Қазақстан • 30 Қараша, 2018

«Цин-Каз» – 20 жылда өрісі кеңейген өндіріс

685 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңдағы әлемдік қаржы қиындығына қа­ра­мастан, кәсіпкерлік саласы еліміздегі экономика көр­сеткішін анықтайтын, серпінді әрі қарқынды дамып келе жатқан басты арналарының бірі болып отыр. Осындай қарқынды дамып келе жатқан табысты компаниялардың қатарында өзінің мәртебелі орнын иеленіп отырған «Цин-Каз» ЖШС-нің жетістігін мақтанышпен айтуға болады.

«Цин-Каз» – 20 жылда өрісі кеңейген өндіріс

Әрине, табысқа апарар жолда бір­шама қиындықтың кездесіп тұратыны заңдылық және бұл қиындықтарды ең­серу үшін бар күш-жігерді салып, тынбай еңбек ету қажет. Компанияның 20 жыл тұрақты жұмыс істеп, жылдан-жыл­ға жұмыс өнімділігін арттырып, ауқымын кеңейтіп келе жатуы – осындай қажырлы еңбектің нәтижесі. Табыс сырын тарқата айтқанда, кәсіпорынның жетістікке жетуіне ең алдымен оның осы жылдар аралығында тұрақты ұжым қа­лыптастыра алуы бас­ты себеп ре­тінде аталады. Компанияда жұмыс іс­тей­тіндердің әлеуметтік жағынан қор­ғалуы, ұжымда дұрыс орта мен жайлы жағдайдың қалыптасуы, жалақының лайықты болуы және уақтылы берілуі – осының бәрі де еңбек ұжымының тұрақ­тылығына, адамдардың ұзақ жылдар бойы табандап жұмыс істеуіне себеп болды.

Қазіргі таңда «Цин-Каз» көпшілік­ке танымал ірі қазақстандық ком­­­­­­­па­ниялардың қатарында. Қызметінің негізгі бағыты – жеміс пен көкөністі қай­та өңдеу және консервілеу. Ком­па­нияның іргетасы 1998 жылы жел­тоқ­санда қаланып, сол кезден бастап іске қосылды. Өткен 20 жыл ішінде ком­­пания шағын ғана өндіріс цехынан Қазақстан Республикасында ғана емес, сонымен қатар көршілес елдерге де кең танымал, томат өнімдері мен кон­сервіленген көкөністер нарығында көш­­басшылар қатарындағы қарқынды дамып келе жатқан, бәсекелесе алатын ірі кәсіпорынға дейін өсіп жетілді. Қазақстандағы осы нарықтың 50%-дан артығын «Цин-Каз» сауда белгісімен шығарылған өнімдер құрайды. 

Өндірісті техникалық-технологиялық тұрғыдан жаңартып-жаңғырту – кәсіп­орынның алға қойған ең маңызды мақ­саттарының бірі. Кәсіпорында 2011 жыл­­­­дан бастап сомасы 618 535 000 тең­­гені құрайтын «Цин-Каз» ЖШС-нің өн­дірісін автоматтандыру, жаңғырту және кеңейтуді жүргізу» инвестициялық жобасы іске асырылуда. Бүгінде инвес­тициялардың басым бөлігі игерілді және осы жобаның аясында көкөніс салаттары мен соя тұздығын шығаратын екі жаңа цех салынды. Кәсіпорында жаңа цехтар іске қосылып, сапалы әрі сұранысы мол өнімді көптеп шығаруға өндірістік мүмкіндігі артып келеді. 

Тек 2017 жылдың өзінде ғана техно­логиялық жабдықтарға 135 898 880 теңге мөлшерінде инвестициялар құйылды. Инвестициялық жоба бойынша 2018 жылдың соңына дейін тағы да 346 миллион теңгеге жабдықтар сатып алу жос­парланып отыр.

Өнім түрлеріне тоқтала кетсек, бұл бағытта да мақсатты жұмыстар толассыз жүргізілуде. Жыл сайын компанияның зертхана мамандары өнімнің бірнеше жаңа тәжірибелік түрін әзірлейді, оның ішінен ең тиімді әрі сапалы деген бір-екі түрі іріктеліп, өндіріске енгізіледі. Атап айтсақ, соңғы екі-үш жылдың ішінде көкөніс салаттары, маринадталған қияр, әртүрлі тұздықтар, етке арналған маринадтар сияқты жаңа өнімдер шығарыла бастады. 

Барлық шығарылатын өнім норма­тивтік құжаттардың – кәсіпорын стан­дарттарының, мемлекетаралық стан­дарттардың талаптарына сай өндіріледі, ал өнімнің қауіпсіздігі ЕАЭО Техникалық регламенттеріне сәйкес жүргізіледі. Заманауи құралдармен жабдықталған өндірістік зертхана қолданылатын ши­кізаттың және шығарылатын өнімнің сапасын жоғары деңгейде бақылауға мүмкіндік береді. 

Осы орайда алдыңғы қатарлы басқа­ру­шылық технологияларды енгізу сала­сындағы жетістіктерді де атап өтсек орынды. Кәсіпорында ИСО 9001, ИСО 22 000, OHSAS 18001, ИСО 50 001 ха­лық­аралық стандарттарының талаптарына сәйкес төрт менеджмент жүйесі енгізілген және олардың бәрі де табысты жұмыс істеуде. Сондай-ақ жапондық Кайдзен – тұрақты жақсарту технологиясы да енгізілген.

«Цин-Каз» ЖШС қызанақ өнімдерін өндіру және консервілеу саласында көшбасшы бола тұрып, іс жүзінде өзі­нің тиімділігін дәлелдеп, шағын және ор­та бизнесті қолдау жөніндегі әртүрлі мем­лекеттік бағдарламаларға қатысып, мемлекет тарапынан қомақты көмек алып отыр. Бұл жерде екі жақтың да көрер пайдасы бар: кәсіпорын әр­түрлі преференциялар, субсидиялар, өн­дірісті дамытуға гранттар алады, ал мемлекет болса, осын­дай бизнеске кө­мектесу арқылы жал­пы экономикасын күшейтеді.

Бүгінде «Цин-Каз» өнімдерін таяу және алыс шетелдердің нарығына шы­ғару мүмкіндігі белсенді түрде қарас­тырылуда. Сұранысты зерттеуге, сапалы маркетингке, тиімді жарнамаға тиі­сінше көңіл бөлініп, күрделі іс-шаралар атқарылуда. Компанияның осы бағыт­тағы алғашқы қадамдары – бұл Ресей және Қырғызстанның қалаларына өнім­дерін экспорттау. Бүгінгі таңда өнімнің экспорты жалпы шығарылған өнім көле­мінің 10%-дан артығын алып отыр, ал болашақта бұл көрсеткішті жыл сайын 15-20%-ға арттыру көзделеді.

Кәсіпорын Дүниежүзілік сапа декларациясының ұстанымдарына бе­­рік екенін, өз қызметінің сапасын үне­мі жақсартуды көздейтінін және бағдарлама стандарттарына сәйкестігін «Global Quality Promotion Programme» халықаралық бағдарламасы бойынша декларацияға қол қойып, растады. Өнімнің және менеджменттің сапасын жақсарту, өз қызметкерлері үшін әлеу­меттік жауапкершілікті арттыру, салық төлемдері сияқты бағдарлама талаптарына сәйкес «Цин-Каз» «Сапаның алтын сертификатымен» марапатталған болатын.

Өндірісті кеңейту, шығарылатын өнім сапасының тұрақтылығын қамта­масыз ету, экспортты дамыту және кә­сіп­орынның бәсекелестік қабілетін арт­тыру бұдан әрі дамудың негізгі бағыт­тары болып табылады.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ