24 Ақпан, 2010

АЛДЫМЫЗДА АЛАТАУДАЙ АСҚАРАЛЫ МІНДЕТ ТҰР

907 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған бір топ осы палата депутатын қабылдады. Елба­сы­ның биылғы Жолдауын ел ішінде насихаттау, бұл тарихи құжаттан туындайтын негізгі мін­дет­терге байланысты халықпен пікір алысу мақсатында өңірлерді аралап қайтқан халық қалау­лы­лары Мемлекет басшысына өз сайлаушыларымен болған осы жүздесулердің қорытындысы туралы баяндап берді. Қабылдауда бірінші болып сөз алған Орал Мұхамеджанов Елба­сы­ның тапсырмасымен өңірлерді аралап қайтқан Мәжіліс депутат­тарының еліміздің 350-ден астам елді мекендерінде болып, 100 мыңнан астам адамды қамтыған 800 кездесу өткізгендігін көлденең тартты. Ол жеке өзінің Ақмола облысын аралап, тұрғындар ара­сын­да Жолдаудан туындайтын міндеттерді насихаттау барысында бірқатар игі бастамаларға куә болғандығын жеткізді. Мәселен, Зеренді ауданындағы 19 адам ғана еңбек ететін бір кә­сіпорынның 1 миллиардтан астам теңгенің өнімін өндіретіндігін айтты. Бұл кәсіпорын шетелден сүт тазалайтын арнайы сепара­тор­лар сатып алып, халықтан сүт қа­былдаумен айналысады екен. Олар озық технологияға негізделген 5 қабылдау нүктесін ашып, халыққа қызмет көрсетеді. Жергілікті тұр­ғын­дардан қабылдап алған сүттің әр литріне 40 теңгеден қолма-қол ақша төлейді. Өнімді жоғары стандарттарға сай өңдеп, тұтыну­шыларға жеткізеді. Владимир Бобров жергілікті жерлерде кездесулер өткізген кезде ардагерлердің Жолдауға ерекше қолдау білдіргендігін атап көрсетті. Маңғыстау облысының сайлаушы­лары­мен жүздесіп қайтқан Кен­же­ға­ли Сағадиев өңірдің ірі эконо­ми­калық жетістіктерге қол жеткізіп отырғандығын айта келіп, бұл об­лыста шағын және орта бизнеспен шұғылданатындардың саны соңғы жылы 2 есе өскендігін, сонымен бірге мұнда “Жол картасы”  ая­сын­да ашылған жұмыс орын­дары­ның 3 есе көбейгендігін жеткізді. Оңтүстік Қазақстан облысы сайлаушыларының тілегін жет­кіз­ген Төлебек Қосмамбетов өңірде агро­өнеркәсіп кешенін дамыту мақса­тын­да атқарылып жатқан оң жетіс­тіктерге назар аудартты. Све­тлана Ферхо Елбасының Жол­дауында атап көрсетілген халықты әлеуметтік қорғау шараларына тоқ­тала келіп, шығысқазақ­стан­дық­тардың осы жылдың бас құжа­тындағы “Бала­пан” бағдарлама­сы­на зор ықылас­пен қолдау білдіріп отырғандығын айтты. Шавхат Өтемісов пен Тәңір­берген Берді­оң­ғаров та сайлау­шылардың еліміздің алдағы он жылға арнал­ған даму бағдарламасын айқындап берген Елбасы Жол­дауына ерекше ықылас білдіріп отырғандығын тілге тиек етті. – Біз өте үлкен жұмысты қол­ға алдық. Елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың 10 жыл­ға арналған бұл жоспары біздің өт­кен 18 жылда  жасаған жұмысы­мыз­дан да қиын әрі күрделі. Сон­дық­тан осы атқарып жатқан жұ­мыстарымызды халық білуі керек. Сіздердің өңірлерді аралап, елмен жүздесіп қайтқан бұл сапарлары­ңыздың да маңызы үлкен, — деді Елбасы депутаттармен жүздесу бары­сында сөйлеген сөзінде. Одан әрі Елбасы индустрия­лық-инновациялық даму болаша­ғын айқындау үстіндегі елдердің бар екендігін, Ресей де осы ба­ғытта жұмыс жүргізіп жатқанды­ғын, бұл ретте біздің халықаралық дәрежеде үлкен бәсекеге түскені­міз­ді атап көрсетті. Тек қана ши­кізатқа сеніп отыратын болсақ, онда жағдайымыз мүшкіл бола­тын­дығын әлемдік дағдарыс көр­сетіп берді. Басқалар біздің шикі­зат шығаратын ел ғана болып қал­ғанымызды қалайды. Бірақ елі­міз­дің ертеңі үшін біз осындай ауыр міндеттерді алға қойып отырмыз, деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. – Сіздердің сөздеріңізден бай­қа­лып отырғанындай, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселе екендігі белгілі. Осы мақсатта біз бірқатар игі жұмыстарды жүзеге асырдық, – деді Елбасы. Одан әрі Мемлекет басшысы өткен жылы дағдарысқа қарсы қабылданған “Жол картасы” негізінде еліміз бойынша ұзақ жылдардан бері қол­ға алынбай келген коммунал­дық жүйелерді, ішкі жол құры­лы­сын, әлеуметтік салалардың ғима­рат­тарын жөндеуде атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті. Елбасы Жолдауда еліміз бой­ынша балабақшалар тапшылығын жою мақсатында ауқымды міндет­тер белгіленгендігін, Алматы және Астана қалаларында бұл пробле­малардың таяудағы үш жыл ішін­де, еліміздің қалған өңірлерінде 2020 жылға дейін толық шешім табатындығын айтты. Елбасы дағдарыс кезеңінде тоқтап қалған ірі кәсіпорындардан босаған жұмысшыларды еңбекпен қамту мақсатында 2009 жылғы “Жол картасының” ерекше шешу­ші рөл атқарғандығын айта келіп, бұл игі бастаманың алдағы уақытта да жалғасын табатындығын ес­керт­ті. Бұл орайда 2020 жылға дейінгі бизнестің жол картасының маңызы ерекше болмақ. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауда ерек­ше атап көрсетілген еңбек өнім­ділігі мәселесіне жан-жақты тоқталды. 2020 индустриялық-ин­новациялық даму стратегиясын ой­дағыдай жүзеге асыруда еңбек өнімділігін арттырудың өлшеусіз ықпалы болмақ. Осы орайда Елба­сы Астанада ашылған локомотив депосында қазіргі күннің өзінде әрбір жұмысшыға шаққанда еңбек өнімділігінің 90 мың долларға жетіп отырғандығын атап айтты. Бәсекеге қабілеттілікті арттырудың қозғаушы күші еңбек өнімділігі екендігі даусыз. Қабылдауда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы елімізде жұ­мыс істеп тұрған салық жүйесіне байланысты жан-жақты пікір білдірді. Біз ТМД мемлекеттерінің ішінде ең төменгі салық көлемін белгіледік. Табыс салығы 10 пайыз болса, корпоративтік салық 20 пайызды құрайды. Мұндай төменгі өлшем ешбір елде жоқ, деді Пре­зидент. Сондықтан еліміздегі бар­лық бизнес субъектілерінің мем­лекет қоржынына түсетін салықты дер кезінде және әділдікпен төлеп отыруы басты міндет. Сонымен бірге, Елбасы Жолдауда ерекше мән берілген еліміздің құқық қорғау жүйесін реформалау мәсе­лесіне де ерекше тоқталып, осы мақ­сатта арнайы мемлекеттік ко­мис­сия жұмыс істеп жатқандығын ескертті. Бұл комиссия құқық қор­ғау жүйесін реформалауға байла­нысты халықаралық тәжірибелерді жан-жақты зерттей келіп, үстіміз­дегі жылдың ішінде арнайы шешім қабылдауы керек. Жолдауда терең мән берілген білім беру саласын дамытуға байланысты сөйлеген сө­зінде Президент Астана қаласында құрылып жатқан бірегей оқу орындары – “Жаңа халықаралық университет”, “Арнаулы қор”, Интеллектуалдық мектептер сияқ­ты ірі жобаларды айта келіп, осы университет аясында ашылатын 4 ғылыми орталықтың жұмысына да ерекше тоқталып өтті. – Біз еліміздің алдағы онжыл­дықта даму стратегиясын анық­тай­тын үлкен бағдарлама қабылдадық. Бұл өміршең міндетке бүкіл халық болып жұмыла кіріссек, мақсаты­мыз­ға жетеміз. Халқымыз, әсіресе, жастар мұны жақсы түсінуі керек. Алға аса үлкен мақсат қойып отыр­мыз. Әлемдегі бәсекеге қабі­лет­ті 50 елдің қатарына кіруіміз, индустриялық-инновациялық ел болуымыз, шикізатқа тәуелділіктен құтылу сияқты мақсаттар Алатау­дан да биік. Оның шыңына шығу үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек, – деді сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев. Жылқыбай ЖАҒЫППАРҰЛЫ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.