Қазақстан • 30 Қараша, 2018

Ілтипат хаты

867 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының тұрғыны Самғау Нәсіпхан дейтін бауырымыз бар. Осы жігіт аса бір риза кейіппен: «Мен Елбасының ілтипатына бөленген адаммын» дегенді үнемі айтып жүреді. Расында солай. Самғаудың туған жері – Шыңжаң өлкесіне қарасты Алтай аймағы, соның ішінде еліміздің шығыс шекарасымен ірге ұштасып жатқан Қаба-Буыршын ауданы. Өзінің айтуынша, ата-анасы ауылдың қарапайым да, қаражон адамдары болыпты. Бірақ нағашысы өңірге өнерімен танылған шебер екен.  

Ілтипат хаты

«Алдау қоспай адал еңбе­гін сатқан қолөнерлі – қазақ­тың әулиесі» деп Абай атамыз айтқандай, Самғау нағашы­сынан етік тігудің қыр-сырын жастай үйренген. Қысқасы, қазақтың көкқасқа етігін көктей жөрмеп, көнтеріден сірөкше салып, былғарыдан оймышты қалың қоныш қондырып, етік тігуді меңгерген жігіт 2005 жылы Алтай асып, атажұртына оралған. Келе сала атакәсібін қолға алған. Бірақ шалғай ауылдың шарқы белгілі, өнімі өте қоймаған соң, 2010 жылы елордаға келіп, етік тігуді бас­тап кеткен.  

– 2015 жылы еді, – дейді Сам­ғау ініміз. – Қолыма қым­бат қолты­рауын­ның терісі түс­ті. Оны басқаға қимай бар қа­­зақтың басын қосып, бағын ашқан Нұрсұлтан ағама арнап етік тігуге бел байладым. Етік тігіліп біткен соң оны Нұрсұлтан Әбішұлына жолдап, онымен қоймай 2012 жылдан бері үзбей тойланып келе жатқан 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтадым. Арада көп уақыт өткен жоқ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым етікші-оралман менің атыма жолдаған ілтипат хаты келіп жетті.

Өздеріңіз көріп отырғандай, Елбасы өзінің ілтипат хатын­да: Самғау бауы­рымыз жібер­ген сыйлықты қа­был алға­нын айтып, сыртта жүр­ген аға­йындар атажұртқа оралып, орын тапқандарына қуанышты еке­нін жеткізе келе, мұның бәрі тәуел­сіздіктің арқасы еке­нін ерекше ескер­тіп, сыйлық иесіне бақ-береке тілеп, хаттың соңына «2 желтоқсан, 2015 ж.» деген датамен қатар өзінің қолын қойыпты. 

Атам қазақ «жақсының ша­ра­па­ты – тәңірдің рахаты» дегенін­дей, осы оқиғадан кейін оралман бауы­рымыздың кәсібіне кең жол ашылған. Қазіргі таңда Самғау Нәсіп­ханұлына еліміздегі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша  елорда іргесіндегі Қараөткел ауылынан 20 сотық жер телімі беріліп, оған кәсіпкер азамат жеңіл аяқ киім өн­діретін шағын кәсіпорын салып жа­тыр. «Бұйырса, алдағы жылдың аяғына таман өндірісті іске қосамыз» дейді Самғау ініміз.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»