Қарекетсіз қарап жүру кімге болсын жараспайды. Мұндайда бұрынғылардың «қолың қимылдаса, аузың да қимылдайды» дейтұғын тәмсілін естен шығармаған дұрыс. Мемлекет жұмыссыз жүргендердің бар жайын ойластыруда. Мәселен, жоспарда кәсіби оқыту және несие беру мәселелеріне айрықша көңіл аударылып отыр.
– Облыста барлығы 22 мыңнан астам адам қамтылып отыр,–дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова,–мәселен «Бизнес-бастау» негіздері бойынша білім алған 422 адам жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекет тарапынан қарастырылған қайтарымсыз несиеге қол жеткізді.
Соңғы жылдары бұған дейін жұмыссыз жүрген адамдарды жұмысқа орналастыру барысында айтарлықтай жетістік бар. Оортақ іске электронды еңбек биржасы да ат салысуда. Биржа базасы мемлекеттік және жекеменшік жұмыс орындарының толық ақпаратын, жұмыс берушілердің анықтамаларын және бос тұрған жұмыс орындарының басын біріктіріп, бір арнада тоғытып отырған септігі мол электрондық алаң. Қазір бұрынғыдай табаныңнан таусылып, жігерің құм болып іздеп жүрмейсің. Ынтаң болса, бос тұрған жұмыс орындары қолмен қойғандай көрсетіліп тұр. Айтпақшы, жыл басынан бері электронды еңбек биржасы арқылы 14 мыңнан астам адамның жұмысқа орналасқандығын айтсақ, тиімділігі тайға таңба басқандай көрінеді емес пе.
Бағдарламаның бірінші бағытын жүзеге асыруға бір миллиардқа жуық қаражат қарастырылып отыр. Өз ісін бастаймын дегендерге де оңтайлы-ақ. Шағын және орта бизнеске несие беру бағытында 738 адам қамтылып отыр. Ал, жұмыссыз жүргендерді жаңа кәсіпке бейімдеу үшін кәсіптік оқыту бойынша 1500 адам қамтылып, білім алған. Бұл жұмысты 25 кәсіптік білім беретін колледж атқаруда. Мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты, яғни, техникалық және кәсіби білім берумен қамту бойынша үш мыңға жуық адам 60 мамандық және 122 біліктілік бойынша оқытылған.
Осындай қамқорлықтың арқасында көптеген адамдар жаңа кәсібін тауып, жұмысқа орналасып жатқанын көргенде үміт те, сенім де еселене түседі екен.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы