![Қалауын тапса қалдықтан да қайыр бар](/article_photo/1543205060_article_b.jpeg)
Биыл Алматыда іске қосылған қоқыс өңдейтін жоғары технологиялы кешен жылына 550 мың тонна тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге қауқарлы. Бұған дейін жыл сайын шаһардан шығатын 500 мың тонна қалдық қала сыртындағы полигонға көміліп келген еді. Бұл өңір экологиясына қаншалықты зиян әкеліп жатқаны талай мәрте сөз болып, өзекті мәселе оңтайлы шешімін тапқандай болғаны рас. Жалпы құны 5,4 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынған. 600 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған алпауыт кешен мегаполистегі тұрмыстық қалдықтарды тұтастай игере алады деп айтуға болады. Зауыт соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Мұнда көбіне-көп қатты қалдықтардың ішінен тез ыдырамайтын, яғни қоршаған ортаға үлкен залал келтіретін компоненттер сұрыпталады. Нақтырақ айтқанда, әйнек, пластмасса, бөтелке, целлофан мен полиэтилен сынды қоқыс түрлері полигонға көмілмейді. Мұндай қалдықтар ұзақ уақыт шірімейтіндіктен аса зиянды саналады. Қала аумағындағы 1300 нүктеден жиналған қоқыс осында әкелініп, қайта кәдеге жаратылады. Мамандардың сөзінше, қаладан шығатын тұрмыстық қатты қалдықтар барлық коммуналды қоқыстың 95 пайызын құрайды.
– Кешен нақты сызба бойынша жұмыс істейді. Пайдалы шикізат алу үшін қоқыс өңделер алдында сұрыпталады. Яғни, қоқыс құрамындағы ірі заттар, түрлі түсті және қара металдар, әйнек пен пластика алынып тасталады. Қалдықтың жалпы көлемінен 50 мың тоннаға жуық екінші шикізат алу жоспарланған. Соның ішінде ПЭТ – 31%, картон – 24%, целлофан – 8%, әйнек – 29 %, металл – 7 %. Бұл кешен қала үшін аса маңызды, – дейді зауыт директоры Дмитрий Данильченко.
Расында дамыған елдерде қалдықсыз өнім өндіру ісі жүйелі жолға қойылған. Озық тәжірибеге сүйене отырып, Алматыда да бұл бағыттағы бастамалар қарқынды түрде алға жылжып келеді. Бұл ретте қыркүйек айынан бастап қала көшелеріне қойыла бастаған электронды қалдықтарға арналған экобокстарды айрықша атауға болады. Қаладағы 32 нүктеге орнатылған бұл жәшіктерге жарамсыз ұялы телефондар мен зарядтау құрылғыларынан бөлек, істен шыққан ескі магнитофон, теледидар, электрлі ойыншықтар мен үтік, планшет тәрізді заттарды тастауға болады. Эколог мамандар мұндай қалдықтардың бей-берекет тасталуы қоршаған орта мен адам баласы үшін аса зиян екенін айтады. Оның жерге сіңіп кететінін ескеруіміз керек. Топырақ арқылы суға да таралады. Мәселен, титтей батареяның бір данасын қате пайдаланған жағдайда, 20 текше метр топырақ немесе 400 литр ауызсу уланатынын бәріміз біле бермейміз.
Кәсіпорын басшылары әлемнің 20 қаласына барып, олардың озық тәжірибелерімен танысып қайтқан. Алғашқы кезде өндіріс көлемі 20 пайызды ғана құраса, қазір бұл көрсеткіш еселеп артып келеді. Қаланың Индустриалды аймағында орын тепкен қуатты кешен тек алматылықтар үшін емес, жалпы еліміздегі маңызды нысандардың бірі деп айтуға болады. «Әр азамат күнбе-күн тұрмыс қалдықтарын қоқыс жәшігіне тастамас бұрын оны сұрыптап, арнаулы жәшіктерге жекелей бөліп салса талай жұмыс жеңілдер еді» дейді мамандар. Ендеше бұл қарапайым істі бәріміз күнделікті өмірде қағидаға айналдырсақ, қоғам мен қоршаған ортаға жасаған аз да болса да қамқорлығымыз болар еді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ