Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген бұл картина әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала жайында баяндайды. Режиссердің айтуынша, фильмнің айтар ойы адамның рухани жан дүниесінің ішкі күрес арқылы тазаруына негізделген.
«Бұл менің жетінші қысқаметражды фильмім. Шығарма мазмұнына өз басымнан өткен оқиғаларды арқау еттім. Осыған дейін түсірген «Еркек» фильмінің идеясымен желілес. Дегенмен ондағы кей айтылмаған ойларды «Асан» фильмінде толық жеткізе алған тәріздімін», дейді Берік Жаханов.
Әзербайжан мәдениет министрлігі, Жас кинематографистер кино орталығы ұйымдастырған фестивальға 45 мемлекеттен 490 фильм қатысуға ұсыныс білдірген. Қабылдау комиссиясының шешімімен 30 елден 100 картина таңдап алыныпты. Конкурсқа Аяз Салаев (Әзербайжан), Гульбара Толомушова (Қырғызстан), Камбузия Партови (Иран), Тобиас Бюхнер (Германия) сынды кинематография саласындағы кіл мықтылар қазылық етті.
«Асан» фильмі 2017 жылы «Қазақфильм» ұйымдастырған сценарийлер конкурсында жеңімпаз атанып, өндіріске жіберілген еді. Одан бөлек, лента 71-ші халықаралық Канн кинофестивалі аясында көрсетіліп, көпшілік жылы лебізін білдірген болатын.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»