Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы ой-толғамдар мен мақсат-жобалар Үкімет бағдарламасы немесе кездейсоқ берілген анықтама емес, негізі біртіндеп қаланған өркениетті дүние жүзіне паш ету.
Мақалада ең әуелі Қазақстан тарихына байланысты мәлімет пен анықтамалардың қайта жаңғырғаны байқалады. Қазіргі Қазақстан жерінде тұрып жатқан ұлт пен ұлыстардың, әртүрлі мәдениеттің, деректер мен оқиғалардың кеңістік пен уақыт тұрғысынан негізгі тіректері көрсетіледі. Екі жайтқа негізделіп қалыптасқан тарихи бағдарға назар аударады.
Біріншіден, түп-тамырының бойындағы құндылықтарды дәріптеп, ұлт тарихына тұтастай көзқарас қалыптастыру. Бұл жерде қазақ тарихының бастауы кеңістіктің қолданылуы және де әртүрлі мәдениет пен өркениеттің өзара әрекеттесуі негізінде белгіленеді. Немістер мен италиялықтардың тарихи дәстүріндегідей қазіргі Қазақстан аумағында сан ғасыр бұрынғы саяси-мәдени тарих бүгінгі қазақ өркениетінің де бір құрамдасы болуы керек. Осылайша күллі түркі жұртшылығының қадым тарихында өзіндік орын алған өркениеттер Қазақстан тарихымен байланыстырылады. Ғұндар мен сақтар атап көрсетіліп, түркі мемлекеттері мен бірлестіктерінің Қазақстан аумағынан дүниеге тарағанына байланысты ой тұжырымдалады.
Екіншіден, тарихта болған оқиғаларды бағамдау және өзгені түйсіну. Н.Назарбаев еуроцентризм ұғымын сынға алады. Н.Назарбаев тілге тиек еткен дала өркениетінің болашақ бағдары даму мен демократиялық ел болу үшін тек батыстық бағытты ұстану керек дегенмен, әрине сәйкеспейді. Қазақстан Батыспен жақсы қарым-қатынас құрғанымен, өркениеттің бастау көзі тек қана Батыста деген жалпы ұстанымға қосылмайды. Бұл тұғырды Қазақстанның сыртқы саудасынан-ақ байқауға болады. Сауда-экономикалық байланыстарын дамытқан алғашқы бес ел қатарында, кем дегенде, екі еуропалық мемлекет бар. Назарбаевтың тарих пен оқиғаларға деген көзқарасы Шығыс пен Батыс синтезі үшін мемлекеттік бағыт тәрізді. Елбасының бұл тұрғыдан ұсынған әдістемелік шешімі − тұтас ойлауды объективті негіздер мен шындыққа негіздеу. Сол себепті ұзақ уақыт бойы алып кеңістікте «өзге» деп қабылданған халық пен мәдениеттің үлесін ұмыт қалдыруға болмас.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Ұлы даланың қырларын белгілеп көрсеткенде сұрыптап алған критерийлерді өте мұқият анықтаған. Ең біріншісі − атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы. Мұның жалғасы ретінде жауынгерлердің киімді үстіңгі және астыңғы деп ажыратуы арқылы қазіргі шалбардың пайда болуы. Алғашқы темір сауыттың сол дәуірде жасалуы, темір құрсанған атты әскердің Қазақстан жерінде пайда болуы қазіргі әскери ықпалдастық тұрғысынан да маңызды. Ендігі жерде металлургия саласында жинақталған тәжірибе де бар. Қазақстанның символдарының бірі қар барысын меңзегені табиғат пен өнердің үйлесім табуы қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар Алтын адамның жанында табылған күміс кесеге ойып жазылған жазудың Орталық Азия жеріндегі ең көне жазу үлгісі екенін тілге тиек етеді. Қызғалдақ пен алманың тарихи отаны деп Қазақстан даласын көрсете отырып, табиғат пен өркениеттің тіл табысуын суреттейді.
Назарбаевтың өркениет туралы түпкі ойында түркі дүниесінің ерекше орны бар екені аңғарылады. Бұл түпкі тамырдың кеңістіктегі темірқазығы Алтай таулары, ал уақыт тұрғысынан бастау кезі біздің дәуіріміздің І мың жылдығының ортасы. Ғұндар, сақтар, көк түріктер, ұйғырлар және бұл тізбектің басқа да мүшелерін қазақ даласымен сабақтастырады. Сонымен қатар түркілердің сабақтастықты үзбей, мемлекет дәстүрін жалғастыруына айрықша назар аударуы түркі әлемінің тарихи тұтастығы мен тамырластығы тұрғысынан өте маңызды. Н.Назарбаев кеңістік пен мекеннің бір несібе екенін болжай отыра, үш кеңістікті тұтастай қарастырады: Еуразия, түркі дүниесі және Орталық Азия... Тарихи Жібек жолының осы үш кеңістіктің бойында жаңғыруы зор маңызға ие. Бұл ретте Маккиндердің «құрлыққа иелік ету теориясын» еске түсіретін болсақ, бір лидердің Еуразияның кіндігінде орналасқан еліне Орталық Азия мен түркі әлемі ықпалдастығы негізінде назар аударуы зор парасаттылықтың белгісі. Қазақстан бұл бағыттағы сенімді қадамдарын дипломатия арқылы да көрсетуде.
Қазақстанның лидері Н.Назарбаев Ұлы даланың жеті қырын белгілеумен қатар, көреген әрі байсалды саясаты арқылы болашаққа жеткізуді де мақсат етеді. Сол себепті маңызды жобаларды тарихи платформалардан мемлекет және ұлт өміріне ұсынады. «Архив – 2025» бағдарламасы арқылы жалпы елге қатысы бар деректі құжаттарды жинақтап, цифрлы форматқа көшіру жұмысына жұмылдырады. Мәлімет пен құжаттардың баршаға қолжетімді болуы, бастауыш мектептен бастап, білім беру жүйесіне енгізілуі − Қазақстан аумағында ұлттануға ден қоюдың бір көрінісі. Сонымен қатар әл-Фараби, Ахмет Ясауи және Күлтегін тәрізді ұлы бабаларды ескерткіш-мүсін, энциклопедиялық саябақ, көрме, кітап, т.б. құралдар арқылы дүние жүзіне таныту кең-байтақ түркі кеңістігіндегі елдерді бір-біріне жақындата түседі. Түркі дүниесіндегі ынтымақ пен бірліктің жоба ретінде мақалада орын алуы Қазақстанның жуырда осы салада маңызды қадам басуға дайын екендігін көрсетеді. Tүркі өркениетінің негіздерін зерттеуде ең негізгі құралдың бірі − тілдің Дүниежүзілік Түркологиялық конгресс аясында қарастырылуы назар аударарлық қадам. Википедия үлгісіндегі ортақ энциклопедияны Қазақстанның модераторлығымен ашу қазақ елінің көшбасшылық рөліне меңзейді. Tүркістан облысының қайта құрылып, бұған баса назар аудару − түркі әлемінің теріскейдегі орталығының жария етілуі іспетті.
Қорытындылай келе, аталған жобалар «Рухани жаңғыру» үдерісінің жалғасы, тәуелсіздіктен кейінгі Қазақстанның тарихтан тағылым алып, болашаққа бағдар жасау мақсатының айқын көрсеткіші демекпіз.
Күршад ЗОРЛУ,
сарапшы, Vatan газетінің шолушысы