Президент • 06 Желтоқсан, 2018

Гаур Пунит: «Рухани жаңғырудың» үйлесімді жалғасы

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Гаур Пунит: «Рухани жаңғырудың» үйлесімді жалғасы

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты ма­қаласын өз басым Ұлы дала өркениетінің тарих пен ата тек төңі­регіндегі аспектілерін қарас­тырған, өткен жылы жария­ланған «Рухани жаңғыру» мақа­ла­сының үйлесімді жалғасы деп қабылдадым. Менің назарым­ды аударғаны – мақалада Үндіс­тан, Италия, ежелгі  Рим халық­тарының төл тарихындағы ұлы же­тістіктер мен оның осы елдер қазір мекен етіп жатқан ау­мақ­тарға қатыстылығы аталып өт­ке­ні. Жалпы, «Полиэтностық бай мә­дениеті бар ежелгі Үн­дістан мен бүгінгі үнді халқын тарих тол­­­қынында үздіксіз дамып  келе жат­­­қан бірегей өркениет ретінде қа­­­рас­тыруға болады» деген тұ­жы­­­­рым менің де көңілімнен шық­­­ты. Пре­зиденттің пікірінше, бұл түп-та­мырымызды білуге, ұлт­­­тық та­ри­­хымызға терең үңіліп, оның күр­меулі түйінін шешуге мүм­­­­кін­дік тудыратын дұрыс ұста­ным.

Н.Назарбаев заманауи ғылым Қазақстанның тарихын түсінуге өзек болуы керек дейді. Осы тұр­ғы­да ол Қазақстан аумағында пай­да болған, содан кейін бар­лық бағыттарға тараған қазақ мәде­ниеті мен жетістіктері туралы ой толғайды. Сонымен бірге бұл ата-бабалардың ең озық техно­логиялық инновациялармен ты­ғыз байланысын дәлелдейтінін және әлемдік тарихтағы Ұлы даланың жаңа өлшемдерін тудыратынын атап өтті. Осы орайда ол «қазақ» сөзінің этнонимінен де бұрын пайда болған қазақ тайпалары мен қауымдастықтарының бар екенін және сондықтан еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар ұлттың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді кө­руге мүмкіндік бермегенін сөз етті. Президент Қазақстандағы көп­­те­ген этностық топтармен бай­ланысты ортақ тарихты, сон­дай-ақ Қазақстан тари­хын түсі­нудің оң және көп қырлы көз­қа­рас­тарын объективті қа­был­дау қа­жет екенін атап өтті. Біз­дің ойы­мызша, бұл ой да өте дәйекті. Қа­зақ­станның тәуел­сіз­дік алғаннан бер­гі негізге ал­ған басты ұстанымы – елдегі ха­лық­тардың татулығы мен бірлі­гін нығайту арқылы ұлттық тұтас­тықты жүзеге асыру үшін бұл аса маңызды. Осы тұрғыдан келген­де, Қазақстан Президенті төл та­рих пен мәдениетті ұлықтау ісін­де жалаң насихатқа жол бермей, заманның ағымын, уақыттың талабын мейлінше дөп басып отыр. Мақала сонысымен де құн­ды. 

Өткенін мақтан тұтып, бү­гі­нін нақты бағалай білу және бо­лашаққа оң көзқарас таныту – кез келген қоғам мен мемлекеттің табысты болуының кепілі. 

Гаур ПУНИТ,

PhD доктор (Үндістан)