Жоба аясында тарих, философия, әлеуметтану, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, маркетинг, халықаралық бизнес, халықаралық құқық, педагогика, дипломатия, әдебиеттану, семиотика және өзге де гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытылатын үздік оқулықтар қазақ тіліне аударылып, басылып, отандық 110 жоғары оқу орнына таратылуда. Аударма жұмысы басталғалы бері «Ұлттық аударма бюросы» Кембридж, Оксфорд университеттерінің баспалары және «Cengage», «Pearson», «Penguin Random House», «McMillan» сынды беделді халықаралық баспа үйлерімен тығыз әріптестік орнатқан. Бүгінгі таңда жоба аясындағы жұмыстарға жалпы саны 300-ге тарта маман жұмылдырылыпты.
Бұл ретте Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «100 жаңа оқулық» жобасына қосымша ретінде аударылып жарық көрген Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы», Ю. Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы» еңбектерін айрықша атауға болады. Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында таныстырылымы өткен қос бірдей кітап әлемнің бірнеше тілінде жарық көрген құнды еңбек саналады.
Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» (7 Habits Of Highly Effective People) еңбегі – әлемнің 40 тілінде 30 миллион данамен таралған жеке тұлғаның дамуы туралы танымал кітап. 70-тен аса елде 13 рет қайта басылып шыққан. Тұңғыш басылымы 1989 жылы жарық көрді. Жетістікке жетудің әдістемесін ұсынған №1 әлемдік бестселлер болып есептеледі. Кітап 4 бөлімнен тұрады. Автор жеке тұлғаның дамуына, қалыптасуына бағыт-бағдар беретін 7 дағдыны атап көрсетіп, әрқайсысын жеке-жеке талдайды. Алғашқы үш дағды адамның өзін-өзі басқару – толық тәуелсіздікке жету жолдары, келесі үш дағды – маңайындағы адамдармен өзара қарым-қатынас, соңғы жетінші дағды – адамның өзін және өзгелермен қарым-қатынасын басқара білу қабілетін үздіксіз жетілдіріп отыру тақырыбын қамтыған. Автор жетістікке жетудің жолы мен өмірлік маңызды принциптерді атап көрсетіп, кез келген жағдайда дұрыс әрі нақты шешім қабылдаудың әдіс-тәсілдерімен бөліседі. Бұл туынды ұзақ уақыт бойы ХХ ғасырдың бизнес саласындағы ықпалды кітаптарының көшін бастап тұрған менеджмент бойынша іскерлік әдебиет тарихында үздік он еңбектің қатарына кірген. Әлемде кітаптың аудионұсқасын жүктеп алғандар саны 1 миллионнан асыпты. Мұндай көрсеткіш АҚШ баспа ісі тарихында рекордтық көрсеткіш ретінде тіркелген.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген негізгі құндылықтар бар. Ол – сананың ашықтығы, білімге деген құштарлық, прагматизм мәселесі. Біздің ойымызша осындай қосымша кітаптар арқылы, қосымша білім арқылы бұл мәселелер қамтылатын болады. Сонымен қатар әлемдік бестселлердің енді аудио нұсқасы, электронды нұсқасы шығатын болады» деді Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов.
Әлемге әйгілі профессор Ю.Харариден тәржімаланған «Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабы бұған дейін әлемнің 45 тіліне аударылып, 20 мемлекетте 7 миллион данамен таралған. Империялар қалай құрылды және күйреді? Неліктен әйелдерді еркектерден төмен қойды? Адамдар шынайы бақытқа жете алды ма? Болашақта бізді не күтіп тұр? Кітап өткен кезеңдердің оқиғалары мен қазіргі заман мәселелері арасындағы байланысқа зер салып, оқырманды қоршаған орта туралы түсініктердің бәрін қайта қарауға бағыттайды. Юваль Ной Харари – тарихшы-медиевист, Иерусалимдегі Еуропа университеті тарих факультетінің профессоры. «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» және «Homo Deus: ертеңгі күннің қысқаша тарихы», сондай-ақ «ХХІ ғасырға арналған 21 сабақ» атты еңбектердің авторы. Мамандар жобаға қосымша ретінде енген мұндай оқулықтардың оқырмандарға берері мол деп есептейді.
«Алматы қаласының әкімдігі елімізде жүріп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына Алматының қосқан үлесі ретінде осы кітаптарды шығаруға бастамашы болып отыр. Шаһардағы 38 жоғары оқу орнының басын біріктіретін G38 деп аталатын үлкен алаңда осы кітаптар ұсынылды. Мұны үлкен шығармашылық ұжымның еңбекті жемісі деп айта аламыз. Бүгін – кітаптардың көпшілікке жол тартуын асыға күткен күн. Осы кітап ең үлкен қалалардағы ең үлкен дүкендерде сатылатын, ең үлкен тиражбен басылып таралған кітаптар. Бұған дейін қазақ тілінде мұндай ең көп таралған бестселлер болмаған. Биыл жоба аясында әлемдік бестселлер саналатын 30 кітап іріктеліп алынды. Тізімді біздің сайттан көруге болады. Қазір осы бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Негізінен бір кітапты аударуға 6-7 ай уақыт кетеді. Ол – аударма, ғылыми редакция, әдеби редакция, қаттау, беттеу, баспа сияқты кезеңдер. Шындығында, әр аударма – бір туынды жазумен пара-пар», дейді Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ