Себеп – көрерменнің отандық өнімді қазақ тілінде тамашалай алмауы. Бұл наразылықты, әсіресе балаларын отандық туындылармен тәрбиелеуге ұмтылып, күнделікті тірліктің күйбеңінен қолы қалт еткенде кинотеатрға асыққан ата-аналар тарапынан жиі көруге болады.
Айтулы мәселенің ушыққан шағы, «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» анимациялық туындыларының жалпыхалықтық кинопрокатқа жол тартқан кезімен тұспа-тұс келді. Өйткені көптен күткен тарихи тақырыптағы картиналарды балдырғандар көп жағдайда ресми тілде тамашалауға мәжбүр. Себебі аталған фильмдердің қазақ тіліндегі көрсетілімі тым аз, яғни күніне тек екі-ақ мәрте, оның өзінде көрермен үшін өте ыңғайсыз таңғы және түскі уақытқа қойылған.
Мәселен, жақында ғана прокатқа шыққан «Күлтегін» анимациялық фильмі Астанадағы «Сарыарқа» мен «Керуен City» кинотеатрларының кестесінде жылт етіп көрінгенімен, «Керуен» ойын-сауық орталығындағы кинотеатрдың бағдарламалық кестесіне кешігіп барып, тек соңғы аптада қойылды. Кесте тұрмақ, отандық толықметрлі фильмнің жарыққа шыққандығы жайлы жарқ еткен жарнамалық баннер мен туындының бір парақ ақпараттық бағдарламасын таба алмай кинозалда сабылғанымыз және бар. Есесіне «Күлтегінмен» әлемдік премьерасы қатар өткен Уолт Дисней (The Walt Disney Company) компаниясының өнімі – «Ральф интернетке қарсы» мультфильмінің жарнамасы алыстан менмұндалайды. Жарқын бояулы алып баннер бала түгіл, ересек сіздің өзіңіздің анадайдан жанарыңызды жаулайды. Ал енді мұндай жарнамадан кейін бұл туындыны тамашаламай көріңіз?!
«Ральфтың» «Күлтегінмен» салыстырғанда бақыты сол – күніне 9 сеанс қатар жүреді. Бірақ оның тек екеуі ғана қазақ тілінде. Ал «Күлтегіннің» күнұзақ көрсетілімі 1 сеанстан аспайды. Аталған жағдайдың қайшылығы да сол – қазақ тілінде түсірілген картина еліміздің маңдайалды кинотеатрларында орыс тілінде дыбысталған нұсқасында көрсетіліп келді. Оның өзінің көрсетілім уақыты – таңғы сағат 10.40-та. Мұны кинотеатр қызметкерлері қазақ тіліндегі көрсетілім кезінде залға көрерменнің аз жиналуымен түсіндіреді. Ал кинозалдың бергі жағындағы ата-аналар балаларына төл тарихымыздан сыр шертетін отандық өнімді ана тілінде көрсете алмай пұшайман күй кешуде. Сонда қай тараптың уәжі орынды?
Егер фильмдерге қазақ тілінде сұраныс болмаса, мұншама көрерменнің наразылығы қайдан шықты? Ең сорақысы да сол – ресми тілде кино көрген қазақ баласы тарихи кейіпкерлердің есімін де тамашалаған тілінде есіне сақтап, «Культегин», «Ер Тостик», «Музбалак» деп шүлдірлеп шығып жатыр.
Аталған мәселенің мән-жайын білмек ниетте сауалымызды «Қазақфильм» киностудиясы Баспасөз бөлімінің жетекшісі Айнұр Исаеваға жолдадық. Айнұр ханымның айтуынша, «Кинематография туралы» заң қабылданбайынша, кинотеатрлардағы бұл бейберекетсіздіктің алдын алу мүмкін емес көрінеді. Оған тіпті Мәдениет және спорт министрлігі де қауқарсыз екен.
«Жалпы бұл прокат мәселесі бұрыннан қозғалып келе жатқан түйткілді жағдайдың бірі. Тіпті біздің осал тұсымыз десек те болады. Алайда прокат мәселесі, оның сеансының көп болу не аз болуы, қай тілде, қай кинотеатрда және қай уақытта көрсетілуі, өкінішке қарай бізге, «Қазақфильм» киностудиясына тәуелді емес. Бұл мәселені тіпті Мәдениет және спорт министрлігі де шеше алмайды. Өйткені кинопрокат жүйесі толығымен жекеменшік компаниялардың қолында. Біздің кез келген туындымыз, мәселен, «Күлтегінді» алайық, премьера алдында кемінде 2 ай бұрын кинотеатрлардың прокат кестесіне енгізіліп, олармен арнайы келісімшарт жасалды. Келісімшарт алғашқы екі аптаға, яғни кинотеатр тілімен айтқанда екі «уикендке» ғана құрылады. Егер сол уақытта мультфильм жеткілікті деңгейде көрермен жинай алса, шарт әрі қарай ұзартылатын болады. Керісінше жағдайда келісім де тоқтатылады. Бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе – келісімшарт жасасу барысында киностудия өз өнімдерінің ыңғайлы уақытта және міндетті түрде қазақ тілінде көрсетілуін ескертеді. Бірақ шынтуайтына келген кезде, оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ.
Аталған түйткіл төңірегінде біз кинотеатрлар жүйесінің директоры Ерлан Бұхарбаев мырзаға хабарласып, осы мәселені шешу туралы талай келіссөздер де жүргізгенбіз. Ерлан мырзаның айтуы бойынша, қазақ көрермені кинотеатрға бармайтын көрінеді. Бірақ «Қазақфильм» киностудиясының ресми парақшасына толассыз келіп жатқан қазақ тіліндегі кинолардың көрсетілімі турасында жазған көрерменнің наразылық хаттарында шек жоқ. Алайда біз мұны кинотеатрлар жүйесінің директорына айтып түсіндіре алмадық», дейді Айнұр Исаева.
Айнұр ханымның пікірінен кейін іле біз де «Керуен» сауда ойын-сауық орталығындағы кинотеатр басшылығына жолықтық. Алған жауабымыз айна-қатесіз «Қазақфильм» киностудиясының берген мәліметімен сәйкес келді. Кинопарк қызметкерлерінің түсіндіргеніндей, премьера күні кинотеатр кестесіне жаңа туындының екі тілдегі нұсқасын қатар қояды екен. Алғашқы күні қай тілге көрермен көп келсе, есепке сай сол тілдегі көрсетілімге басымдық беріледі-мыс.
Әйтсе де, бұл кинотеатрларда белең алып тұрған түйткілді мәселенің толыққанды шешімі емес. Өйткені еліміздің әрбір азаматының кинотеатрда қалаған киноны қазақ тілінде көру құқығы заңнамамен бекітілген. Нақты атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңының 28-4-ші бабында былай деп жазылған: «1. Қазақстан Республикасының аумағында барлық фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады. 2. Ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуға тиіс. 3. Шетел телеарналарынан ретрансляцияланған фильмдерді қоспағанда, прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуға тиiс».
Бұдан түйеріміз – Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» заңында тарқатылып айтылғандай, отандық кинотеатрлар қазақ тіліндегі фильмдерді өзге тілдегі сеанстардан кем қоймауға және «прайм таймда» көрсетуге міндеттелуі тиіс. Одан бөлек, аталған мәселе алдағы уақытта қабылдануы күтіліп отырған «Кинематография туралы» заңының қолданысқа енуімен бірге түбегейлі жойылады деп сенеміз. Өйткені келешекте қабылданар заңда бірнеше тармақ бойынша ұлттық деңгейдегі кинотуындылардың жалпыұлттық прокаты және оны «прайм таймға» қою міндеттеледі деп күтілуде. Сондықтан бұл мәселені әзірге уақытша ғана түйткіл деп қабылдап, «Кинематография туралы» заң аталған мәселенің түбегейлі шешімін тауып, қазақ көрермені өзіне қажетті кинотуындыны қалағанынша қазақ тілінде көре алады деп үміттенеміз.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»