Аталған байқауға қатысуға 6 үміткер ниет білдіріп отыр. Қатысушылар өз жобаларын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Дүниежүзілік сапа күніне арналған онлай-конференция барысында таныстырды.
− Бүгінде бизнес өкілдері бәсекеге қабілеттіліктің негізгі құралы сапа екенін түсінеді. Шығарылатын өнімнің сапасын үнемі жақсартып отырмаса, ішкі нарықты бірінші қажеттіліктегі тауарлармен толықтыру және экспортқа шығару мүмкін емес болып барады, – деді «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы хатшылығының басшысы Лаззат Рамазанова.
«Экофарм» ЖШС – байқауға қатысатын отандық компанияның бірі. Бұл қан жинау және сақтауға арналған бір реттік, стерильді вакуумды түтік шығаратын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын.
− Компаниямыз шығаратын өнімді Қазақстанның барлық дерлік ауруханалары, емханалары мен зертханалары пайдаланады, – деді «ЭкоФарм» ЖШС зерттеу және әзірлеу бөлімінің бастығы.
Майя Сүйіншалиева «Сән индустриясындағы инновациялар» жобасын таныстырды. Іскер ханым қолданыстан шыққан пластик картридждерді қайта өңдеп, оны киім-кешек өндірісіне пайдаланбақ. Мұндай киімге креативті суреттер салынып, көпшіліктің назарын «жасыл экономика» мәселелеріне тартуды көздейді. Ал алматылық Қадыржан Мақанғали ет деликатестері өндірісін мықтап жолға қойған. Кәсіпкер аталған бренд шетелде Қазақстанның өнімі ретінде танылғанын қалайды.
− Италиялық пицца, неміс сосискалары, чехиялық шұжықтар туралы білеміз. Тура осылай әлем бізді «қазақ қазысымен» тануы керек. Ұлттық тағамның дәмділігін жақсарттық, оны вакуумды қаптамада шығарып жатырмыз. Сақтау мерзімі деликатестерді шетелге экспорттап, қонақтарға ауыз тигізуге, жалпы брендті алға жылжытуға мүмкіндік беріп отыр, – деді Қ. Мақанғали.
Аталған үміткерлер әлемдік деңгейдегі байқауға қатысу арқылы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тиімді жобаларды іске асыруға ниетті екенін тағы бір дәлелдемек.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»