Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін барынша дамыту керектігіне мән беріп келеді. Бұл бағытта бірнеше жоспар мен іс-шара жүзеге асырылуда. Мәселен, 2014 жылдың тамыз айында Қазақстан халықаралық WorldSkills қауымдастығының 70-мүшесі болды. Осы бағытта Білім және ғылым министрлігі мен «Кәсіпқор» холдингі» жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін 2015 жылдан бастап WorldSkills Қазақстан ұлттық чемпионатын ұйымдастырып келеді. Осыған орай ағымдағы жылдың 4-7 желтоқсан аралығында кәсіптік мамандықтардың беделін арттыру, жас кадрларды экономиканың өндірістік секторына жұмылдыру және кəсіптік-техникалық білімді дамытуға бағытталған WorldSkills Kazakhstan IV Республикалық Ұлттық чемпионаты өткізілуде. Еліміздің әр аймағынан келген 350-ге жуық үміткерді 30 мамандық бойынша 400-ден аса сарапшы бағалауда.
«WorldSkills – жұмысшы кәсібінің мәртебесін арттырып қана қоймай, кәсібилікті насихаттауды мақсат ететін коммерциялық емес қозғалыс. Бұл жастар арасында үлкен беделге ие. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру – министрлік алға қойып отырған басты мақсаттардың бірі. Жас мамандардың кәсіптік шеберлігіне қолдау көрсетуге кәсіпорындардың өкілдері, жұмыс беруші компаниялар, сондай-ақ колледж бен ЖОО студенттері және мектеп оқушылары қатысуда. Мен барлығына алғысымды айтқым келеді. Жыл сайын ұлттық чемпионатқа қатысушылардың саны артып келеді. Біз қазір осы WorldSkills бағдарламасын негізге ала отырып барлық колледжде білім беретін бағдарламаларды өзгертіп, 500 оқулықты қазақ, орыс тілдеріне аударып, аталған бағдарлама арқылы студенттерге білім береміз», деді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.
Төрт күнге созылатын чемпионат «Кірпіш қалау», «Бояу және әрлеу жұмыстары», «Кондитерлік шеберлік», «Электроника», «Қонақ үй әкімшісі», «СББ станоктарындағы жонушы», «Веб-дизайн», «Графикалық дизайн», «Дизель қозғалтқыштарды жөндеу және қызмет көрсету», «Желілік және жүйелік әкімші», «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларының слесарь-жөндеушісі», «Мехатроника», «Электромонтаж жұмыстары», «Визуал мерчандайзинг және витринистика», «Жеңіл көліктерді жөндеу және қызмет көрсету», «Сантехника мен жылу беру», «Мейрамхана қызметі», «CAD инженерлік графикасы», «Көлік сыртын жөндеу», «Мобильді робот техника», «Шаштараз», «Сән технологиясы», «Бидай мен бидай өнімдері сапасын анықтау», «Дәнекерлеуші», «Тақта қаптау», «Құрғақ құрылыс және сылақ», «Аспаз», «Наубай», «Салқындатқыш және желдеткіш құралдары», «Бизнестің ІТ шешімдері» біліктіліктері бойынша өтуде.
Айта кететін тағы бір жайт, былтыр қазақстандық жас шеберлер WorldSkills-2017 байқауына қатысу үшін Абу-Дабиге барған еді. Биыл күзде Қазақстан құрамасы Будапештте өткен EuroSkills сайысында 10-орын алды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»