Тарихтың белестерінен сүрінбей өткен құндылықтарымыз бен озық дәстүрлерімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдырған Президент Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипатын өзгерту. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деп мәдени мұра ескерткіштерін ескерусіз қалдырмай, рухани айналымда ұстаудың маңыздылығын орынды меңзеді.
Жыр-дастан, жалпы ауыз әдебиеті мұрасы жеткіншекке бағзы заманда қандай елеулі оқиғалар болғанын баяндаумен қатар, жастарды ерлікке, отансүйгіштікке үндейді, атамекенін ардақтауға, патриотизмге баулиды. Мұның бір мысалы ретінде француз халқының бүгінгі патриоттығын оның жүздің үстінде батырлық эпос жинақтап, ауыз әдебиеті мұрасының байлығы бойынша әлемде бірінші орын алуымен де байланыстырсақ, артықтығы болмас.
Ұлттық әдебиет пен өнердің марғасқа-майталмандары қанып ішкен маржан жыр бұлағының тынысын қайта ашып, мектеп оқушыларының жыр-дастандарға қызығушылығын оятып, патриотизмді дәріптеу мақсатында Алматы қаласы бойынша қолға алынып, ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық байқауы да ең алдымен дәл осындай игі мақсатты көздеген еді. Биылғы жылдың сәуірінен бастап Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 6-10 сынып оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан жарыс өткізілді. «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып, жеңімпаз атануға 1300-ден аса үміткер тілек білдірді.
«Тұлпар мініп, ту алған» әдеби және тарихи-танымдық байқау жобасын жүзеге асыруда тағы нені көздеді? Жырды жай ғана жаттай салып, екі күннен соң естен де шығып кететін, келді-кетті кезекті науқан жасағаннан ешкімнің ешнәрсе ұтпасы анық. Рас, батырлар жырының кей шумақтарын замана желі шайқап, өзгеріске түсірді, бірақ тұтас мазмұнына түбегейлі көлеңкесін түсіре алмаған өміршең дастандар ендігі озық технология кезеңінде оңайлықпен жоғала қоймас деп көңіл тоғайтсақ та, өткен уақыттың уысына түспей кеткен сол жәдігерлердің басына жаһандану тағы да бұлт үйірді. Фольклорлық мұраның басындағы алтын тәжге айбат шегіп, жұтқалы тұрғанын көзіқарақты жұрт тегіс біліп отыр. Әзірейілді көре тұрып құтылуға қам жасамау, өзіңді-өзің өлімге байлағанмен бірдей. Ал жеті басты тажалға жұтылғың келмейді екен, қарсы сілтер қаруың қандай, тіпті ондай қорғаныс құралы бар ма өзі? Бар. Ол – халқымыздың өзімен бірге жасап келе жатқан жасампаз жыры. Жыр жансыз компьютердің ішінде емес, жеткіншек жас ұрпақтың тілінде сақталса, тілінде ғана емес, елін қорғаған батырлардың өр рухы Отанды сүюге үйретіп, жүректі болуға тәрбиелеп отырса ғана өз қызметін шын атқарған болар еді. Жыр кітаптары оқылмай, жылдар бойы сөреде шаң басып тұра бергенімен, ол әдеби шикізат үйіндісі болып қала береді, өкініштісі де осы.
Құдайшылығын айтқанда, эпостық жыр-дастандар өнер, әдебиеттің төңірегінде жүрген мамандар мен мектеп бағдарламасы аясындағы аз ғана сағаттық сабақ кестесінде болғанымен, толықтай ғылыми айналымға түсіру, рухани игілікке айналдыру ісін кең жолға қоюдың тәсілдері туралы әдебиет, тіл жанашырларының өзі де жақ аша алмай келді. Ниет бар, тәсіл болмады. Қаңырап тұрмағанымен, ілім-білім әлеміндегі бұл кеңістіктің орны қуыс күйінде тұрды, сондықтан «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау мен өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасауды, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулуды, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеруді де басты мақсатының қатарында қарастырды. Ізгілікті мақсат қоғамнан бірден қолдау тапты, өз уақытын тосып, жанашырлықпен аршып алатын адамын күтіп жатқандай жылтылдаған жіңішке өзеннің арнасы салған жерден кеңігендей болды.
Алғаш Алматының 8 ауданындағы іріктеу сайысынан басталған ұлттық жобаға аудандық білім басқармалары, мектеп мұғалімдері зор қызығушылығын білдірсе, қазір өнер, әдебиет, мәдениет төңірегіндегі белгілі адамдар, Парламент депутаттары, министрлер мен қала, облыс әкімдері, Президент Әкімшілігіндегі лауазымды тұлғалар жобаға жалпыхалықтық сипат беріп, бір-біріне эстафета ұсынып, жыр үзінділерін жатқа оқудан белсенділік танытып отыр. Уақытқа бой алдырмаған осы жырдың жазылғанына не заман өтсе де, дәл бүгін яки кеше ғана жазылғандай әсер беретін халықтық жырлардың қуаты әлем-жәлем киім жамылып, қолына айфон мен айпад ұстағандардың өзін иіріміне біртіндеп тарта бастағаны байқалады. Мұндайда оқыған адамның да, тыңдаған адамның да тамырынан қан емес, жыр аққандай сезілетіні бар. Еріксіз «жырдың қуаты неде сонда?» деп ойлайсың. Ең алдымен, бұл жырлар – болашаққа айтылып кеткен ғибрат сөз. Әр шумағынан образды ойлаудың неше үлгісін көресің. «Алпамыс батыр» жырындағы «Аузы үлкен ошақтай, азу тісі пышақтай», «тоқсан мың екен қарасы, сексен мың екен маясы», «айдарлымды құл қылды, тұлымдымды тұл қылды», «ойынды еті бұлтылдап, құйындай шаңы бұрқылдап», «ителгідей жұтынып, ақ тұйғындай құнтиып», «ақсұңқар туар жем үшін, туады ерлер ел үшін» деп келетін неше алуан теңеулер жырдың әр жолында кездессе де, эпитет, гипербола, метонимия, метафоралардың миллион үлгісі табылып, бұл тақырыпта мыңдаған диссертация қорғалса да, дәл осы батырлық дастандары арқылы сүзіліп жеткен сөздің інжу-маржанының жарқылы бәрібір бөлек болып тұрады. Осы теңеулерді қолдануға қажетсіз, күні өткен көмескі сөз деп айтуға қайсымыздың дәтіміз барар еді? Керісінше, сағымға сіңіп кеткен кәрі тарихты жырларымыз жаңартып қана қоймай, балаларымыз осы қазыналы, құнарлы тілдің қасиетін сезіне түспей ме? Бір теңеу болса да құлағында қалып, бір сөз болса да жадында жатталып, күнделікті тілдік қолданысында пайдаланып жатса, ол біз үшін аз олжа емес қой.
«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық байқауының соңғы мәресі өткен күн әлі есімізде. Әр ауданнан оза шауып келіп, жыр оқыған 24 оқушының жүзіне қарадық. Жырдан сауыт тоқып алып, тайсалмай келіп тұрған балалардың бетіндегі шуақ қобалжуын бүркеп тұрды. Ал залдағы адамдар асқақ рухтың ауасымен тыныстап отырды. Жазылғанына неше ғасыр өтсе де бір әрпі де қисаймаған Құран сөзіндей болып, есте жоқ ескі замандардан бері өлмей аман жеткен жырлардың жағасынан алып жататындардың пиғылын о бастан түсініңкіремейтін едік. Бір жырды тұтас жатқа оқитын адам некен-саяқ, бірақ сонда да іштей бір қасиетті күшін сезінгендей, бас иетін құрметіміз тұрады. Кенет әлгі балалардың оқыған жырынан іздеген шындық жарқ етті – бізге жырдың айтылуы емес, оның рухы қажет екен!
Шенді демей, шерлі демей, әртүрлі әлеуметтік топтар арасында кең қолдау тауып, үлкен-кішінің қызығушылығын оятқан «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасы осы жеткен биігімен тұйықталып қалмауы тиіс. Жоба келешегінің бар екенін көрсетті, тек Алматы қаласының аумағымен ғана шектелмей, адымын ұзартып, ауқымын кеңейте түсуге сұранып тұрғандай. Сол себепті жергілікті атқарушы билік те, орталық мемлекеттік органдар да іргелі бастаманы тереңдетіп, эпос бойынша атқарылатын жұмысты Ресейдегі Пушкин оқулары, Ұлыбританиядағы Шекспир оқулары секілді кең ауқымда ұйымдастыруға мүдделілік танытуы ғана қалып тұр. Рух алауына тамызық тасталды, ендеше оны өшірмей, өршелендіру – өз қолымызда.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ