Әдебиет • 06 Желтоқсан, 2018

Жалғыз. Әбіш Кекілбайұлы туралы

1575 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сөредегі сыйға тартылған кітаптардың біріне сыйға тартушы адам: «Жақсы кітаптарды оқу – өткен заманның ең жақсы адамдарымен әңгімелесу» деген Декарттың сөзін қалдырыпты. Астында «Кітап – ғасырларға сапар шеккен ақыл ескерткіші» деген ағылшын жазушысы Давенанттың сөзі бар. Енді ойланып отырмын. Азды-көпті оқыған санаулы кітабымды есепке алсам, кіммен сұхбаттас болмаппын. Бірақ солардың бәрін сіңіріп, қорытып үлгергеніме, әрине, үлкен шәк келтіремін. Білу үшін оқу мен оқыдым деу үшін оқудың парқын енді біліп келе жатқан жасымызға қарап кеш аңғарғанымызды шамалаймыз. Бірақ оған енді қайран бола ма?! Декарттың сөзіне қайырылып, өткен заманның ең жақсы адамының қайсысымен әңгімелескенімді қалар едім деп ойладым. Олар көп. Тым көп-ақ. Бірақ солардың ішінен Әбіш Кекілбайұлын таңдар едім. Ал оның себебі жеткілікті. 

Жалғыз. Әбіш Кекілбайұлы туралы

Ең алғаш рет, ол кезде Әбіш Кекілбайұлының нұрлы дидары ортамызда еді, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің үйіне әңгімесін жазып алу үшін барғанда осы ой келген. Нұрпейісов замандастары туралы ұзақ, қызықты естеліктер айтқан. Соның арасында Арал теңізіндегі теңіз деңгейінен жоғары, кірер аузы тар бір түбекті Әбілқайыр хан бір қыс паналағанын айтты. «Не үшін ол жерде қыстағанын мен білмеймін. Оны Әбіш біледі»,  деді. Ал кеп ынтызарым оянсын. Егерде Әбіш ақсақалмен жолықсам, осындай деп айтып еді, сол не оқиға десем, күллі тарихты көтеріп әкеліп, алдыңа қоя салатынына, көзбен көргендей, сол ортада жүргендей, әлгі ор­даға кіргендей баяндайтынына қылдай шүбәм болған емес. Бар тілегім, жазушыны көру болды. Кейін Кекілбайұлы 75 жасқа толғанда, жазушылық жолын шола өткен бір кішкентай мақала жаздық. Арада он шақты күн өт­кенде бас редакторым – Жұмабай Шаштайұлы шақырып, телефонын берді. Арғы жақта – Әбіш аға. Ризашылығын білдірді, жас талаптың бетін қайтармайын деді ме, ешқандай ескертпе айтқан жоқ. «Өзіңізді бір көрсек деген арманымыз бар» деп ем, «Алматыға барам, сонда өзім бір хабарын айтамын» деді. Қуан­дық. Арадағы әңгімеміз жа­­расу үшін Әбілқайыр ханның оқи­ғасын сұрасақ, жетіп жатыр деп ой­ладық. Бірақ тағдырымызға ол жүздесу жазылмапты. Арада екі ай өткенде кемеңгер жазушы дүниеден озды. Бізге алдағы талай ғасырға сапар шегетін ақыл ескерткіштері – кітаптары қалды. Енді өзімен әңгімелескендей болып, сол ескерткіштерін па­рақ­­таймыз. Декарттың сөзі шын­дыққа айналды.

* * *

«Адамзаттың ең ұлы жаңа­лығы – жазу» депті Әбіш. Осы жазу болмаса, біз онымен мәңгі «әңгімелеспей» кетер едік. Бірақ осы жазу біреуге – бақыт, біреуге – сор. Жаңалықты ашуын ашып алып, әбден ит сілікпесін де шы­­ғардық. Не соншалықты қаты­рып та жазбаймыз. Ал Әбіш Ке­­к­іл­байұлы қалай жазды! Жазу адам­заттың жаңалығы болса, Әбіш­тің жазуы – әдебиетіміздің жа­ңалығы. Әдебиетіміз не, әлем әдебиетінің. Әріптес ағам Талғат Батырхан: «Әлем әдебиетінің Әбіші» деген тақырып тауып-ақ берді. Ең бірінші ойыма келгені, несін жасырайын, тым жаттанды, көп айтылатын тақырып боп көрінді. Артынан «Неге қа­­зақ әдебиетінің нары, қазақ әде­биетінің Әбіші дей береміз. Ол әлемнің жазушысы. Алдымен со­лай жазып алайық» дегенде тым үлкен жүк артып тұрғанын түсіндім. Егер мақалаға ондай тақырып қойсам, ол тақырыпты ашып жазуым екіталай. Жазған күннің өзінде екі апта емес, екі айдың өзі едәуір аздық етер еді. Әбіштің жазуы жаңалық болатыны – ол жазу стилімен ғана емес, тақырыбымен де өзгеше боп келді. Аңыз-әфсаналарды бүгінгі реалистік өмірмен ас­тас­­тырып, оның ара жігін аса біл­дірмейтін баяндау әдісін тапты. «Ханша дария хикая­сы» ар­қылы әрбір зордың түбіне өз әл­сіздігі жететінін бізге мессеж ретінде жолдады. Ал оны түсініп, түсінбеу өз еркіңіз. «Аңыздың ақыры» романы арқылы биліктегі адамның психологиясын су­реттеді. Кешегі билік, бүгінгі би­лік – түк айырмашылығы жоқ. Сол тартыс, сол тақ, сол бақ, сол сор. Тіпті сол күдікшіл кө­ңіл. Уақыт пен кеңістік ауысса да, психология түк өзгермек емес. Хронотоп әшейін фон есе­бінде. Шыңғыс Айтматов «Аңыздың ақыры» жа­йында: «Та­лантты қазақ прозаигі Әбіш Кекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгінгінің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап – ойшылдықтың жоғарғы сатысынан қарағанда да, аңыз-әңгімелер мен бүгінгі күннің, өткен мен бүгінгі күндер тәжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің барлығы (әри­не, мұның ішінде прозаиктің таланты да бар) қосыла ке­ле, біздің пікірімізше, бұл шығар­малардың мазмұнын ғана байы­тып қоймай, оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен» депті. Арттырғанда қандай! Бұл романның жазылуы­на Ілиястың «Күйші» поэмасы түрткі бол­­­­­ған деген гипотезамызды бұ­­ры­нырақ жазған едік. Оны қай­талаудың, тіпті керегі жоқ. Ал «Аңыздың ақыры» – түрімен де, мазмұнымен де төтенше қасиетке ие айырықша құбылыс. Адам жаны сол әуелгі қалпында. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, кеңдік пен кемдік, соғыс пен бейбіт күн, тойымсыздық пен қанағат, ра­қым­сыздық пен мейірім, сат­қындық пен адалдық. Тау­сыл­майтын және о бастан бар та­қырыптар. Әбіш қаламы осы­ның қай-қайсын да жазды. 

Оның портреттік, сыни, тео­­риялық мақалалары өз ал­ды­на сала-құлаш еңбек. «Әде­биет­танудың қысқаша энциклопедиясы» деген мақа­ласы мақала емес, ауқымды монографияның та­қырыбы. Ондағы стиль туралы пайымдары жазушының емес, теоретиктің тұжырымдары. Ал Әбіштің қаламы қазақша сөй­леткен Шекспир, Толстой, Моппасан, Бунин, Чехов, Гоцци, Ибсен шығармалары қазақ ті­­­ліндегі әлем әдебиетінің ең жа­тық аударылған үлгілері боп қал­ды. Былай қарасаңыз, Әбіш Кекілбайұлы қай тақырыпқа қа­лам сілтесе де, қай қырға шықса да бәрі жарқырап, жайқалып шы­ға келеді. Оның қаламы ер­тегідегі сиқырлы таяқ сияқ­ты. Ти­ген жері гүлденіп, өңі ашыла түседі.

Бір кездері қазақ әдебиетінің сол уақыттағы ақсақалы Әбу Сәр­­сенбаев жас қаламгерге: «Әбі­шім менің, ардақтым менің, әдебиеттің балапаны санасақ та, қырандарына қияны меңзер дарынды төреші екендігіңді та­ныт­тың. Кеудеңді керней бас­­таған балаң бұлақтың тас­қынға айналуына сенемін. Тас­қындай бер. Өрлей бер» деп тілек білдіріпті. Сол кеудесіндегі бұ­лағы тасқынға айналып, одан мұ­хитқа ұласып кете барған жоқ па?!

* * *

Келер жылы Әбіш Кекілбай­ұлының туғанына сексен жыл толады. Ал біз үшін о кісі баяғыда сек­сенге толған, тіпті жүзден ас­қан жазушы сияқты. Неге? Оның себебі бар дүниесін, негізгі ең­бектерін қырық жасына дейін жазып тастағандығында шығар. Сонау жетпісінші жылдардың ішінде-ақ Әбіш үлкен жазушы болып әдебиетімізге енді. Және сол қалпында қалды. Одан кейінгі жастардың бәрі сол кезеңдегі үлкен (бәлкім жасында солай ойлаған шығар) жазушы деп қабылдады. Ал бүгінгі қырыққа келген жазушы ағаларымызға қарап ойланып қаласың...

* * *

Жазушыны бір көруге іңкәр болған жүректің аңсары Әбіш Кекілбайұлы дүниеден озғанда да басылмаған. Ынтықтық, қой­дық. Енді бұл жалғанда кездесе алмайтыныңды сезінген сайын көңілді ауыр мұң басқан. Өмір жолында бір сәт жылы алақанын ұстап, қауышқан, дидарласқан жандардың бақыттан басы айналып жүргендей-ақ көрінетін. Әлде Әбішті көру бақытқа баланушы ма еді? Қалай болғанда да менің санамда жазушы Ке­кілбайұлы құшағы кең, сөзі жұм­сақ, мейрімі көл-көсір, тарихты айтса қиянға, әдебиетті айтса те­реңге кететін сөз мұхиты болып елестейтін. Былтыр Әбіш Ке­кілбайұлын емес, оның қара­шаңырағын, кітаптарын көру үшін қастерлі табалдырығын аттадық. Қаламгердің өзі айт­қандай оқушы кездерінде-ақ ықы­ласты, ыстық сезімдерімен та­бысқан Клара апамыз қарсы ал­ды. Кімдерді күтпеген, кім­дерді қарсы алмаған аяулы жан бұл?! Әбіш өз қатарынан бұ­рын үйлі болғанда, бүкіл жора-жолдастары осы апамыздың дас­тарқанынан дәм татып, осы үйдің төрінде айран-асыр болып жатады екен. Дәурен өтіпті. Бұл күнде бәрі қартайып, қатары сиреген буын еліміздің әр тарабында оқшау-оқшау естелік айтатын үйге айналыпты. Енді міне, жарты ғасыр өткен уақытта да сөзге, әдебиетке қызығып жүрген немереге татитын жастарды Кла­ра апамыз тап сол замандастарын күткендей құрақ ұшады. Ор­таң­ғы үлкен бөлменің үш қа­бырғасын ала орналасқан кітап сөресінде әлемнің жауһарлары рет-ретімен, тақырыбымен, жанрымен жайғасыпты. Дүние ісіне, үй тіршілігіне өмірі араласпаған Әбіш бұл жолы кітаптарды өзі рет­тепті. Тарих, әдебиет, мә­де­­ниет, сөз өнері теориясына қа­тысты еңбектер ұшан-те­ңіз. Бірін танып, бірін мүлде та­ны­маған қалпы үңілеміз. Жа­зу­­шының өз еңбектері, әлем тіл­дерінде жарық көрген кітап­тары жеке тұр. «Оқымай қалған кітабы жоқ» дейді апамыз таныстырып жатып. Біз шүбәсіз сеніп, бас изейміз. Осындай бір толқудан ажырай алмаған күйі үйден шыққанбыз. Қабырғадағы Шер­қаланың суреті көз алдымыздан кетер емес. Бір кездері Әбіш туып-өскен жерге, маңдайын тос­қан желге, алақанына салған елге барып сәлем беру біздің ендігі парызымыздай көңілімізді бүркеп тұр. 

* * *

Жұмекеннің Әбішке арнаған өлеңінде жалғыздардан құралған флотпыз дейтіні бар еді. Әкеден – екеуі де жалғыз. Бірақ жалғыз бо­ла тұра, сөз айдынында әде­бие­тімізді алға сүйреген екеуі де жел­кен болды. Осы жалғыз тек сөз емес, ұғымға айналған. Се­ман­тикалық өрісі де кең. Енді Әбіш жүрген жолды басқа ешкім қайталамайды. Әркім өзінше із салады. Бәлкім, содан кейін де ол – жалғыз. «Желкен – жалғыз, аспан – жалғыз, сен – жалғыз...»

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»