«Қазақстанның автожол желілерін дамыту мен жетілдіру – басым мемлекеттік міндеттердің бірі. Автомобиль жолдарының заманауи желісін құру және тиімді пайдалану, жол кешенінің инфрақұрылымы – мемлекет экономикасының серпінді дамуының негізгі тірегі. Үстіміздегі жылы еліміз бойынша 4,5 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар көлік жолдары жөнделді», деді Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр.
Биылғы көрмеде «Ірі қалалар мен жақын маңдағы елді мекендер арасында көлік қатынасын дамыту бойынша шаралар қабылдау» және «Өңірішілік қатынастарды жақсарту үшін жергілікті жолдарды жөндеуге қаржы көлемін 150 млрд теңгеге дейін ұлғайту» мәселелеріне басымдық беріліп отыр. Бұл шараларды жүзеге асыру Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 31 қаңтардағы халыққа Жолдауында тапсырылған.
Көрмеде Қазақстан, Беларусь, Украина, Ресей, АҚШ, Германия, Түркия, Қытай және басқа елдердің 100-ден аса заманауи ғылыми және техникалық өнімдері мен материалдары ұсынылды.
Ал «Өңіраралық жол инфрақұрылымын дамытуды шешу жолдары» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда АҚШ, Франция, Түркия, Ресей мен Қазақстанның белгілі компанияларының өкілдері өз елдеріндегі жол құрылымына қатысты тәжірибемен бөлісті.
«2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің министрлік автожолдар, көлік және азаматтық авиация салаларында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Негізінен автомобиль жолдарын салу мен қайта жөндеу жұмыстарына мән берудеміз. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында 2015-2017 жылдары республика бойынша І жəне ІІ деңгейдегі техникалық категорияларға жататын 5,9 мың шақырым жол салынды және жөндеуден өтті. Соның ішінде іске қосылған Батыс Еуропа –Батыс Қытай көлік дәлізі де бар», деді Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде жергілікті маңызы бар жолдарға бөлінген қаржы көлемі – 155,9 млрд теңге. Оның 64,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған. Бұл қаражатқа өңірлердегі жалпы ұзындығы 4373 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»