05 Желтоқсан, 2018

Қазақстанда жылу құбырларының тоттануына қарсы қанатқақты жоба басталды

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда тоттануға қарсы неміс технологияларын сынақтан өткізу  үшін пилоттық жоба басталды. Бұл туралы «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады

Қазақстанда жылу құбырларының тоттануына қарсы қанатқақты жоба басталды

Еліміздің жылумен жабдықтау құбырларының қызмет ету мерзімін ұзартуға және нығайтуға арналған арнайы құралдарды орнату және сынақтан өткізу жөніндегі қанатқақты жоба жұмысқа кірісті. Жоба «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ мен Merus неміс компаниясы арасындағы келісім аясында іске асырылуда. Астанада «Астана-Теплотранзит» АҚ алаңында аспаптарды тәжірибелік пайдалану басталды және Қызылордада жалғасады.

Германия өкілдері хабарлағандай, Merus технологиясын көп жылдық қолдану тәжірибесі жылу және сумен жабдықтау жүйелерінде пайдалану кезінде олардың жоғары тиімділігін көрсетті. Құбырдың айналасында орнатылған арнайы сақина құбыржолдар мен ілеспе жабдықтардан қақ, тот және бактерияларды алып тастайтын молекулалық тербелістер түзеді. Бұл бөлшектер құбырдан жуылып, жүйенің бастапқы жоғары өнімділік сипаттамаларын қалпына келтіреді және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мұндай технология үйлер мен ғимараттарды жылыту және техникалық қызмет көрсету шығындарын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

«Астана мен Қызылордада тәжірибелік пайдалану 5 айға созылады. Осы кезең ішінде мамандандырылған зертханалар зерттеулер жүргізетін болады.    Пилоттық жобаның оң нәтижелері арқылы жобаны ҚР басқа өңірлерінде іске асыру үшін одан әрі ынтымақтастық мүмкіндігі қаралатын болады. Сонымен қатар біз басқа да шетелдік технологияларды Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық секторында сынақтан өткізу үшін зерттейміз», – деді «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев.

«Астана-Теплотранзит» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сергей Голевтің айтуынша, Астанада соңғы 2 жылда тек магистральды жылу желілерінің  40 шақырымнан астамы пайдалануға берілген.

«Құбырлардың сапалық сипаттамаларын сақтап, мүмкіндігінше ұзағырақ қызмет етуі өте маңызды.  Жылумен жабдықтау жүйелерінің сенімділігі мен үнемділігінің төмендеу себептерінің бірі құбырлардың ішкі тотықтануы болып табылатыны белгілі. Сондықтан да біз тоттану жылдамдығын баяулатып, жылу тасымалдағыштың сапасына оң әсер ететін озық технологияларды байқап көруге әрі сынауға дайынбыз», – дейді Сергей Голев.

 Айта кету керек, Астана қаласында Merus аспаптарын орнату және сынақтан өткізу жөніндегі пилоттық жоба Астана әкімдігі, «Астана-Теплотранзит» АҚ және «Астана Су Арнасы» МКК қолдауымен жүзеге асырылуда. Тұтастай алғанда ТКШ секторына неғұрлым озық және тиімді шетелдік технологияларды тарту бойынша жұмысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің саланың энергия тиімділігін арттыру және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы ұлттық инновациялық жүйені дамыту саласындағы 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асыру шеңберінде «ТКШ ҚазОрталығы» жүргізіп жатыр.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ