Туысқан екі ел арасындағы тамыры терең рухани достықты ту еткен айтулы шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Мерекелік бағдарламада Түркістан облысы, Сайрам ауданы облыстық өзбек драма театры ұжымы Л.Соловьевтың «Қожанасыр Сайрамда» музыкалық комедиясынан үзінді ойнаса, белгілі эстрада әншісі Әлішер Кәрімов бастаған бір топ өнерпаз көрерменді өзбек мәдениетінің қыр-сырымен таныстырып, ән мен биден шашу шашты.
Өзбекстанның Қазақстандағы жылы – бауырлас екі елдің саяси, экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынасының дамып, нығая түсуіне жаңа серпін берген елеулі оқиғалардың бірі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өзбек халқы – біздің жақын көршіміз. Орталық Азиядағы үлкен мемлекеттердің бірі. Сондықтан да Өзбекстанмен байланыс біз үшін қашанда маңызды» деп қос мемлекет арасындағы саяси-экономикалық һәм рухани достық байланыстың маңыздылығына айрықша тоқталып өткен болатын.
Осыған орай, 2018 жылдың маусым айында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Этносаралық қатынастар және шетелдермен достық қарым-қатынас жөніндегі комитеті арасында меморандумға қол қойылып, жарқын істер жүзеге асырыла бастады. Өзбекстанның Қазақстандағы жылын абыроймен еңсерген бауырлас ағайын 2019 жылы Қазақстан мәдениетін өз елдерінде кеңінен насихаттайтын болады.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»