ТМД-дағы сейсмикаға төзімді құрылыс мәселелерімен айналысатын бірыңғай ұйымды құру қажеттілігі сейсмикаға төзімділік мәселелерінің геофизика, оның ішінде сейсмология және геодинамика міндеттерін шешуде құрылыс қызметіне қатысы жоқ әрі ғылыми тұрғыдан көп зерттелмеген тақырыптармен тығыз байланысты болуынан туындап отыр. ТМД-дағы сейсмикаға төзімді құрылысты дамыту саласындағы бірыңғай тәсіл сондай-ақ күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларда әртүрлі конструктивтік шешімдердің орнықтылығына талдау жүргізу және тиімді сейсмикалық оқшаулау әдістерін өндіру қажеттілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ведомстволық бағынышты ұйымының сейсмикаға төзімді құрылыс саласында 87 жылдық тәжірибесі бар. Институттың қажетті ғылыми әлеуеті, сондай-ақ конструкциялардың, натуралық ғимараттардың және олардың фрагменттерінің инерциялық әрекет ететін діріл машинасы және полигондарда сейсмикалық жарылыс әсерлері арқылы статикалық және динамикалық сынауларынан тұратын бірегей эксперименталдық зерттеулер жүргізілетін заманауи жабдықтармен және өлшеу құралдарымен қамтамасыз етілген эксперименталдық базасы бар. Ғимараттарда орналасқан Қазақстандағы жалғыз инженерлік-сейсмометриялық стансалар желісі – Алматы қаласында 10 станса, Қапшағай және Тараз қалаларында 1 стансадан ойдағыдай қызмет атқарып тұр. Бұдан әрі оны жаңғырту және кеңейту ұйғарылып отыр.
«Ғимараттардың сейсмикаға төзімділігі міндеттері өзіне тұтас ғылымдар спектрін біріктіреді және әртүрлі бейінді мамандарды тартуды қажет етеді. Өкінішке қарай, соңғы 20 жылда сейсмология және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын сарапшылар мен ғалымдар саны айтарлықтай азайғанын мойындауға мәжбүрміз. ТМД елдерінің аумағында сейсмикаға төзімді құрылыс теориялары мен практикасын дамытуға жағдайлар мен тиімді механизмдер құру үшін мүмкіндіктер мен ғылыми әлеуетті шоғырландыратын уақыт келді», дейді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Бас директоры Бегман Кульбаев.
ТМД қатысушы мемлекеттерінің базалық ұйымының сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы негізгі мақсаттары мен міндеттері – ғылыми-зерттеу институттарының тәжірибе алмасу, эксперименталдық-теориялық зерттеулер жүргізуде тиімді серіктестігі үшін шығармашылық платформа ұйымдастыру; сейсмикаға төзімді құрылыс барысында бірыңғай техникалық саясат жүргізуде жан-жақты серіктестігіне жәрдемдесу; ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикаға төзімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге жас ғалымдарды тарту болмақ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ