне, кейінгі заман­дарда оның тарихы басқа да эт­ностарға ортақ «Қазақстан тари­хына» айналғанына көңіл ауда­рады. Сол даланың негізгі ерекше­ліктері жөніндегі ойларын ортаға салады. 

Еңбектің «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі үл­кен тарауға бөлінуінің де логикалық негізі бар. 

Өйткені қасиетті даланы мекен еткен халықтың және оның тұқым-зәузатының өмірі мен тіршілік жағдайын ақыл-ой танымымен қарастыру бір бағыт болса, елдік құрылымдар мен бұрынғы-кейінгі жұрттың тарихқа енгізген жаңалықтарын, ізденістерін тарих сабағы аясында зерттеу, әлі де толық игеру – әрі тың, әрі маңызды мәселе.

Ұлы даладан тараған тарихты Елбасы жылқыны қол­ға үйретуден, атқа міну мәде­ниетінің тууынан, осыған қа­тыс­ты ата кәсіпті дамыту негізде­рінен бастайды. Ботайдың жыл­қының жалындағы жаһандық өнегесін қайта бір байыптайды. «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды» деген түйіннің шешімін әскери саладағы теңдесіз революциямен түсіндіреді. 

Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империясының тарих сахнасына шықты. Ат үстіндегі жауынгердің өзіне лайық ықшамды киім үлгісі туды. Ер-тұрман, басқа ат жабдықтары дүниеге келді. Сарбаз бен оның мінген атын қорғар сауыт жасалды. Қылыштасу, садақ ату кәсібі шықты. Отты қару пайда болғанға дейін (ХІХ ғасыр) үстемдік құрған осы атты жауынгер көп уақыт өз дәуірінің рәмізіне айналды. Атқа міну мәдениеті біртіндеп басқа салада да Дала халқының жаңа құндылықтарын дүниеге әкелді. Аң аулау, жануарлар бейнелерін өмірде пайдалану тұрмыста «аң стилін» туғызды. Тұрпаты текті қар барысы қазақтар таңдаған ерліктің, батылдықтың, әсемдіктің символы болып тарихқа енді. Аң стилі өнердің түріне айналды. Орталық, Солтүстік, Шығыс аймақтарында өндіріс ошақтары пайда болып, халық бағалы металдардың қорытпаларын пайдалана бастады. Өнер туындыларын оюлап кестелеу, металмен жұмыс істеу, балқымалар жасаудың, құймалар құюдың әдістерін меңгеру дала өркениетін технологиялық бағытта дамыта түсті. Кейін қазақ жерінің бірнеше өңірінде табылған «алтын адам» (алтын киімді жауынгер, ханзада) осы ізденістердің нәтижесі еді. Тутонхамоннан басқа әлемге таныс емес «алтын адам» тек қазақ жері қойнауынан ғана табылғаны – айрықша факт. 

Түріктердің қазақ жеріне Алтай арқылы келуін Елбасы Ұлы дала төсіндегі жаңа кезең (біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының ортасы) санайды. Бұл түркі дүниесі тұтасып келіп қоныстануы болатын. Кең-байтақ далаға ие болып, сол жерде өркениеттің өзіндік өрнегін салған түріктер біртіндеп қала мәдениетін, сау­да ісін, көршілермен қарым-қатынасты ұлғайтудың жолын іздеді. Орта ғасырлық қалалар, Ұлы Жібек жолы пайда болды.

Осы және басқа да толып жат­қан мысалдар негізінде Елбасы Ұлы дала жай иесіз дала емес, сыры мен құпиясы мол қазына даласы екеніне, оны әлі де зерттеу керектігіне тоқтайды. 

Тәуелсіздік жылдары Қазақ­станда біршама зерттеу­лердің жүргізілгенін жақсы білетін Мемлекет басшысы мамандарға тағы да қозғау салып, әлемнің архивтік қазыналарын кеңірек ашуға, тың мұраларды жария етуге шақырады.

Осы мақсатта «Архив – 2025» атты жетіжылдық бағдарла­ма жасауды ұсынады. «Ұлы дала­ның ұлы есімдері» атты оқу-ағар­ту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серия­­лар шығарып тарату, «Түркі өрке­ниеті: түп-тамырынан қазіргі заман­ға дейін өсуі» атты жобаны қолға алу, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер мен технологиялар музейін ашу, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық реконструкциялар клубын құру, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару, Қазақстанның өркениеті тарихын кең ашып көрсету үшін деректі-қойылымдық фильм­дердің, телевизиялық сериалдар мен толық метражды көркем картиналардың циклін өндіріске енгізу шаралары – Елбасының алға қойып отырған негізгі мін­деттері. Бұл тапсырмалар төл тари­хымыздың әлі де болса жа­бық тұрған беттерін ғылыми айна­лымға түсіру, қоғам өміріндегі тарих тағылымының рөлін арттыру секілді қажеттіліктерді күн тәртібіне шығарады. 

«Өткенін мақтан тұтып, бүгі­нін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуы­ның кепілі» дейді мақала қоры­тын­дысында Елбасы. Бұл сөзден Ұлы дала тарихын үлгі-өнеге етіп, ел болашағын ұлттық құнды­лық­тармен сабақтастықта қараған, әлемдегі Қазақ елінің бұрынғы-соңғы жетістіктерін айшықтата көрсеткен Көшбасшының тұлғасы мен тұғыры көрінеді. Ұлы дала­н­ың қамын ойлаған ұлы басшы осындай-ақ болар.