Қазақстан • 26 Қараша, 2018

Энергия инфрақұрылымы жаңғыртылуда

646 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 34-қадамында белгіленген міндеттерді іске асыру аясында Павлодар өңірінде бірқатар жобалар қолға алынған. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының хабарлауынша, бұл күндері өңір экономикасына мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағыты арқылы қомақты инвестиция тартылуда. Жалпы құны 5,5 млрд теңге болатын 11 жоба бойынша келісімшарт бекітілді. Оның ішінде денсаулық сақтауға қатысты – 8, энергетика және 1 әлеуметтік қызмет көрсету салаларына тиесілі 2 жоба бар. Облыс орталығы және Екібастұз қаласында көшелерді жарықтандыру желілерін модернизация­лау бойынша инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.  

Энергия инфрақұрылымы жаңғыртылуда

Иә, соңғы жылдары еліміздегі түрлі салада мемлекет-жеке- меншік әріптестігі аясында беріл­ген нысандардың қатары көбейе бастады. Яғни, екі тарапқа да тиімді деп танылған әріптестік мемлекет пен бизнестің бірлесе әрекет етуіне жол ашты. Ел эко­­­номикасын көтеруге, оны әр­тараптандыруға және кәсіпкер­лерді бюджеттің қарымы жете бермейтін ірі инвестиция тартуға бағытталған жаңа жобалар қы­зықтыра бастағаны да сөзсіз. 

Былтыр Екібастұздағы энергетика саласындағы жаңғырту жобасы осы мемлекет-жекемен­шік әріптестігі бағыты бойынша қолға алынған-ды. Көшелерді жарықтандыруды жаңарту бастамасы «Горэлектросеть» ЖШС-не тиесілі. Жобаға қатысу үшін жарық диодты шамдар жасайтын қарағандылық «PROLUX LED» ЖШС шақырылды. Бұл кә­­сіпорын ішкі нарықта 2010 жылдан жұмыс істеп келеді. Жа­рық шамдардың бес жылдық ке­пілдемесі де бар.

Өткен жылы қос компания конкурста жеңіске жетіп, жобаны жүзеге асыруға кірісті. Жо­ба жекеменшік әріптестігінің банк­тен қарыз алуы арқылы қаржыландырылды. Мемлекет өз тарапынан төрт жыл бойы «Горэлектросеть» ЖШС, «PROLUX LED» ЖШС ком­па­ния­ларының жұмсаған инвес­ти­циялық және операциялық шығындарын өтеуді мойнына алады. Сөйтіп инвестор қарызға алған қаражатына бұрынғы 3500 сынапты және натрийлі шамдарды жарық диодты шамдарға ауыс­тырып, 82 шақырымдық сымды айналаға қауіп төндірмейтін тү­ріне ауыстырды. Жобаны жү­зе­ге асыруға 735 миллион тең­ге бө­лінді. Бүгінде кеншілер қа­­ла­сының көшелерін жарық диод­ты шамдар жарқыратып тұр дей­міз. Сонымен қатар желілерді қа­шықтықтан бақылайтын ав­томаттандырылған жүйе де іске қосылды. 

Қала әкімі Нұржан Әшімбе­тов­тің айтуынша, бұл ерекше жоба. 

– Бюджет бір сәтте үлкен кө­лемде қаражат бөле алмайды. Сон­дықтан бұл жоба мемлкет пен жекеменшіктің бірлескен бағы­тында жүзеге асырылды. Нә­тижесінде 4 мыңға жуық жа­рық шамдар мен оқшаулы сымдар орнатылды, дейді Н.Әшімбетов.  

Яғни, жарық диодты шамдар орнатылып, сымдар ауыстырыл­ғаннан кейін қала электр қуатын 57 пайызға дейін үнемдеген. Шамдар электр қуатын 3,5-4 есеге кем пай­даланады. Экологиялық тұр­ғыдан да зияны жоқ. Ұзақ мер­зімді пайдалануға жарамды. Бұрын бір жылға көшелерді жарықтандыруға 100 миллион теңге бөлінсе, қазір 40-50 миллион теңге көлемінде бөлінеді. 

Ендігі мәселе, бағандарды ауыстыру. Инвестор бұл жұмыс алдағы уақытта жүзеге асатынына сендіреді. Енді көшенің жарық­тандыру желілері 7 жыл­ға «Горэлектросеть» ЖШС-не­ сенімді басқаруға бері­леді. «Сон­дықтан ескірген баға­на­лар­ды да біртіндеп ауыстыруға мүм­кіндік бар», дейді кәсіпорын басшылары. 

Әрине, бұл Екібастұздағы алғашқы жоба. Қалада тұрғын үй аулалары, подъездердің кі­ре­берістері, ішкі алаңдарын жарық­тандыру жұмыстары да жетерлік. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажет. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленбек. 

Жақында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Манас Зейфолда: «Облыс орталығында 9 726 жарық диодты шамдар орнатылды. Жоспар 12 483 бірлік. Жобаның жалпы құны − 1,7 млрд теңге. Жұмыстың барлығы 25 желтоқсанға дейін аяқталады, нәтижесінде энер­­­гия үнемділігі 50 пайыздан аса­ды», деді. Оның айтуынша,­ Екібастұзда жарықтандыру жұ­­­мыстары толық аяқталып, 3 498 жарық диодты шамдар орнатылған. Электр желілерін инвесторға сенімді басқаруға бе­ру жұмыстары жүргізілуде. 

Елбасы мемлекет-жекемен­шік әріптестігі, әсіресе ком­му­нал­дық және әлеуметтік сала­лар­да дамыту қажет, деп атап өткені белгілі. Яғни, мемлекет- жекеменшік әріптестігі тетіктерін білім және денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жылу шы­ғару көлемінің қызметі мен жылуды бөлу жүйесін жаңалауда жүр­гізуге болады. 

Сондай-ақ Екібастұзға тән энер­гетика саласында жылу энергия стансаларының құрылысын, темір жолдарды, әуежайлар, вок­­залдар, темір жол стансалары­ ғи­мараттарының құрылысын жаң­­­ғыртуға және пайдалануға да мүм­­­кіндік бар. 

Жалпы, облыстағы мемлекет-жекеменшік әріптес­тігін дамыту жобаларының басым бө­лігі денсаулық сақтау саласына арналған. Бұл салаға 3 млрд тең­геден астам қаржы тар­тылды. Қар­жыға облыс орта­лығындағы қалалық №1 ауру­хана, Екібастұз қалалық ауру­ханасы, облыстық аурухана ғимараттары жөндеуден өткі­зіліп, 3 жаңа компьютерлік томограф сатып алынды. 

Сонымен бірге мемлекет- жекеменшік әріптестігі бағы­тында «Черноярка» демалыс үйінде зейнеткерлерге көмек көр­сету жобасы жүзеге асырылуда. Былтыр мұнда 440, биыл 1 320 зейнеткер демалды. Жыл қо­рытындысы бойынша жалпы сомасы 14,6 млрд теңге болатын бірқатар жоба бойынша ке­лісімшарттар бекітілмек. 

Биыл Ақсу қаласында «Мүге­дек балаларға арнайы әлеумет­тік қызмет көрсету» оңалту орталы­ғын құру, қалалық аурухананың ме­дициналық зертханасын бас­қару жобасы және құны 290 миллион теңге тұратын компьютер­лік томограф сатып алу жобалары жүзеге асырылады. 

Облыстық білім беру басқар­масы басшысының орынбасары Сәуле Алекпарованың айтуын­ша, облыс орталығында 881 ба­лаға арналған жекеменшік 6 балабақша ашу жөніндегі келі­сімшарттар қаралуда. Жергілікті кәсіпкерлік палатасының мә­лі­­метінше, облыс бойынша мемлекет-жекеменшік әріп­­тес­­тігі бағытын жүзеге асы­руға алғашында 58 жоба тір­ке­ліпті. Соңынан ден­­саулық сақ­тау, энергетика, әлеуметтік қыз­мет көрсету са­ла­сындағы 11 жоба бойынша мем­лекет-же­кеменшік әріптестігі ке­лі­сімшартына қол қойылды. Бұл бағыттың тиімділігі, бюджетке жүктемені азайту мен бизнес-қоғамдастықты активтерді бас­қаруға тарту болып отыр. 

Айтпақшы, Екібастұзда «Свет ҒӨК» ЖШС жарық диодты шамдар жасайды. Тіпті Петропавл, Қостанай, облыс орталығындағы зауыттар, Екібастұздағы «Бога­тырь Көмір», «Шығыс» кеніші, «Пром­машкомплект» және басқа да кәсіпорындар осы зауыттың тұ­тынушылары. Бұл кәсіпорын өнімі 2015 жылы Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсында «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында жеңімпаз атанды. Сондықтан жер­гілікті кәсіпорындарға да мүм­кіндік беріп қолдау қажет. Бұл на­рықтық кеңістікті ке­ңейтеді. Жобаларды жүзеге асы­ру барысында мемлекеттің кепілдігімен жеңілдетілген несие алады.­ Бюд­жет қаражатын тарту, са­лын­­ған инвестицияның қайту ке­пілдігі бар. 

Тағы бір мысал, Екі­бас­тұз­­­­да бұған дейін «Электро­ТрансРеелто» ЖШС жарамсыз шам­дарды өңдеумен айналыс­ты. Жарамсыз шамдарды қайта қалыпқа келтіру үшін Ресейден арнайы құрал-жабдықтар әке­ліп орнатты. Кәсіпорынның жыл­дық қуаты – мың дана шам. Ша­ғын зауыт қоқысты өңдеп, қо­қыстан өнім жасай алады. Зауыт мамандары жарамсыз болып қалған шамдар мен батареяларды жи­науға көшті. Олар әр­қайсысының құны 300 мың тең­ге болатын контейнерлерді өз қаражаттарына сатып алды. Пав­лодар, Екібастұз және Ақсу қа­лаларындағы тұрғын үй аула­­­ларына орнатты. Сөйтіп, «ЭлектроТрансРеелто» ЖШС контейнерлерден 11 мыңға жуық ескі шам жинаған көрінеді, елі­міздің өзге өңірлерінен де тасымалдайды. Жиналған ескі шамдарды өңдеп, одан сынап алады. Алынған сынап құтыларға құйылған соң, қоймаларда сақ­талып, басқа кәсіпорындарға сатылады және құрылыс материалдарын дайындауда қолданылады.

Бұл жоба да билік тарапынан назар түскенде мемлекет-же­ке­меншік әріптестігі бағытына дәл келіп тұрған жаңашыл жоба еді. 

Басқарма басшысының орынбасары Манас Зейфолданың пікі­рінше, мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігі – инвестициялар тартудың және мемлекеттің ба­­­сым қатысуымен салаларға жеке секторды тартудың тиім­ді құ­ралы. Бұл қоғамдық маңыз­ды қыз­меттерді көрсету үшін қар­жылық, технологиялық, ұйым­дастырушылық-басқару­шы­­­­­лық ресурстарды бірік­­­тіруге мүм­­­кіндік беретін жеке бизнес­пен әріптестік. Мемлекет-же­ке­­­­­меншік әріптестігі – бүгінгі эко­номикалық саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет үшін бұл басымдықтарға бюджет қаражатын үнемдеу қосымша ресурстар (қаржылық, материалдық және басқарушылық) алу, көр­се­тілетін қызметтер мен тауарлар­дың сапасы мен көлемін арттыру жатады. Жаңа жұмыс орындарын құру және бұрынғы жұмыс орындарын сақтау, жобаны іске асыруда уақытты үнемдеу, көпшілік міндеттердің шешімін жылдамдату секілді тиімділіктер жоспары бекітілді. 

Бұл күндері өңірімізде 2018-2021 жылдарға арналған 143 іс-шарадан тұратын «Энергия үнем­деудің» кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Жоспар Тиімді өнеркәсіптік кәсіпорын, Ин­новациялық энергетика, Энер­­­­­­гиялық тиімді ТҮКШ және бюд­­жеттік сектор, Энергиялық тиім­ді көлік, Энергиялық тиім­ді жа­рықтандыру, Энергия үнем­­­деуді насихаттау, Энергия тиім­ділігі және энергия үнемдеу бо­йынша жобаларды жүзеге асыру үшін Инвестицияларды тарту, Мем­лекеттік энергетикалық тізі­лім қарастырылған 8 бағытқа ар­налған.

Облыстық Энергетика жә­не­ тұрғын үй-коммуналдық ша­­­руа­шылық басқармасы мен еліміздегі «Энергосараптама электр энергетикасы және энер­гия үнемдеуді дамыту инсти­туты» АҚ облыс бойынша аумақ­тық бөлімі «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру» тақырыбында осындай ма­­­ңыз­ды жұмыстар жасауда. 

Мысалы, облыс орталығында 12 483 бірлік жарық нүктесін жа­­­рық ­диодтыға ауыстыру, 70 СЖБШ орнату және көше жарық­тандыруын басқарудың интел­лектуалдық жүйесін ен­гізу жоспарлануда. Қазіргі уа­қытта жеке әріптес 6155 жа­рық ­диодты шам орнатты. Биыл­ жеке әріптеске жобаны («ALtocom Asia» ЖШС) се­нім­ді басқаруға берумен барлық монтаждық жұмыстар аяқталды. Бас­қарма маман­дарының айтуынша, осы жоба­ларды жү­­зеге асыру арқылы электр энер­гиясын тұтыну 60 пайызға төмендейді, өңір­дегі қа­ла­лар тұрғындары заманауи­ стандарттарға сәйкес сапалы­ және энергиялық тиімді жарық­тандыру ала алады. 

Қазіргі жаһандану уақытында әлем қалалары материалдық, тех­но­логиялық және адами ка­питал үшін өзара бәсекеге тү­суде. Дамыған инфрақұрылым, қолайлы ландшафт, таза экология, энергия үнемділік, жоғары қауіпсіздік деңгейі, қала экономикасын дамытудың басты инновациялық шешімі негізгі көр­­­­­­сеткіші болып саналады екен. 

Елбасы Жолдауында да «Ақыл­­­­ды қалалар» өңірлік даму­дың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұр­мыс сапасын арттырудың ло­ко­мотивтеріне айналады»,  де­лінді.

 Бізге «Ақылды қала» «қазіргі заманғы өмір сүру сапасын ин­но­вациялық технологияларды қолдану есебінен қаланың тыныс-тіршілік жүйелерін үнемді пайдалануды қамтамасыз ету ке­рек екенін» ескертуде. 

Жалпы, Екібастұз еліміздегі 27  моно қаланың бірі. Еліміздегі «Моно қалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Бағдарламасын іске асыру барысы туралы» бағдарлама бо­йынша қанша қыруар қаражат бөлінгендері қалалық әкімдік сайтында қаптап тұр. 

Бірақ жақсы нәтиже аз. Тіп­ті Тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық бөлімінің сайтында қа­лада осы салаға байланыс­ты қандай жұмыстар жасалып жатқаны туралы бір ауыз сөз жоқ. 

Уақыт бір орнында тұрмайды. Мүмкін алыс болашақта Екібас­тұз да «Ақылды қала» атанар. Қа­лаға «ақылды шамдар» да орнатылды. Еліміздегі индус­трия­ландыру саясатын іске асыруда өндірісті қаланың орны бөлек екені де белгілі. Айналасы толы өндіріс орындары, әлемге бел­гілі электр стансалары, алып кө­мір кеніштері жұмыс істеуде. Кө­мірден газ өндірер де уақыт келер. Кәсіпорындар жанынан шағын бизнес өркендеп, раушан гүл­дерін егіп, қызанақ өсіруде. 

Кешегі Кеңес өкіметі тұсында Отын-энергетикалық кешен ретін­де бүкілодақтық мәнге ие бол­ған күрделі құрылыстары бол­ды. Бүгінде еліміздің эконо­ми­калық дамуына орнықты үлес қосып келеді. Тек қолға алын­ған бағдарламалар, жос­пар, жобалар нәтижелі болса. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы