21 Наурыз, 2012

Құбыладан соққан қоңыр жел…

531 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Құбыладан соққан қоңыр жел…

1

Арабстаным,

Қағбалы ғажапстаным,

Қабылда жанымның саз-ағыстарын.

Жеттім мен жыл құсы секілді,

Ұшырды Қазақстаным.

 

 1

Арабстаным,

Қағбалы ғажапстаным,

Қабылда жанымның саз-ағыстарын.

Жеттім мен жыл құсы секілді,

Ұшырды Қазақстаным.

Ұштым мен қанатым талғанша,

Қағбаның қасына барғанша.

Қарап тұр Қазақстаным,

Жанары талғанша.

 

Шекара бойында байқадым ғұмырды,

Көрмедім дамылды, мігірді.

Сақшының жүзінде – таңғы арай,

Күлімдеп жүгірді.

 

Сұрады тегімді, жөнімді,

Атажұрт, Отаным, жерімді.

Көтердім еңсемді, белімді,

«Қазақстан!» дедім елімді.

 

Арабым абыржып, мүдірді,

Құжатқа үңіліп, кідірді.

«Назарбаев» дегенде бас изеп,

Жол бастап жүгірді.

 

Жаныма ерекше күй еніп,

Жақсыға жасадым иелік.

Бар жерден қиналмай өттім мен,

Нұрсұлтан ағама сүйеніп.

2

Кіші жұма.

Мекке іңірі.

Кешқұрым,

Құбыладан қоңыр әуен естідім.

«Ақша бұлттар арабша өлең» секілді,

Жанға жайлы жаймашуақ кешкі мұң.

 

Кешкі мұң ба,

Ақшамдағы азан ба,

Аспан бейне ұқсап кетті қазанға.

Арабша өлең қазақшаға ауысты,

Дайындалдым жаңа жырды жазарға.

 

Көшті бұлттар үздік-создық, біртіндеп,

Жылжығаны мамыражай, үлпілдек.

Құбыладан қоңыр әуен жетеді,

Бұлақ қашып бара жатыр бүлкілдеп.

 

Бұлақ қашып бара жатыр бұралып,

Жаратқаннан жарлық алып, құп алып.

Иманды іңір инабатқа шақырып,

Асау ойға салады кеп бұғалық.

 

Құбыла желі жаныма өтті бөгелмей,

Тентек ойды тезге салып, көгендей.

«Азаныңыз аман болсын, мұсылман,

Қазаныңыз толы болсын» дегендей.

Иншалла!

3

Дін мен ділдің тамыры бір,

Бір Алланың әмірі бір.

Тау мен дала сағымы бір,

Мүсәпірдің қағымы бір.

Жер бетінде жүргендердің,

Жер астында қабірі бір.

 

Жұтатұғын ауаң да бір,

Шомылатын науаң да бір.

Көретұғын аспаның бір,

Табылатын дауаң да бір.

 

Жекеше өмір сүрем дейсің,

Өз жайымды білем дейсің.

Ұтқаныңды,

Ұтылғанды,

Сен қалайша түгендейсің?

 

Ұтқаныңды уыстайсың,

Жомарттыққа жуыспайсың.

Жақыныңмен ұғыспайсың,

Сонда-дағы суыспайсың.

 

Өзіңше боп толғанменен,

Кеуде қағып, болғанменен.

Өз өзіңнен аса алмайсың,

Бір биікке қонғанменен.

 

Бұл өмірдің ақ, қарасын,

Иманменен атқарасың.

Жауап берер күн келгенде,

Сауабыңмен ақталасың.

4

Мединеде – Мұхаммед,

Пайғамбарым,

Есімдерін әлемге жайғандарым:

Омар менен Әубәкір сахабалар,

Аралаған жұмақтың сайран бағын.

 

Мединенің ғажайып түнгі аспаны,

Жұлдыздары – Пайғамбар сырластары.

Сүйген құлы Алланың,

Әрі Елшісі,

Неткен бақыт, шіркін-ай, бір бастағы!

 

Мәртебелі Медине – құт мекен деп,

Ұлы адамды ұлықтап, күтті екен деп.

Пайғамбардың мешітін сипап тұрып,

Бұл ауаны Ұлы жан жұтты екен деп,

 

Дәл осында жүрді деп ақындары,

Ақындары – иманның жақындары.

Деген оймен қараймын жан-жағыма,

Қанаттарын жаяды шатырлары.

 

Қанаттарын жаяды сүрелер де,

Дүние ұйып тұрады дүр-өнерге.

Пайғамбардың мешітін сипап тұрып,

Қандай ғажап тілекті тілегенде.

 

Ұлы Адамға жүгініп,

Күбірледім,

Бар бақытым келгендей бүгін менің.

Ассалаумағалейкум, Алла Елшісі,

Қабіріңнің қасында,

Түбіндемін.

 

Жайсаң ойдың жайқоңыр үніндемін,

Жапырақтың көз ашқан бүріндемін.

Мешіттердің есігін ашып тастап,

Құбыла жаққа қарайды бүгінгі елім.

5

Иә, Алла,

Аштым саған жүрегімді,

Берерсің,

Не бермессің тілегімді.

Жоқтарын жеке бастың қоя тұрдым,

Қуандыр көп жылаған бұл елімді.

 

«Жеткіз» деп жалынамын тілегіне,

Батырма қайғы-мұңның түнегіне.

Ұлы елім,

Ұлың саған шын тілеуқор,

Жарықшақ түспесе екен тірегіңе.

 

Жамағат жасын жұтып, жыламасын,

Заманның алыс етші құламасын.

Сипашы қазағымның маңдайынан,

Біреуден бостандығын сұрамасын.

 

Иә, Алла,

Мың мінәжат,

Иілемін,

Тәуелсіз күндеріме сүйінемін.

Аспанда алтын күн боп жарқыраймын,

Көгілдір аспан болып киінемін.

 

Осылай болсын деймін мәңгілікке,

Еш орын болмаса екен жан күдікке.

Алашпыз ардың туын асқақ ұстар,

Қарамай қолдың кірі – мал-мүлікке.

 

Жанымды тербейді кеп арлы бір ән,

Ақсадым бұрын заман тарлығынан.

Тілеймін бір Алладан,

Туған елім,

Биік боп тұрса екен деп барлығынан.

6

Көңілімді көк аспанға бұрдым мен,

Иман-тауға инабатпен жүрдім мен.

«Азаттықтың ғұмыры ұзақ болсын» деп,

Арафаттың баурайында тұрдым мен.

 

Бір күн жұмбақ,

Бір күн қызық бір күннен,

Сыр тыңдаймын кеудемдегі бүлкілден.

Жылдар ұшып бара жатыр құс болып,

Ой еңсеріп,

Қазір менің күлкім кем.

 

Бәрін ойлап бұрқыраған от-күннің,

Арафаттың баурайында көп тұрдым.

Ихрамның жаймасындай аспаннан,

Ескен желге маңдайымды өптірдім.

 

Дархан дала,

Тылсым таулар, армысың?

Жаным саған жайып салды алғысын.

Әрбір тасы сүрелермен шайылған,

Әулие тау,

Аман-есен, бармысың!

 

Дала кезіп,

Теңіз кешкем телегей,

Күндер ағып өтті заулап жебедей.

Алаң болып енді жеттім баурыңа,

Алла мені есіркеп бір жебегей.

 

Топырағыңа бастым дымқыл бетімді,

Таңғы ауада тілек қандай өтімді.

Ар жолынан айнуыма жол бермей,

Мендегі иман өлең болып жетілді.

 

Күн шыққанда күн астына баптандым,

Шаңқай түсте шуағыңа шаттандым.

Екіндіде екі рәкат намазбен,

Ақшам түсе Арафаттан аттандым.

7

Мәуліт түні.

Мамыражай, жарық, нұр,

Бұл пендеңді көк әлемге алып кір.

Ұлы Адамның туған күні – ұлы күн,

Әбжад атты ұлы есепке барып тұр.

 

Ғибадат пен тағатыңды зерделе,

Мұны ұқпасаң білім кірмес зердеңе.

Әліп-әріп аспан жақты нұсқайды,

Сол түзу жол нұсқау берер жерге де.

 

Шариғатты шала білген – шайтан-дүр,

Шындық деген қағидатты байқап жүр.

Дүмше молда дін бұзады,

Шайтани,

Шайтанилар харам жолды шайқап жүр.

 

Әліп-әріп – сонау ғарыш әлемі,

Әлем – жұмбақ,

Әлем – анық, әдемі.

Жебірейіл жерге түскен кезеңнен,

Шайтандардың басталыпты әлегі.

 

Он сегіз мың ғаламдағы ұлы күш,

Наным,

Пайым,

Қабылдау мен ұғыныс.

Мұхаммеддің – салалайкум ас-салам,

Дүниеге келуі де құбылыс.

 

Мәуліт күні.

Мынау ғалам жап-жарық,

Ниетті де,

Үмітті де арнадық.

Ұлы Адамның нығыметіне бөленсем,

Деген арман жол тартады арна ғып.

 

Адам өлмей үміт-шіркін өле ме,

Көп қараймын әбжад атты төбеге.

Алла,

Бахис,

Жамал,

Дәулет,

Жоқ қайғы,

Бұл төртеуі түгел болса төбеде.

8

Әлемде өзгермейтін Жаратқаным,

Әлемге ай мен күнді таратқаным.

Аспанды алты күнде тік тұрғызып,

Жерді де жеті күнде жаратқаным.

 

Ғарышқа «бол» дегенде болғаны-дүр,

Ал Құран – баян болған сондағы жыр.

Топырақтан жаралған Адам Ата,

Алламыз жан бітірген – қолдағы нұр.

 

Жанати бақ етіпті тамыр басын,

Сездіріп бұл дүниеде жаңылмасын.

«Жалғыздық маған ғана жарасқан» деп,

Суырған Атамыздың қабырғасын.

 

Ой қусаң оралымды пайдаға сыр,

Жұмбағын жайып тастар жайма-ғасыр.

«Алма» деген алғашқы сөзді айтыпты,

Осы сөзге қаламын айран-асыр.

 

«Алма» деген Алланың бұйрығы еді,

Жанаттағы жемістің сүйрігі еді.

«Алма» деген осы сөз тек қазақта,

Деген ой да көлденең килігеді.

 

Сан ойланып,

Таба алмай нысанасын,

Шара болды шақшадай құса басым.

«Алма» деген қазақтың сөзі ғой деп,

Алла солай деген деп күш аласың.

 

Жеміс егер су берсе – жасы шығар,

Алма содан адамның асы шығар.

«Алма» сөзі тек қана қазақта бар,

Қазақ, сірә, адамзат басы шығар…

9

Жақсы-жаман мәңгі майдан, ғарасат,

Бар мен жоқ та мәңгі майдан, қарасақ.

Ар мен намыс аярлықпен майданда,

Сенен үміт күтіп келдім, Арафат.

 

Сенен көмек күтіп келдім, Ұлы тау,

Жігерімді жұтып келдім, Ұлы тау.

Алақаным аспан жаққа қарады,

Қол қайтарма, бітіп келдім, Ұлы тау.

 

Жолымды аш деп сеніп келдім, Ұлы тау,

Сертімді де беріп келдім, Ұлы тау.

Көп сөзділер бұза беріп уәдені,

Көресіні көріп келдім, Ұлы тау.

Шер байланып, толып келдім, Ұлы тау,

Шілдеде де тоңып келдім, Ұлы тау.

Шындығымды, шыттай жаңа болатын,

Шайтан таптап, оңып келдім, Ұлы тау.

 

Күлер кезде жылап келдім, Ұлы тау,

Жүрер кезде құлап келдім, Ұлы тау.

Мылтығы жоқ майдан көріп, қансырап,

Сенен сауға сұрап келдім, Ұлы тау.

 

Арафаттың аспанына алаңдап,

Мен отырдым мына уақытты жамандап.

Бер, Ұлы тау, тілегімді,

Бермесең,

Өмір сүре беремін де амалдап…

 

10

 

Не үлкен бұл дүниеде?

«Балық» дейді,

Хадисте де осыны анық дейді.

Құмырсқаны кіші деу жаңсақтық та,

Піл мен зілді үлкен деу – танық дейді.

 

Жаратқанның демінен күміс түлер,

Төрт мезгілден жаралған пүлішті жер.

Жаһан балық қарнында сүре оқыған,

Дәл осыны бір білсе Жүніс білер.

 

Қатесі жоқ жайлардың Құрандағы,

Табиғаттың тылсымы – жыр-ән бәрі.

Қосылмайды теңіздің сулары да,

Дәл осыны, япыр-ай, кім аңдады?

 

Тау қозғалып,

Қара жер сілкінбейді,

Жанартаулар көшкінін үркін дейді.

Бір жапырақ түспейді бұйрық болмай,

Жер жүрегі бұйрықпен бүлкілдейді.

 

Жыл мезгілін кім келіп ауыстырар,

Аспан-дағы бұйрықпен дауыс құмар.

Жаратқанның жарлығын тыңдамасаң,

Ақылыңнан бездіріп, ауыш қылар.

 

Бәрі, бәрі Құранда,

Қайран қылып,

Адамзатты сендірер ойландырып.

Дөңгеленген осынау қара жерді,

Жалғыз Алла жіберген айналдырып.

 

Дем саламын Құранмен бұл өлеңге,

Сенбестік жоқ титімдей мына менде.

Жер Анаға «Табын» деп кім айтып жүр,

Табынады адамзат бұл әлемге.

 

«Табын» деген тасқа да басылыпты,

Көк аспанның астында шашылыпты.

Аңғырт ойлап, асығыс байлам айтқан,

Алла біздің кешкейсің асылықты.

11

Күндерім көп жылымды ұрлағасын,

Көзімнің жасы төмен сырғанасын.

Алламыз қабыл еткей тілегімді,

Жарқ етіп жақсы нұрмен бір қарасын.

 

Таңданып,

Таңырқаймын құдіретке,

Айналдым бір тамшыдан жұмыр етке.

Тәніме жанды салған Жаратқаным,

Мен де бір құмырсқамын қыбыр етпе.

 

Дән терем – маңдай тердің дәні шығар,

Сөйлесем Сүбіхан Алла әні шығар.

Дүние жалғыз дәннен тұрса егер де,

Пейіштен келген кие – дәні шығар.

 

Алланың нұры түскей маңдайыма,

Қарамай қиындықтың қандайына.

Сүрені Фатихадан бастаймын мен,

Сол дәнді татамын да таңдайыма.

 

Пейіштен келген дәнді құрметтеп,

(Басқадай сусын еттік бұрын ептеп).

Өсірдік патша-дәнді тіршіліктің,

Арқауы,

Аруағы деп сүгіреттеп.

 

Сол бір дән өлең болып жарғанда бүр,

Жаныңның терезесін арманға бұр.

Несібең жалғыз дәннен жаралған деп,

Жар салып жатыр енді жалғанға жыр.

 

12

 

Ай ма жарық?

Жоқ, әлде көңілім бе?

Кездестім мен ғажайып соны күнге.

Әл-Харамның жарығы – иманжарық,

Менің келіп кеудеме төгілуде.

 

Асыл жарық,

Аппақ нұр себездеген,

Бұл сәулені мехнат шеге іздегем.

Әл-Харамның төрінен таптым ақыр,

Осында екен жұмсақ нұр мен іздеген.

 

Аппақ нұрға малынып,

Жаным балқып,

Алпыс екі тамырда қаным балқып.

Көтеріліп көңілдің күмбезіне,

Бара жатты тазарған тәнім қалқып.

 

Жұмсақ әуен құйылып ғарыштағы,

Жанталасқан жат тірлік алыстады.

Осы шығар иман мен исламның,

Бір әуенге ұйып кеп табысқаны.

 

Бәрі жарық осында.

Әл-Харамда,

Бір ғажайып жұмбақ бар аңдағанға.

Сүбіханна-сәулеге шомылдырып,

Сөз сәулесін жолдадым бар ғаламға.

 

Асыл жарық,

Нұр шашқан от күндейсің,

Көк аспанда күлімдеп көп күлгейсің.

Аспан жақта қалқыған ақ бұлт көрсең,

Өтегеннің өлеңі деп білгейсің.

 

13

 

Араб жұрты, дәстүріңе бойладым,

Қажылық – парыз,

Құрбан айты – тойларың.

Мұздалифа жазығында тұрғанда,

Мәмлүктер шежіресін ойладым.

 

Араб жұрты,

Кейде жақын, кейде алыс,

Жанымдағы тыным бермей

қойды ағыс.

Мысыр жұртын Мүбәрактай билеген,

Қай қиянда жатыр екен Бейбарыс?

 

Сахараның құмы – құба, жері – сұр,

Араб жұрты тарихы – шал, тегі – сүр.

Әділдіктің ақ байрағын көтерген,

Елге қарай кетті ме екен беріш-ұл?

 

Аруаналар аттап ғасыр арасын,

Аң-таң қылды бұл қазақтың баласын.

Сахаба деп салтанаттап данасын,

Періште деп сүйеді екен баласын.

 

Құранды да жырдай оқыр қарилер,

Парызды біл,

Міндетіңді бар, игер.

«Иә, Алла» деп босанады аналар,

«Иә, Алла» деп тіл ашады сәбилер.

 

Өткен күннің елшілерін шақырдым,

Сәлдесіне өлең жазған ақынмын.

Бейбарыстың ізін іздеп қапылдым,

Бір дерегін берсеңдерші батырдың.

 

Мен – қазақпын,

Жырға құмар бұл кеудем,

Құлақ аштым көңіл деген бүрлеуден.

Ауып келдім бұрын жолды таба алмай,

Тауып келдім Досжан салған сүрлеуден.

 

Құбылаға Алла деген жан ғашық,

Жаным менің жақсылықпен алмасып.

Жатыр бүгін.

Су бүркедім жолыма,

Бұл сүрлеуді қалмасын деп шаң басып.

 

14

 

Көгілдір әлем.

Көңілім де менің көгілдір,

Көгілдір әлем – көнеден жеткен

тегім бұл.

Бөрілі байтақ Құбылаға

қарай ұмсынып,

Шашырап кеткен таспиғын ойдың

теріп жүр.

 

Шым-шымдап тартып шындықтың

темір шідерін,

Жалғадым жырмен үздірмей үміт

күдерін.

Құлдырап кеткен,

Бұлдырап кеткен күндердің,

Құраннан таптым көңілге керек

бір емін.

 

Құраннан тауып, құр атқа

міндім ызғыған,

Құранға құла, кеудесі маздақ ізгі жан.

Алланың сөзін «апиын»

деген «көсемдер»,

Аттандап шауып, мән бере алмадық

біз бұған.

 

Өтпейтін пышақ секілді болдық

қайрағы аз,

Құранға түскен әріптер болды жай қағаз.

Қағбаның мөрі құйылып түскен

десек те,

Сүлгі де болды сүргінге түскен

жайнамаз.

 

Көгілдір әлем.

Көгілдір менің сарайым,

Аллаға сенген ақынның туы – Абайым.

Аллаға сенген хакім де болған абызым,

Сөз аспанында жарқырап жанған

жаңа айым.

 

Құранға құла,

Құраннан сұра, сұрасаң,

Әліптен баста «Алла» деп

сөзді құрасаң.

Адамға ұнау қиын ғой

мына заманда,

Аллаға ұна – ұнасаң,

Аллаға ұна –

ұнасаң!

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ.