25 Қаңтар, 2012

Ұлағатты ұстаным

474 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлағатты ұстаным

Оқырманға ұсынылып отырған бұл кітаптың авторы Бақберген Досманбетов – еліміздегі танымал жандардың бірі. Ардақты азамат, қарымды қайраткер, білікті ғалым. Мәскеу инженерлік-экономикалық инсти­тутының түлегі. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің ректоры, Қызылорда қаласының әкімі – Қызыл­орда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екінші, үшінші, төртінші шақыры­лымының депутаты болды. Сенатқа келген 1999 жылдан бас­тап, өткен жылға дейін Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, хатшысы ретінде жоғары палатада жүйелі жұмыс жүргізді. Оның Парламенттегі белсенді депутаттардың бірі болғанына ел куә.

Оқырманға ұсынылып отырған бұл кітаптың авторы Бақберген Досманбетов – еліміздегі танымал жандардың бірі. Ардақты азамат, қарымды қайраткер, білікті ғалым. Мәскеу инженерлік-экономикалық инсти­тутының түлегі. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің ректоры, Қызылорда қаласының әкімі – Қызыл­орда арнайы экономикалық аймағы әкімшілік кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екінші, үшінші, төртінші шақыры­лымының депутаты болды. Сенатқа келген 1999 жылдан бас­тап, өткен жылға дейін Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, хатшысы ретінде жоғары палатада жүйелі жұмыс жүргізді. Оның Парламенттегі белсенді депутаттардың бірі болғанына ел куә. Сондықтан Бақберген Сәрсенұлының Сенат мінберінен көтерген мәселелерінің негізінде жазған осы кітабы оқырманды бей-жай қалдыра қоймас деп ойлаймыз.
Қоғам және мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов аталмыш кітапқа арнайы жазған «Азаматтық ұстаным» атты алғы сөзінде былай дейді: «Сенат құрамы – мемлекетшіл, интеллектуалдық ерекше ұжым. Мұн­да, негізінен, өмірден мол тә­жірибе жи­нақ­та­ған, еліміздің әр саласында, өңір­лерде маңызды-маңызды деген аса жауапты қыз­мет атқарған, бі­лімі, парасаты мол адамдар жи­нақ­талған… Бұл еңбек – тек бір сенатордың жұ­мы­сы ғана емес, сол бір адамның қызметі арқылы тіпті бүкіл Се­нат­тың қызметінен мағлұмат береді десем, артық айт­қандық болмас. Осы кітаппен танысып, сенатор Дос­ман­бетовтің ұс­танымдарын байқауға болады».
Бақберген Досманбетовтің Пар­ламенттегі әріптестерінің бірі болғандықтан мен бұл тұжырымның дәл айтылғанын айғақтай аламын. Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымы Парламентаралық ассамблеясының мү­шесі ретінде бірқатар шет елдерде іссапарда бірге болдық. Оның биік мінберден сөз алып, талай рет бағалы пікір айтып, ұтымды ұсыныс білдіргеніне тәнті болдым және бұл жинаққа өзек болып отырған сенатор ұста­нымдарымен жақсы таныс­пын.
«Ұстаным» жинағына Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Палаталарының бірлескен мәжілістерінің, Сенаттың, Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары қатысқан отырыстарының стенограммалық есептері, сенатор-автордың депутаттық сауалдары, баспасөзде жарияланған мақалалары мен сұхбаттары, ой-пікірлері мен алқалы жиындарда сөй­леген сөздері енгізілген. Демек, бұл еңбектен Сенат депу­татының күнделікті қызметі, заң шығару ісіне қосқан үлесі, оның дүниетанымы, ой-өрісі, рухани әлемі туралы мол мәлімет алуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, халық қалаулысының бұл кітабы өзге әріптестеріне де үлгі екенін айта кеткен жөн.
Тәуелсіз елдің тағдыры туралы толғаныс – бұл кітаптағы жиі кездесетін ойлы оралымдардың бірі. Он екі жыл бойы Сенат қабырғасында тынбай еңбек еткен абыройлы азамат Қазақ елінің алға басқан әр қадамына шын қуанады. Мемлекетіміздің ме­рейлі келешегі туралы байыптама жасайды, тәуелсіздікті тұғырына қон­дырған елдің де, оның туын биік ұстаған ердің де лайықты бағасын береді. Бақберген Досманбетовтің: «Тәуелсіздік Нұрсұлтан Әбішұлының табиғи талантын ашты, ал Назарбаев елінің бағын ашты. Тарих дегеніміз мәңгілік өлшеміндегі деректер мен дәйектер. Сол дәйектерді тағы жаңғыртып өтсек, Жаңа Қазақстанның жаңа тарихындағы жасампаз тұлға жарқырап шыға келеді», деген түйінді пайымы осыны аңғартады.
Ғалымның ұстанымы үнемі елдік мұраттармен, ұлттық мүддемен орайласып тұрады. Ой-тұжырымдары мемлекетшілдік көзқараспен де, қазақы қалыппен де берік үйлеседі. Бірде ол білім мәселесін талқылауға арналған Сенат отырысында былай деді: «Өткен ғасырларда балаларын Мәскеу, Петербор, Қазан, Екатеринбургта оқытқан қазақтың ауқаттылары ел ішінде талабымен көзге түскен жарлы-жақыбайлардың да балаларын үлкен қалаларға оқуға жіберіп, бар шығындарын көтеріп отырған. Нәтижесінде талантты ұрпақтар ХIХ ғасырда, ХХ ғасырдың басында қазақтың зиялылық ортасын құрады, ұлтқа қалтқысыз қызмет етті, тіпті олар жаһандық төңкеріс жасаған большевизмге де қаймықпай қарсы тұра біледі. Ұлттық сана деген осы». Мұндай танымдық мәні бар маңызды пікірлерді жинақтан көптеп кездестіруге болады.
Бақберген Досмамбетов сайлаушылардың аманатын естен шығармай, елдің Премьер-Министрі мен Үкімет мүшелеріне депутаттық сауалдарын ұдайы жолдап отырды. Кейде жеке, кейде әріптестерімен бірлесіп, Бай­қоңыр­дың ахуалы туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Шынында да екі мемлекет билігінің арасында әуре-сарсаңға түскен халықтың әлеуметтік мұқтаж­дықтары жетіп-артылады. Бұл іске оның бастамасымен Ө.Байгелди, Ә.Кекілбаев, Қ.Сұлтанов, О.Сәпиев, М.Өтебаев сияқ­ты тәжірибелі сенаторлар да белсене атсалысты. Республикадағы суармалы жерлердің жағдайы, «Көксарай» су қоймасының ахуалы, Қызыл­ор­дадағы «Қорқыт ата» әуежайын қайта жетілдіру жайы туралы мәселелер сенатор Досманбетовтің Үкімет басшысына арналған депутаттық сауалдарына өзек болды. Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығындағы көк­темгі егіс жұмыстарын мемлекеттік қолдау, салық салу, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту, күріш шаруашылығына су тапшылығынан төніп тұр­ған қауіп-қатер, Жаңақорған ауданының ауыл шаруашылығы, Төретам және Ақай ауылдарының мұң-мұқтажы туралы проблемаларды да дер кезінде Үкімет алдына қойды.
Қай қызметінде де өнерге жанашырлығымен көзге түскен Бақберген Досманбетов адам тағдыры мәселесін ұмытқан жоқ. Бұл орайда әрине, оның көптеген депутаттық сауалдары өзі туып-өскен Сыр бойында қордаланып қалған жәйттерге байланысты болғаны рас. Кезінде КСРО Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты болған, Социалистік Еңбек Ері, атақты күрішші Қазына Жүсіпованың жоғалған наградаларының жай-жапсары, ауыр науқасқа шалдық­қан қызылордалық Ерлан Какмет деген ұланға медициналық көмек көрсету туралы ұсыныс та Бақберген Досманбетов тарапынан айтылды. Ал Арал ахуалы оның Парламентте тілге тиек ететін негізгі тақырыптарының бірі болды. Бұл кітаптан оқырман осы депутаттық сауалдардың мәтінін оқып, соған орай тиісті орындардың қандай шешім қабылданғаны жөніндегі мәліметке қанығады. Сол тұрғыдан алғанда, жинақта тек оның депутаттық ұстанымы ғана емес, азаматтық тұлғасы да айқын көрініс тапқан.
Қорыта айтқанда, бұл еңбек – Қазақстан парламентаризмі тәжі­рибесіндегі соны бастама. Бақберген Досманбетовтің «Ұста­нымы» қай тұрғыдан да салмақтап-саралауға, байыптап-бағалауға лайық еңбек.
Әділ АХМЕТОВ, Парламент Сенатының депутаты, профессор.