Бұл ортақ шешім ТМД елдерінің Құрылыс қызметіндегі ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық кеңесінің отырысында қабылданды.
ТМД-дағы сейсмикаға төзімді құрылыс мәселелерімен айналысатын бірыңғай ұйымды құру қажеттілігі сейсмикаға төзімділік мәселелерінің геофизика, оның ішінде сейсмология және геодинамика міндеттерін шешумен, яғни құрылыс қызметіне қатысы жоқ әрі ғылыми тұрғыдан көп зерттелмеген тақырыптармен тығыз байланысты болуынан туындап отыр. ТМД-дағы сейсмикаға төзімді құрылысты дамыту саласындағы бірыңғай тәсіл сондай-ақ күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларда әр түрлі конструктивтік шешімдердің орнықтылығына талдау жүргізу және тиімді сейсмикалық оқшаулау әдістерін өндіру қажеттілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ведомстволық бағынышты ұйымының сейсмикаға төзімді құрылыс саласында 87 жылдық тәжірибесі бар. Институттың қажетті ғылыми әлеуеті, сондай-ақ конструкциялардың, натуралық ғимараттардың және олардың фрагменттерінің инерциялық әрекет ететін діріл машинасы және полигондарда сейсмикалық жарылыс әсерлері арқылы статикалық және динамикалық сынауларынан тұратын бірегей эксперименталдық зерттеулер жүргізілетін заманауи жабдықтармен және өлшеу құралдарымен қамтамасыз етілген эксперименталдық базасы бар. Ғимараттарда орналасқан Қазақстандағы жалғыз инженерлік-сейсмометриялық станциялар желісі – Алматы қаласында 10 станция, Қапшағай және Тараз қалаларында 1 станциядан ойдағыдай қызмет атқарып тұр. Бұдан әрі оны жаңғырту және кеңейту ұйғарылып отыр.
«Ғимараттардың сейсмикаға төзімділігі міндеттері өзіне тұтас ғылымдар спектрін біріктіреді және әр түрлі бейінді мамандарды тартуды қажет етеді. Өкінішке орай, соңғы жиырма жылда сейсмология және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын сарапшылар мен ғалымдар саны айтарлықтай азайғанын мойындауға мәжбүрміз. ТМД елдірінің аумағында сейсмикаға төзімді құрылыс теориялары мен практикасын дамытуға жағдайлар мен тиімді механизмдер құру үшін біздің мүмкіндіктеріміз бен ғылыми әлеуетті шоғырландыратын уақыт келді», – дейді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Бас директоры Бегман Кульбаев.
ТМД қатысушы мемлекеттерінің Базалық ұйымының сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы негізгі мақсаттары мен міндеттері төмендегідей болады:
– ТМД қатысушы мемлекеттерінің ғылыми-зерттеу институттарының тәжірибе алмасу, эксперименталдық-теориялық зерттеулер жүргізу бойынша тиімді серіктестігі үшін шығармашылық платформа ұйымдастыру;
– ТМД қатысушы мемлекеттерінің арасында сейсмикаға төзімді құрылыс бойынша бірыңғай техникалық саясат жүргізу бойынша жан-жақты серіктестігіне жәрдемдесу;
– ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикаға төзімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге жас ғалымдарды тарту.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ