Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2018

Шымкентте кедендік рәсімдеу жүйесінде «АСТАНА-1» ақпараттық жобасы енгізілді

427 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеровтың төрағалық етуімен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға арналған «Кедендік декларациялаудың кейбір ерекшеліктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға «Нұр Отан» саяси партиясының Шымкент қаласы филиалы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жауаптылары қатысты.

Шымкентте кедендік  рәсімдеу жүйесінде «АСТАНА-1» ақпараттық жобасы енгізілді

Жиында Мемлекет басшысы алған қойған «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасында экспорттық және импорттық кеден рәсімдерінен өту кезінде «бір терезе» қағидасын енгізу айтылды. Сондай-ақ, электронды жария ету жүйесін дамыту (тауарларды кедендік тазалауға автоматтандырылған жүйені енгізу), экспорт және импорт үшін құжаттар санын және оларды өңдеу уақытын қысқарту жағы сөз болды.

Ұлт жоспары мен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексімен Еуразиялық экономикалық одақтың кеден шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға декларацияны ұсынуды міндетті түрде электрондық түрде жүзеге асыру қарастырылған. Осы мақсатта «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі енгізіліп отыр. 

Аталған жүйенің негізгі мақсаты – кедендік ресімдерді жылдамдату, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың уақыттық және қаржылай шығындарын қысқарту, электронды декларациялау жүйесін енгізу, құжаттар санының қысқаруына мүмкіндік туғызу, алдын ала ақпаратты ұсыну және кедендік декларацияны шығару болатын. Бұл ең бастысы, осы жүйені енгізу арқылы кеден органы мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың тікелей қатынасын қысқарту арқылы сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға мүмкіндік тудырады.

Басқосу соңында қатысушыларға «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінде жұмыс жасаудың негізгі ерекшеліктері, басшылардың азаматтарды қабылдау күні және кеден бекеттерінің байланыс нөмірлері көрсетілген брошюралар таратылды.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»