Тиімсіз субсидиялар саны қысқарады
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөнінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңделген өнім экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге ұлғайту міндеті қойылған болатын. Осыған сәйкес, Үкімет биыл шілде айында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын өзектендіріп, қайта бекіткен.
− Биыл екінші жартыжылдықтан бастап шағын және орта шаруа қожалықтарына негізделетін етті мал шаруашылығын дамыту бойынша ұзақмерзімді салалық бағдарлама іске асырыла бастады. Бұл үшін арнайы жеңілдетілген «Сыбаға» кредиттік өнімін іске қостық. Бүгінде 600-ден астам фермер кредит алды. Фермерлік шаруашылықтардың ірі қара сатып алу бойынша жылдық жоспары 50 мың басты құрайды. 11 айда 67 мыңнан астам басқа өтінім қабылданды, 55 мың басқа арналған кредит мақұлданып, берілді, – деді А.Евниев. Министрліктің мәліметіне қарағанда, биылғы 11 айдың нәтижесі бойынша сиыр етін экспорттау көлемі 14,5 мың тонна болған. Жыл соңына дейін сиыр етінің экспорты жоспарланған 15 мың тоннадан асып түспек. Сондай-ақ салалық сүт бағдарламасы сүт өндіру көлемін 10 жылда 1 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. Мақсатқа жетудің индикативтік көрсеткіштері айқындалды. 2027 жылға дейін қуаттылығы 400 басқа дейін жететін жаңа 527 отбасылық, қуаттылығы 400 басқа дейін жететін 19 өндірістік тауарлы сүт фермаларын ашу жоспарланып отыр. Министрліктің мәліметінше, дәл ұйымдасқан шаруашылықтар сүттің негізгі бөлігін береді. Аталған шаруашылықтар 2017 жылмен салыстырғанда, 10 айдың ішінде 7,8%-ға көп сүт өндірген. Ал жеке қосалқы шаруашылықтар осы уақыт аралығында небәрі 1,9%-ға ғана артық сүт өндірген.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі инвестициялық субсидиялау бойынша өзгерістер орын алғанын, енді инвестициялық салымдарды өтеу үлесі барлық паспорттар бойынша 25 пайыз болып белгіленгенін атап өтті. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру шеңберінде тиімсіз субсидиялар саны қысқаратынын айтты.
− Мұндай субсидияларға өсімдік шаруашылығындағы гектарлық, мал шаруашылығындағы өнімділікті субсидиялау жатқызылады. Реформалау қорытындысы бойынша 54 субсидия түрінен 34 субсидия қалады. Қалғандары барынша оңтайландырылып, жыл соңына дейін толық автоматтандырылады, – деді ол.
Вице-министрдің есебіне сәйкес, Қазақстаннан Қытайға экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 42 пайызға ұлғайған.
− Қазір көптеген ауыл шаруашылығы тауарлары – балық өнімі, асыл тұқымды жылқылар, мұздатылған қой еті, бал, бидай кебегі, соя бұршағы, сойылатын жылқылар, сиыр еті, жоңышқа, ұн, өсімдік майы, арпа, жүгері Қытай нарығына жіберіліп отыр. Осы арқылы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қытай еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42 пайызға ұлғайды. Иран тарапымен тірі қойды, тоңазытылған әрі салқындатылған қой етін, сиыр етін, жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Ал биыл тірі мал жеткізуге қойылатын талаптарды келісу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ірі қара және ұсақ малды Сауд Арабиясына, ал ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қатысты шектеулер алынып тасталды, – деді А.Евниев.
Вице-министр қазақстандық 171 кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға құқық беретін шетелдік елдер тізіміне енгізілгенін атап өтті. 153 кәсіпорын түрлі агроөнеркәсіп кешені өнімдерін Қытайға экспорттау құқығына ие болса, 17 балық өңдеуші кәсіпорын Еуроодаққа балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алған.
Экономикалық маңызы бар тұжырымдама бекітілді
2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек таныстырды. Оның айтуынша, аталған бағдарламада ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру, өңдеу өнеркәсібіндегі экспорттаушыларды қолдау, шетелдік инвестицияларды қоса алғанда, жекелей инвестицияларды тарту арқылы ірі, үздік жобаларды іске асыру, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту көзделген.
− Бүгінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін үш негізгі мәселе анықталды. Бірінші, өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынатын инвестиция ағынының жетіспеуі. 2010-2017 жылдар аралығында негізгі капиталға салынған инвестициялар 2,3 есе өсті. Алайда, бұл өсім қарқыны саланың жалпы қосылған құнымен салыстырғанда негізгі сауда серіктестерінен артта екенін көрсетеді. Мысалы, Қазақстандағы көрсеткіш – 17%, Ресейде – 20% және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша – 26%. Екіншіден, өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін кәсіпорын саны 1,3 есе өсті. Бірақ бұл сала бойынша Ресейден (2,2 есе) және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінен (шамамен 6 есе) артта қалып отырмыз, – деді Ж. Қасымбек.
Үшінші, шығарылатын өнімнің «күрделілігі» төмен. Гарвард университетінің «экономикалық күрделілік» көрсеткіші бойынша Қазақстан 84-ші орынды иеленіп отыр, Ресей – 48 және Беларусь – 31-орында. Аталған межелі көрсеткіштерді арттыру жоспары бағдарламада жан-жақты нақтыланған. Ж.Қасымбектің баяндамасында болашақта елдегі кәсіпорындар үш топқа бөлінетіндігі айтылды.
− Бірінші топ «Мықты тыл» – бұл өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары, олардың есебінен халық тұтынатын тауарларды қоса алғанда, отандық өнімнің көлемі мен ассортименті кеңейтіледі. Сондай-ақ болашақ экспорттаушылардың пулы құрылады. Екінші топ – «Бәсекеге қабілетті өндірушілер». Бұл – жұмыс істейтін экспорттаушылар, олардың міндеті – экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту және күрделілігін арттыру. Үшінші топ – «Салмақты орталықтар», оның ішінде базалық салалардағы, сондай-ақ трансұлттық компаниялар мен шетелдік инвесторлар қатысатын ірі, капиталды қажет ететін жобалар, – деді Ж.Қасымбек.
Тақырыпты қорытындылау сөзінде Үкімет басшысы Б.Сағынтаев тұжырымдаманың Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерге сай келетінін атап өтті.
Тұрғын үй саласын цифрландырудың артықшылығы мол
Жиында талқыланған келесі мәселе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыруға арналған болатын. Бұл туралы баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек көппәтерлі үйлерге орнатылатын есептеу құралдарының пайдасын түсіндірді. Министрдің айтуынша, көппәтерлі үйдің жалпы жылуын есептейтін құралдарды орнату арқылы ай сайынғы төлемақыны 36 пайызға азайтуға болады. Мәселен, 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтердің жылуы үшін ақының көлемі орташа есеппен 2 720 теңгеге дейін төмендейді. Ал республика бойынша жыл сайын 32,5 млрд теңгені үнемдеп отыруға мүмкіндік бар.
− Осы орайда Ақтөбе қаласында жалпыүйлік жылуды есептеу құралы мен автоматты жылу пунктін орнатқаннан кейінгі үнемдеу шараларын мысал ретінде келтіруге болады. Өткен жылы 29,8 шаршы метрлік пәтердің қазан айындағы жылуы үшін 3 547 теңге төленді. Жылуды есептеу құралы мен автоматты жылу пунктін орнатқаннан кейін 2018 жылдың қазан айында жылыту құны 466 теңгені құрады, яғни үнемделген қаржының көлемі – 3 081 теңге немесе 86,8 пайыз, – деді Ж.Қасымбек. Министрдің мәліметіне сәйкес, республика бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерде есептеу құрылғыларын орнату көрсеткіші 45 пайызды құрайды. Яғни бүгінде 50 мыңға жуық үйге арнайы құрылғы орнатылған, енді 62 мыңы қажет екендігі анықталып отыр.
− Бүгінде қанатқақты режімде «e-SHANYRAQ» деп аталатын Тұрғын үй қоры мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесін құрдық. Жобаны іске асыру аясында жылдың соңына дейін е-SHANYRAQ-қа 190 көппәтерлі тұрғын үйді қосу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 1405 көппәтерлі тұрғын үй техникалық паспорттар мен 3862 есептеу құрылғысы жүйеге қосылған, – деді Ж.Қасымбек. Оның айтуынша, жыл соңына дейін көппәтерлі тұрғын үйлерге шамамен 2 мыңнан астам техникалық паспорт және 4 мыңнан астам есептеу құрылғысын қосу жоспарланған. Алдағы төрт жылда көрсеткіш 100 пайызға жетеді деген болжам бар.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Б.Сағынтаев құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыруға арналған барлық жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырып, аталған жобалардың экономикалық тиімділігін тағы бір екшеп алу қажеттігін айтты.