Теміржолдың ашылған жылғы ұзындығы 814,4 шақырым болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 1359,8 шақырымды құрайды, ал стансалар мен бекеттер саны 35-тен 60-қа дейін артты. Бұл оң өзгерістер өңірдегі жұмыспен қамту мәселесіне өз әсерін тигізіп, жалпы теміржолшының саны екі есеге, яғни 2800 адамнан 5804 адамға дейін жетті.
Маңғыстаудың географиялық орналасуы бөлімшенің транзиттік жүктерді тасымалдауына басымдық береді. Теміржолдар «Оазис» стансасы арқылы Өзбекстанмен, «Болашақ» стансасы арқылы Түрікменстанмен және Құрық, Ақтау халықаралық теңіз порттары арқылы Каспий маңы елдерімен жүк тасымалын жүзеге асыруда орасан мүмкіндіктерге ие. Теміржол арқылы астық дақылдары, құрылыс материалдары, қиыршықталған тас, халық тұтынатын тауарлар мен металл өнімдері тасымалданады.
«Қазақстан темір жолы-жүк тасымалы» АҚ филиалы «Маңғыстау жүк тасымалы» бөлімшесінің директоры Н.Губашовтың айтуынша, 2018 жылдың 10 айы бойынша жүк тасымалының көрсеткіші 63478 вагон 3989, 4 мың тонна, яғни өткен жылмен салыстырғанда 751,0 мыңға артып, орындалуы 123,2%-ды құрады.
Маңғыстау облысы бойынша әлеуметтік жағынан маңызды саналатын жүктер – бидай, тас көмір тиелмесе де, оны тасымалдау жұмыстары жүзеге асырылады. Ақтау теңіз сауда порты арқылы Иранға арпа, Болашақ шекаралық теміржол стансасы арқылы Түрікменстан, Ауғанстан және Иран елдеріне астық, бидай, ұн және макарон өнімдері тасымалданады.
Халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі саналатын, Ақтау теңіз сауда порты арқылы тасымалданатын жүк көлемін 19 млн тоннаға дейін арттыру мақсатында салынған астық терминалдарының құрылысы, құрғақ жүктерді сақтайтын және порттың инфрақұрылымдық нысандарының Солтүстік терминал құрылысы пайдалануға берілгеннен кейін теңіз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жылдан-жылға ұлғайып, мөлшері артты. Сондай-ақ «Ақбидай» және «Солтүстік» бидай терминалдары арқылы 2017 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 153 кемеге 632 тонна бидай тиелсе, осы жылдың 10 айының көрсеткіші бойынша 343 кемеге 1 млн 332 мың тонна бидай тиелді. Осылайша тасымалдау көлемі 2 есеге ұлғайып, 210% көрсеткішті құраған. Ал Құрық теңіз порты арқылы 2017 жылы 1 млн 427 мың тонна жүк өткізілсе, биыл 2018 жылдың 10 айы бойынша 1 млн 455 мың тонна жүк тасымалданды.
– Әлеуметтік жағынан маңызды саналатын «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» тас жолының құрылысына Шетпе стансасынан 2017 жылдың 10 айында 9609 вагон немесе 657166 мың тонна қиыршықталған тас тиелген болса, ол көрсеткіш 2018 жылдың 10 айында 27156 ашық вагон, немесе 1 млн 851,335 мың тоннаға, яғни 141,9%-ға артып отыр, – деді Н.Губашов.
«Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы барысында халықаралық маңызы бар ірі жобалар «Бейнеу-Сексеуіл», «Өзен-Болашақ», «Боржақты-Ерсай-Құрық» жаңа теміржол желілері іске қосылды. Аталған бағыттар бойынша контейнерлермен бидай, халық тұтынатын тауарлар, комбайндар, контейнерлік пойыздар, астық дақылдары, мұнай және өзге де жүк тасымалы жүзеге асырылады.
Саладағы жаңашыл істердің бірі – мультимодальді көліктік үдемелі даму мақсатында транзиттік және ішкі сауда жүктерін тарту мен интеграциялық логистикалық өнімдерді дамыту аясында құрылған Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша 2017 жылда жүк тасымалының көлемі 2 млн тонна жүкті құрады және 102 мың контейнер тасымалданған болатын, 2018 жылы тасымалданатын жүк көлемін 4 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.
Маңғыстау темір жолы бөлімшесіндегі тағы бір жаңалық – келесі жылы «Маңғышылақ-Ақтөбе» және «Маңғышылақ-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойыздарының вагондары жаңартылмақ. Бұл жөнінде «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен Көлік және коммуникациялар министрлігі арасында келісім жасалған. Қазіргі таңда Украинада жасалған жаңа вагондар 2019 жылдың жаз айына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланған.
Маңғыстау темір жолдары тасымал және қарым-қатынас үшін тиімді көлік жолы ретінде өз жаңғыруын жалғастыра беретін болады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы