Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2018

Алматы әкімі қаланың үздік мұғалімдерімен кездесті

443 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен білім саласының инфрақұрылымын дамытуға зор көңіл бөлініп келеді. Тек биылғы жылдың өзінде алып шаһар Алматыда білім нысандарын құрылыс пен күрделі жөндеуден өткізуге 17 млрд теңгеден артық қаржы бөлінген. Тәуелсіздік жылдарынан бері қалада 117 оқу ордасы бой көтерсе, соңғы бес жылда саланы қаржыландыру 37%-ке өскен.

Алматы әкімі қаланың үздік мұғалімдерімен кездесті

Жыл басынан бері жаңаша білім беруге кіріскен Алматылық мұғалімдердің 70%-нің жалақысы 30 процентке көбейген.  Ал қыркүйектен бастап ұлттық кәсіби тестілеуді оңай еңсерген 1293 ұстаз алғаш рет өздерінің  қызметтік еңбекақысына 30 дан 50 процентке дейін қосымша ақы алатын болады. Бұл туралы қаланың педагогтар қауымымен кездескен шаһар басшысы Бауыржан Байбек айтты. Әсіресе физика, химия, информатика пәндерін  ағылшын тілінде оқытатын мамандарға айрықша жағдай жасау көзделген. Мұндай мұғалімдердің қызметтік жалақыларына қоса 200%-тік көлемде қосымша ақы төленеді.      

Қаланың үздік педагогтарымен кездескен әкім Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында білім және ғылым министрлігінің «Педагогтың мәртебесі туралы» және «Оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайту бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заңдардың жобаларын дайындағанын атап өтті. Оның сөзінше, қаладағы  барлық ұстаздар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері аталған заңды талқылауға белсенді түрде қатысуы керек. 

«Ең маңыздысы, Жобадан қазақстандық педагогтар өз жұмыстарының жоғары бағаға ие екенін, білім саласында туындаған барлық мәселелерге, оқушылар мен мұғалімдерге айрықша назар аударылатынын көрді. Сіздердің қаланың білім саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз өте жоғары, жауапты әрі қиындығы мол ұстаздық қызметтеріңізге алғыс айтамын. Оқушылардың түрлі білім сайыстарында биік жетістіктерге жетуі  жеке кәсіби біліктіліктеріңіздің сапасын айқындай түседі», деді ол.

Алматы қаласының білім беру жүйесінде 1078 білім беру ұйымы жұмыс істесе соның жеті жүзден астамы мектепке дейінгі білім беру мекемесі. Мәселен, соңғы екі жылдың өзінде қалада 10,4 мың адамға арналған 262  мектепке дейінгі мекеме ашылған. Бүгінде мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу ісімен қаладағы үш жастан алты жасқа дейінгі жеткіншектердің 81,2 проценті  қамтылып отыр. Мектептер мен мектептен тыс ұйымдарда іске қосылған робототехника және 3D модельдеу үйірмелерінде 3 мыңнан астам шәкірт білім алады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ