07 Желтоқсан, 2018

Халқын шексіз сүйген тұлға

1107 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Туым – тұғырым, 

Елтаңба – елдігім,

Әнұран – айбыным... 

Н.Назарбаев 

Халқын шексіз сүйген тұлға

«Мемлекеттік тудың авторы болдыңыз деген хабарды естігенде қандай сезімге бөлендіңіз? Осы сәт туралы өз аузыңыздан естігіміз келіп тұр» деп сұраған тілшінің сауалына Шәкен аға: «Ең алдымен Парламент бекіткен тудың осы үлгісі халқымызға ұнай ма екен, халқымыздың таңдауына, талғамына сәйкес келе ме екен деген қобалжу сезімі басым болды. Бойымды бір түрлі қорқыныш сезімі билегендей күй кештім», деп жауап беріпті.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы­ның: «...Шәкен Оңласынұлы жұ­мыс­тарын негізінен патриоттық тұр­ғы­да жазды, оның Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Мемлекеттік туының ав­торы болуы – тума талантымен қа­тар Отанын шексіз сүйгендігі деп бі­леміз» деген сөзі Шәкен ағаның сол қо­балжуын сейілтіп, толқыған жүре­гіне тағат таптырғандай деп түсінемін.

Мемлекеттік тудың авторы болу – сурет­ші қабілетінің мойындалуы. Бұл азаматтың арман-ойының халықпен бірге, халықтың арманымен тереңнен үндескендігі. Мемлекеттік туды бе­кіту­ге арналған байқауға ТМД ел­де­рі­нен, Германия, Түркия, Моңғо­лия­дан жүздеген қылқалам шебері өз нұсқаларын жолдаған. Жалпы 1200-ден аса жұмыс сынға түсіпті. Солар­дың арасынан қара үзіп, көптің көңілінен шығатындай байрақ салу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ болса керек. 

Мұндай жеңіс оңайдан-оңай келе салмайды. Оның артында терең із­де­ніс, батыл шешімдер, ерекше дарын мен күш-қуат жатыр. 

Әр жобаның өз идеясы, өз философиясы бар. Ш.Ниязбеков тудың төрт бейнесі (көк аспан, күн, қыран, ою-өрнек) арқылы ғана халықтың арман-мақ­сатын рәмізімізге сыйдырды, халық­қа сыйлады. Ту – елдің өткені мен ер­теңі. Минимализм стилінің ең жар­қын көрінісі біздің көк байрағымыз болды.

Біздің Мемлекеттік ту 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді. Содан бері Жер шарын айналып, барлық жер­ге өз шуағын шашып келеді, Бірік­кен Ұлттар Ұйымы ғимаратында өзі­не лайықты орнын алды. Біздің туы­мызға талай ел тамсана қарап сүй­сі­неді. «Мне нравится Ваш Флаг, там Орел обнимает Солнце» деп Ресей Президенті Владимир Путиннің там­санғаны да ел есінде. 

Шәкен Оңласынұлы көне Тараз өлкесінде дүние есігін ашқан. Киелі жерден, текті елден шыққан, өмірдің талай қиындығы мен қасіретін шеккен жан. Ол он жасқа толар-толмас кезінде өмірдің қиын сынағына тап болады. Бір жылда анасы, әкесі, әжесі дүние салыпты. Тағдырдың мұндай ауыр қасіреті оған өте ауыр тиді. 

Анасы Айнагүл өнерлі, әдемі дауысымен ән шырқайтын, көптеген аңыз, ертегілерді жадында сақтаған асыл адам болған. Ол даңқты батыр Бауыр­жан Момышұлының әпкесі болып келеді. Баукең ойламаған жерде жол үстінде Шәкен ағаны ұшы­ра­тып қалып, 200 сом ақша беріп, Ленинградқа оқуға шығарып салғаны бар. Шәкеңнің бойындағы жауапкершілік, батылдық сияқты қасиеттер осы Баукеңнен де жұққандай көрінеді.

Шәкен орта мектепті бітірген соң Ле­нинградтағы сурет училищесіне түсті, одан кейін В.И.Мухина атын­да­ғы Ленинградтың сурет институ­тын бітірді. Сол кезде Эрмитаж, Петра­за­водск және Исакиев соборында қайта жөн­деу жұмыстарына қатысуын өзінің ба­сына қонған бақыты деп санайтын еді. 

Шәкең сөзі аз, тұйықтау келген адам болса да Ленинградты керемет таза сезімге бөлене отырып, тебірене еске алушы еді. Шәкеңнің осы әңгімелерін естігенде Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романындағы Бауыржан Момышұлының Қаржы академиясында оқыған кезін еске алған сезімдерімен сәйкес келеді. 

Ш.Ниязбеков суретші ретінде Италия, Франция суретшілерін ұстаз тұтты. Бірақ өзінің ұлттық табиғи негіздерін бойында терең сақтады. Әбілхан Қастеевтің есімін айрықша құрметпен, ұстазым деп жадынан өшірген жоқ.

Шәкен Оңласынұлының бойында­ғы үш қасиеті: халқын сүйгендігі, туған жеріне деген махаббаты, таланты және оның өте қарапайым әрі кішіпейіл мінезі ерекше есте қалады.

Шәкен ағаның үш дүниесі: Мем­лекеттік ту, Алматы қаласының гербі және Бауыржан Момышұлының зират басындағы ескерткіштің арасында ерекше байланыс жатыр. Бұл үш дүниенің авторы халқын ерекше сүйген дарын екені бірден сезіледі. Бар ынта-шынтасын, зейінін төгіп жасаған шығармалары әлі күнге бізбен бірге жасап, бар ғұмырымызға ортақ болып келеді. Оның шедеврлерінің мәні қарапайымдылық пен ұлылықтың үндестігінде жатса керек. Ғажап!..

Биыл Шәкен Оңласынұлының туғанына 80 жыл толды. Еліміздің қолданыстағы заңдарына сәйкес дүниеден өткен тұлғаларды ресми түрде есте сақтау шараларын тұлға дүниеден өткен соң бес жылдан кейін ғана өткізуге болады. Енді Ш.Ниязбековке көше, мектеп атауларын беруді қолға ала беруіміз қажет. 

Шәкеңнің өнерін қадірлеп жүрген азаматтар ол туралы ең алдымен «Библиографиялық көрсеткішті» шығару керек дейді. Себебі кітаптағы деректер нақты болады, оны насихаттау жағы да ыңғайлы болар еді. 

Екінші дүние – «Өнегелі өмір» сериясы бойынша кітап шығару қажет. Ш.Ниязбековтің өмірі жөнінде деректер, туындыларының өзі шашылып кеткен көрінеді. Демек, каталогын түгендеп, ол туралы деректерді кітапқа енгізбесе, құнды дүниелердің ізінен де айырылып қалуымыз мүмкін. Әрине, заманның жаңа талаптарына сай деректі фильм қажет. Бұл жағынан кино саласының маманы Еркін Рақышев біршама материал жинап жатқан көрінеді. Ондай мамандармен де ақылдасу артық болмас.

Байқап қарасақ, Ш.Ниязбековтің артында ұшан-теңіз шедеврлер қалған. Ол елуден аса халықаралық, бүкілодақтық және республикалық бай­қауларға қатысыпты. 1961 жылы Чехословакияда «Глобус» телеви­зорының дизайны үшін алтын медальге ие болған екен. 1964 жылы Ленинград қаласында өткен байқауда «Миру – мир» плакаты үшін бірінші орын, ал 1982 жылы Алматы қаласындағы Республика алаңын көркемдік тұрғыда безендіргені үшін бірінші орын алған. «Алматы қаласының құрметті азаматы» белгілерін де байқау арқылы жеңіп алған. Монреалдағы дүниежүзілік «ЭКСПО-67» көрмесіне де қатысқан. Оның туындылары елімізде, ТМД елдерінде және шетелде кеңінен танымал. Мысалы, интарсия техникасы бойынша әзірленген «Шоқан Семенов Тянь-Шанскиймен бір­ге» суреті Санкт-Петербург музейінде, Мәскеу музейінде «Сырым Датов», «Урожай-94», «На Джайлау», мозаика әдісімен әзірленген «Абай» портреті Киевте, «Ислам Каримов» суреті Ташкентте, «Жамбыл» суреті Ере­ван­да, интарсия-маркетрий әдісімен әзірленген біршама еңбегі Үндістанда екен. 

Алматы, Жамбыл, Семей қалала­рын­да мына суреттер экспонат ретінде қолданылып келеді: «Құрманғазы», «Көбік шашқан», «Кісен ашқан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Бауыржан Момышұлы», «Казахстан – космическая гавань», «Қазақстан солдаты», «Казахстанские зори», «Хантәңірі», «Іле өзенінің жары», «Амангелді сарбаздарымен» және көптеген басқа да суреттер. 

Шәкен 1982-1986 жылдары Респуб­ликалық Суретшілер одағын басқарды, ол ХІ және ХІІ шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл саладағы оның еңбегі өзінше бір төбе болмақ. Мемлекеттік тудың авторының мемлекетімізді дамытуға, оның рухани мәселелеріне қосқан үлесі туралы білгеніміз жөн-ақ.

Шәкен Ниязбековтің өнерін Мем­ле­кеттік тудың, Алматы қаласы­ның, «Алматы қаласының құрметті азаматы» белгісінің, Бауыржан Момышұлы монументінің, бірнеше суреттің авторы ретінде халық арасында насихаттау жұмыстары оның 80 жылдық мерейтойынан бастап жаңа қарқынмен насихаттау Мемлекеттік рәміздер ту­ралы комиссияның бастауы­мен тиісті дәрежеде жүргізіледі деп сенеміз. Себебі оның шы­ғарма­лары­на әсемдік ұялаған. Ал әсем­дік Ф.Достоевскийдің сөзімен айт­сақ, әлемді құтқаратын құбылыс. Әсемдіктен туған байлық тұрақты түрде қайтарымын беретіні де табиғаттың заңы. Әсемдік, махаббат, дарынға негізделген еңбек қана имандылықтың кәусар бұлағы екені туралы дарындардың мұрасында айтылған. 

Айтқандай, жуырда «CKGSMAN» компаниясының өкілімен таныстық. Олар оқушылардың мектеп формасына қосымша Мемлекеттік тудың төсбелгісін сыйлайды екен. Әсемдікті насихаттап жүрген коммерциялық фирмаға өте риза болдық. Бұл да сауда-саттық, коммерция мен бизнес саласына әсемдікпен әзірленген дарындардың мұрасы өте қажет екенін сездіреді.

Оралжан ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ,

«Төле би» қорының және «Қазақ елі» бағдарламасының үйлестірушісі

P.S. Шәкен ағаның еңбекке деген махаббаты, әрине оның талантына байланысты. Сонымен қатар жалпы физикалық даму мәдениетімен тығыз байланысты болғаны туралы да айтуға болады. Мысалы, ол Ленинградта оқып жүргенде спорт гимнастикасымен айналысып, қала чемпионы, «Спорт шебері» деген нормативті де орындаған екен. Спорт оның мәдениетіне жақсы әсер етіпті. Бұл туралы да бөлек баяндауға болады.