Футбол • 29 Қараша, 2018

«Астана» – «Динамо»: соңғы тур алдындағы шешуші матч

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңдегі бесінші тур ойындары ойналады. Бұл турда елорданың «Астана» командасы өз алаңында Украинаның «Динамо» (Киев) клубын қабылдайды. Егер жерлестеріміз бүгінгі кездесуде жеңіске жететін болса, топтан бірінші орынмен шығуға мүмкіндік туады. Ал егер тең нәтиже тіркеліп немесе жеңіліп қалатын болса бар мәселе соңғы турада шешілмек.

«Астана» – «Динамо»: соңғы тур алдындағы шешуші матч

Кешегі Кеңес одағы тұсында бүкіл Еуропаға танымал болған Киевтің «Динамо» командасы осымен Қазақстанға екінші рет келді. Бұған дейін «Динамо» Еуропа лигасының 2013/14 жылғы маусымында «Ақтөбемен» топтық кезеңге жолдама беретін плей-офф бәсекесінде кездесіп, екі ойынның қорытындысы бойынша 8:3 есебімен жеңіске жеткен.

Жетінші жыл қатарынан Еуропа лигасында доп теуіп жатқан «Динамо» алты рет топтық кезеңде, соңғы 5 маусымда төрт рет плей-оффқа дейін жеткен. Ал бесінші рет Еуропа лигасында ойнап жатқан «Астана» командасы осымен үшінші жыл қатарынан топтық кезеңде өнер көрсетіп келеді. Былтырғы маусымда тарихта тұңғыш рет плей-офф кезеңге шыққан болатын. Биыл сол жетістікті қайталауға тамаша мүмкіндік туып тұр. Ол үшін «Астана» бүгінгі ойында қалай да жеңіске жетуі керек.

Топтық кезеңнің алғашқы турында «Астана» сырт алаңда «Динамомен» ойнап, 2:2 есебімен тең түсті. Қазақстан командасының ойыншысы Роман Мұртазаев төреші қосқан қосымша минутта гол соғып, командасына маңызды бір ұпай сыйлады. Сырт алаңдағы тең ойнап, маусымды көтеріңкі көңіл-күймен бастаған «Астана» кейінгі үш ойында да ұпай иеленді. Екінші турда өз алаңында «Реннді» (2:0) жеңсе, сырт алаңда «Яблонецпен» тең түсіп (1:1), Астанадағы ойында 2:1 есебімен жеңіске жетті.

«Динамо» Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы екі ойынды да 2:2 есебімен аяқтады. Одан соң, «Реннің» осал тұсын тапты. Францияда – 2:1, Киевте – 3:1 есебімен басым түсті. Бүгінгі ойында Киев командасына топтан шығу үшін тең нәтиже де жеткілікті. Егер, жеңіп жатса, K тобының көшін бастайды.

Сондықтан бүгінгі ойында негізгі салмақ шабуылшылар мен қорғаушыларға түспек. Жазғы трансфер маусымында «Астанаға» қайта оралған Конголық шабуылшы Джуниор Кабананга бүгінге дейін 15 ойын өткізіп, әлі бірде-бір рет мергендігімен көзге түскен жоқ. Дегенмен Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі екі нәтижелі пас асырып, командасының жеңіске жетуге өз үлесін қосты. Қазақстанның үш мәрте үздік сұрмергені атанған, қазіргі таңда «Шахтер» футбол клубының спорт директоры Мұрат Тілешевтің айтуынша, Кабананга гол соқпаса да, командаға көп пайдасын тигізіп жүрген көрінеді. «Жуниор гол соқпаса да, командасына бір кісідей-ақ көмектесіп жүр. Әрине, шабуылшыларда кейде ондай сәтсіздіктер болады. Менің ойымша, Кабананга өзіне деген сенімдігін қайта келтіруі үшін бір гол соғуы керек. Содан кейін, барлығы өз жолына түседі деген ойдамын. Конголық шабуылшы өз голдарын Еуропа лигасы аясындағы «Динамо» мен «Реннге» қарсы ойындарға сақтап қалды деген үміттемін», дейді М.Тілешов.

Ал 2007 жылы «Алтын допты» иелеген украиналық атақты футболшы, қазіргі таңда футболдан Украина құрамасының бас бапкері болып жүрген Андрей Шевченконың пікірінше, алдағы ойын топтың жеңімпазын анықтайтындықтан, екі командаға да оңайға соқпайды. «Киевтегі ойын екі терезесі тең қарсыластың теке-тіресі болды. «Динамо» ойыншылары ойын басымдығына ие болып, тіпті, есепте алда тұрғанымен, қонақ команда өкілдері соңғы сәтте жинақы ойнай білді. Осы кездесуден кейін екі команда өкілдерінің лайықты қорытынды шығарғаны соңғы ойындарында көрінді», дейді ол.

K тобының бірінші командасын анықтайтын екі команда арасындағы кездесу бүгін сағат 20:50-де басталады. Ойынды QAZSPORT телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»