Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2018

Партиялық жобалар тиімді жүзеге асырылуда

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Шығыс Қазақстан облысына барды. Сапар барысында ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевпен және облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге өңірде алғаш рет өткізілген республикалық «Digital East – Болашаққа қадам» ІТ-форумына қатысты. Сондай-ақ Облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа барып, цифрландыру саласындағы өңірдің жетістіктеріне назар аударды.

Партиялық жобалар тиімді жүзеге асырылуда

Шығыс Қазақстан облысының цифр­ландыру ісі бойынша айтарлықтай нәти­желерге қол жеткізіп отырғанын атап өткен жөн. Өңірде жастардың ІТ-технологияға деген қызығушылығы да уақыт өткен сайын артып келеді. Сон­дай-ақ облыстың халыққа қызмет көр­сететін мекемелері мен ірі өндіріс ошақ­тары да цифрландырудың жемісін көріп отыр. Осындай игі істердің қо­ры­­тындысы ретінде «Digital East – Бо­ла­шаққа қадам» ІТ-форумы ұйым­дас­тырылып, алдағы міндеттер нақты­ланды.

Форумға арнайы қатысқан Мәулен Әшімбаев мұндай бастамалардың ел дамуында маңызы зор екенін айтты.

– Цифрландыру дегеніміз – бүгінгі заманның басты талабы. Сондықтан қазірдің өзінде елімізде мемлекеттік қызметтің басым бөлігі цифр­лы форматқа ауыстырылып, жаңа үр­діс­терге сай көрсетілуде. Тіпті ірі зауыттар мен өндіріс орындарында да ауыр жұ­мыстар цифрлы технологияның жемісін көріп отыр. Мұның барлығы Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасын жүзеге асырудың нақты нәтижесі екені сөзсіз. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында да бұл салаға ерекше мән беріп, инновациялық және сервистік секторларды дамытудың тиімді тетіктерін анықтап берді. Соның нәтижесінде бүгінде еліміз бойынша көптеген игі істер жүзеге асырылып, осы салада білікті, кәсіби мамандар даяр­лау ісі қолға алынды. Бүгінгі ІТ-фо­румды да сондай тың бастамалардың игі нәтижесі деп қарастыруымызға әб­ден болады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол соңғы айларда «Нұр Отан» партиясының Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес өз қызметін жаңғырту мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуын­ша, партиялық жаңғыру аясында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосу үшін партия тарапынан нақты жобалар да қолға алынған.

Бұл бастамалар бүгінде өз жемісін беріп отыр. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 782 ІТ-сынып ашылып, 30 мыңнан астам мектеп оқушылары білім алуда. Соның ішінде 277 ІТ-сынып Шығыс Қазақстан облысында ашылған. Оның 112-сі қалалық жерлерде ашылса, қалған 165-сі облыстың ауыл-ай­мақтарына тиесілі. Бұл көрсеткіш бо­йынша кенді Алтай өңірі елімізде көш бастап тұр.

Өңірде ашылған 2 ІТ-орталықтың да жұ­мы­сы жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін бұл орталықтарда шығыс­қа­зақстандық 544 азамат білімін жетілдіріп, жаңа мамандықтарды мең­геруге мүмкіндік алды.

Мәулен Әшімбаев мұндай баста­малар енді 5-10 жылдан кейін өз же­місін беретінін, ең бастысы, жастары­мыз­дың ХХІ ғасырдың мамандық­тарын игеріп, бәсекеге қабілетті болып қа­лыптасуына септігін тигізетінін айтты.

Сонымен қатар форум барысында «Үздік ІТ-шешімдер мен стартап жо­балар» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Екі кезеңнен тұрған бұл байқауға 1500 үміткер қатысты. Жобаның басты мақсаты – тиімді ІТ-шешімдер мен стартап бастамаларды іріктеп, олардың жүзеге асырылуына қаржылай қолдау көрсету. 

Аталған форум аясында «Цифрлы Шы­ғыстың жетістіктері» атты көрме ұйымдас­тырылып, цифрландыру ісі бойынша Шығыс Қазақстан облысында қолға алынған тың идеялар көпшіліктің назарына ұсынылды.

Цифрландыру ісі бойынша облыста медицина саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін ерекше атап өткен жөн. Ол үшін Облыстық мамандандырылған медициналық орта­лықтың жұмысын айтса да жеткілікті. Аталған нысанға арнайы барған Мәулен Әшімбаев бұл жердің басты ерекшелігі са­налатын роботтандырылған хи­рур­гия­лық орталықтың жұмысымен танысты.

Мұндай орталық еліміз бойынша алғаш рет Өскеменде ашылып отыр. Аталған орталықта Италиядан әке­лінген Senhance Transenterix роботының көмегімен күрделі эндоскопиялық ота­лар жасалады. Алғашқы оталар Ита­лиядан келген маманның жетекші­лігімен жасалған екен. Биылғы наурыз айында ашылған орталықта қазірге дейін 120-дан астам науқасқа ота жасалып, талай жанның дертінен айығуына себепші болған.

Роботтандырылған хирургия ота­ның дәлдігін арттырып, жарақаттың жеңіл және операциядан кейінгі ем-домның сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл бастаманы отандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудағы аса маңызды қадам деп атауға толық негіз бар.

Орталықтың бұл саладағы тағы бір басты жаңалығы – мамандардың білімі мен біліктілігін арттыруға айрықша мән берілуі. Мұнда дәрігерлердің үшдеңгейлі оқыту бағдарламасы бо­йынша сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынба­сары партияның облыстық активі­мен кездесіп, Елбасының «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын талқылады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы