Өз жобасының тиімділігін ғылыми-теориялық түрде дәлелдеп, грант ретінде қомақты қаржы ұтып алған ол енді іс жүзінде нәтижесін шаруаларға көрсетпек. Яғни, ғалым аграрлық ғылымды дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру бойынша Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін аудан әкімдігінен 16 гектар жер сұрап отыр.
Жалпы, Түркістан облысының Келес ауданы аграрлы аймақ. Келес өзені бойында орналасқан шаруалардың барлығы көкөніспен айналысады. Биыл ішкі өнім 57 млрд теңге болады деп жоспарланса, оның 60%-ы ауыл шаруашылығында өндіріледі. Алайда ағын су осы саладағы өзекті мәселенің бірі болып отыр. Ағын су келетін магистральды каналдар көрші Өзбекстаннан басталады, яғни судың 85 пайызын көрші елден алады. Үкіметаралық келісім бойынша аудан 125 млн текше метр су алуы тиіс.
Бірақ биыл тиесілі судың 40-44%-ы ғана берілген. Сол себепті диқандар су тапшылығын сезінді. Бұл әрине, жоғары деңгейде шешілуі тиіс мәселе. Осы орайдағы екінші мәселе – каналдарды механикалық тазалау. «Мысалы, 1000 гектар суармалы жерді суландыратын ұзындығы 13,6 шақырым Ошақты каналын жыл сайын тазалау үшін шамамен 60-100 млн теңге қаржы керек. Тазаланбаса батпақтанып қалады. Бұл мәселені шешу үшін каналды бетондау қажет. Ағын суға қатысты мәселелер бойынша 2019 жылдың бюджетіне 75 млн теңге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін облысқа сұраныс бердік», дейді аудан әкімі Ақментай Есбаев. Осы арада айта кетелік, ауданда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуда да шешімін күткен мәселелер баршылық. Ілгеріде, яғни 2008-2009 жылдары қазылған ұңғымалардың суы кермектеніп кеткен. Ал кейбірінен мүлде су шықпаған. Өйткені бұл бағыттағы құжаттамалар 1967 жылғы жер асты барлау қорытындысына сәйкес жасалған. Бұл орайда прокуратура ауыз су бойынша жерасты барлау жүргізу қажеттігіне байланысты қарсылық білдіріп, барлық жұмысты тоқтатқан. Содан кейін бұрынғы Сарыағаш ауданында 49 елді мекенде жер асты барлау жұмыстары 2014 жылға дейін жүргізіліп, 27 елді мекенге оң қорытынды беріліпті. Оның 14-і бүгінгі Келес ауданының аумағындағы елді мекендер. Қазіргі таңда 6 ауылда ауыз су бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатса, 7 елді мекенге ЖСҚ әзірленуде, 12 ауылға жер асты барлау жұмыстарын жүргізуге тапсырыс берілген.
Қорыта айтсақ, бүгінде аудан халқының 48,1%-ы орталықтандырылған сапалы сумен қамтылған. Бұл көрсеткішті 2020 жылы 72,3%-ға жеткізу көзделіп отыр. Айта кетелік, жыл соңына дейін тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін ауданда 79%-ға жеткізу жоспарланса, бүгінде қамтылуы 45,7% болып отырған «көгілдір отын» мәселесін 2022 жылға дейін толық шешу мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Халқының саны 135819 адамға жеткен ауданда шағын және орта бизнес жақсы дамыған. Жыл басынан бергі тоғыз айдың көрсеткіштеріне назар аударар болсақ, бүгінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7337-ге жеткен. Аталған салада 15735 адам жұмыспен қамтылып отыр. Шағын және орта бизнес саласының шығарған өнімдері 20,4 миллиард теңгеге жеткен. Жергілікті кәсіпкерлер тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына да септігін тигізуде. Мысалы, онға жуық адам кәсіпкер А.Рысжановтың өз есебінен салған екі бірдей шағын электр стансасында жұмыс істейді. Жақын арада кәсіпкер тағы 2 ШЭС құрылысын бастамақ. Ал Жуантөбе елді мекеніндегі «ТМ-строй-21» ЖШС-і 250 млн теңге қаржы жұмсап, пресс жіп иіру цехын іске қосатын болады. Өндіріс орны жылына 1000 тонна пресс жібін дайындайды. Сондай-ақ серіктестік қыш зауыты құрылысын бастаған. Жобалық құны 160 млн теңгені құрайтын қыш зауытының жылдық қуаттылығы – 32,4 млн дана.
Биыл құрылысы басталған өндіріс орны 2020 жылы толық іске қосылады. Яғни, алдағы уақытта екі кәсіпорында 60-70 жаңа жұмыс орны ашылады. «Көшім» шаруа қожалығы балық шаруашылығын қолға алып, 20 адамды жұмыспен қамтуды көздесе, «Ынтымақ» ЖШС 100 гектарға қарқынды бау егуді бастамақ. Ақтөбе ауыл округі аумағынан агро-индустриалды аймақ ашу да аудан әкімдігінің жоспарындағы жұмыс. Бұл аймақта қайта өңдеу цехтарын ашу, 10-15 мың тонналық қойма салу жоспарлануда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауданда негізінен көкөніс егілуде. Жылыжай 56 гектар болса, оның көлемі тағы 12 гектарға ұлғайтылмақ. 2018 жылдың тоғыз айында 9,4 гектар жерге жылыжай салынып, 287 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілген. Бұл, әрине, өңірді азық-түлік, көкөніспен қамтамасыз етуге мол септігін тигізді. 23 мың гектар суармалы жердің 250 гектарына ғана мақта егіліпті. Көкөніс, бау-бақша өнімдері тиімді болған соң диқандар мақта алқабы аумағын азайтқан.
Табиғи өсім жоғары ауданда биыл 4 мектеп құрылысы жүргізіліп, оның екеуі жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Үш ауысымды және апатты мектеп мәселесі оң шешімін тапқан. «Десек те, алдағы уақытта осы мәселе қайтадан көтеріле ме деген қаупіміз бар. Себебі, ауданда туу көрсеткіші жыл санап артып келеді. Ол кезде мектептерге қосымша құрылыс салу қажет болады. Осындай құрылысты қажет ететін мектептердің саны қазірдің өзінде 17 болып отыр», дейді аудан әкімі А.Есбаев. Айта кетелік, аудандағы білім ошақтарының 70-80%-ы жаңа мектептер. Балабақшамен қамту үлесі бүгінде 85,4%-ды құрап отыр. Осы орайда Ұшқын ауыл округінде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылым жүргізіле отырып, 356 жер телімі тұрғындарға берілуде. Сондай-ақ Достық елді мекенінде аталған бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысы үшін 69 гектар жер бөлініп, инфрақұрылым жүйесі қарастырылуда.
Өз тарихында төрт рет оңтайландыруды бастан өткерген ауданда бау-бақша шаруашылығына, оның ішінде қайта өңдеу саласына баса мән беріліпті.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы