– Елде, ауылда өстік. Қазақта жеті атадан кейінгі халықтық қалып: ата-әже, әке-шешеден бала бойына дариды. Осы үштік берік болса, қия басу, орынсыз асып-тасу болмайды. Осы үш алтын арқауды өркениет үлгісімен жалғастыра алсақ, отбасы ұтылмайды. Мұндай мықты тұғыр мықты деген жұрттарыңызда да кемшін. Қазақ бірлігі отбасында. Отбасын Отанға теңеуі содан болар. Мен ертеңімді алдын ала жоспарладық деп айта алмаймын. Бар мақсат мектепті жақсы оқып, бітіру болды. Бұл біздің ғана емес, ата-анамыздың да арманы еді. Мектеп бітіргенде бізге әке-шеше ықпалы, мұғалім бағыты бірінші тұрды. Алматыға, Мәскеуге оқимыз дей қоймадық. Ата-ананың аузына қарадық. Ол кісілер алысқа ұзамаса екен деді. Үлкендердің айтқаны болды. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түсуге бет алдым. Ата-анамның тілегі қабыл болып, менің де ойым орындалып, жоғары оқу орнына түстім.
– Ол кездегі ауыл баласына қаладағы орысша оқу оңай соқпаған шығар?
– Әрине. Тілден қиналасың. Бірақ намыс, қажыр-қайрат, елдегі үлкендердің сенімі алға сүйрейді. Бірінші, екінші курста кейіндеу жүресің. Үшінші, төртінші курста орта тұсқа жетесің. Одан кейін алдыңғы шепке шығасың. Сөйтіп жоғары оқу орнын үздік бітіріп шығасың. Жетік білім сананы сілкіндірмей қоймайды. Институтта оқытушылардың айтқанын қағып алуға ниеттендік. Мектептегі мұғалімге деген құрмет жоғары оқу орнында да жалғасты.
– Сынықшы нағашы атаңыздың жолын жалғаған травматолог мамандығын нейрохирург мамандығына қалай айырбастап жүрсіз?
– Институтты бітірген соң, Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасына қызметке тұрдым. Ол мекемені кейде «Менің Байқоңырым!» дейтінім бар. Әр азаматтың алғаш қанат қаққан қызмет орны, ортасы болады. Мені де сол жедел жәрдем ауруханасы ғарышқа ұшырмаса да, алдағы өмір жолыма бағыт сілтеді.
Ақтөбе облыстық ауруханасына Мәскеуден, Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры, төрткүл дүниеге аты мәшһүр академик Александр Коновалов бастаған ғалым-дәрігерлер келді. Біз аттарын жартылай естіген есімдер. Кітаптарынан хабарымыз бар. Солармен бір аптадай бірге жүрдім. Шыны керек, Коноваловтың ғылымдағы орнынан ол уақытта көп хабардар емес едім. Көңілі түскен адамға мейірімі мол секілді көрінді. Бір күні: «Серік, сен нейрохирургия саласында оқуың керек» деді. Мен ол кісіге: «Мәскеуге барсам, мені травматология институтының директорымен таныстырсаңыз» деймін. Ондағы ойым нағашы атамның үмітін үкілеу. Академик жүзін жылытып: «Ойлан Серік, травматологияны қойып, нейрохирургияны көрсеңші, Мәскеуге менің өзіме тікелей кел» деді. Сөйтіп он шақты күннің ішінде қайырымды академик өзіне баурап алды.
Ғалым сөзін жерге қалдырмай, Мәскеуге барғанымда ол орнынан ұшып тұрып, жылы қарсы алды. Институтпен таныстырды. Ғалымдармен жүздестірді. Біраз уақыт сонда жүріп, талай ота жасауға қатыстым. Нейрохирургия қиын сала екен. Табаныңды нық тіремесең болатын емес. Екі ай сонда жүрдім. Анда-санда академикті көріп қаламын. Бағыт-бағдар айтады. «Үйрен, үйренген ұтылмайды» дейді. Ақтөбеге қайтадан оралдым. Жаңадан нейрохирургия бөлімшесі ашыла бастаған еді. Ақыры осы салаға ден қойдым. Кемерево облысының Новокузнецк қаласындағы нейрохирургия кафедрасы ұйымдастырған нейрохирургтердің білімін жетілдіретін бес айлық курсқа барғанмын. Бір күні академик Александр Коновалов келеді, «Ол кісіні көрудің өзі бақыт» деп, әзірлік жүргізді. Ол кісі табалдырықты аттағанда тік тұрып қарсы алдық. Шетінен сәлемдесіп келе жатты да маған көзі түскенде: «Серік, мұнда не істеп жүрсің?» деді. «Оқуға келдім, Александр Николаевич!». «Неге Мәскеуге келмейсің?», «Барамын» дедім. Төңірегімдегілердің көзқарасы маған бірден өзгеріп сала берді.
– Атақты ғалымның ықыласы сізге қалай түсіп жүр?
– Осыны алғашында өзім де түсіне қоймадым. Жауабын ғалым айтқанда ғана барып, иландым. «Қазақ азаматтары талантты, талапты, алғыр болады. Бұл қасиет сенде де бар. Тіпті ерекше секілді. Осы бағытыңнан танба, жігеріңді жаны. Жігерді жаныған сайын талабың жарқылдай береді», деп күлімсірегені есте. Жалпы, мен ұстаздан жолым болған адаммын. Ақтөбеде оқып жүргенімде Э.Шайро, Ю.Бирючков деген профессорлардың да септігі көп тиді. Ю.Бирючков медицина институтының проректоры еді. Бір жолы профессор «Нейрохирургия бойынша Мәскеуде оқу үшін бір аспирантқа орын бөлініпті. Коноваловты танисың. Сен баруың керек. Үш емтихан тапсырсаң, өтесің», деді ол. Айтқаны келді, жолдаманы алып, Мәскеуге тартып кеттім.
– Мәскеудің Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтына ғой?
– Иә. Бірден Александр Николаевичке бардым. Жадырап қарсы алды. Аспирантураға келгенімді айтып, жолдамамды көрсеттім. Түрі сұстылау, қаралау кісі еді. Сүзіле көз салды. «Серік, оған дәл бұл жолы түсіп керегі жоқ. Сен оған дайын емессің. Ал түстің дейік. Үш жылдан соң медицина ғылымдарының кандидаты болып шықтың. Саған кандидаттық атақ керек пе, әлде нейрохирург мамандығын бес саусағыңдай білетін маман болу мақсат па?» деді. Менде үн жоқ. Іштей «Енді не істесем екен?» деймін. «Менің айтқаныма көнсең, аспирантураға өтініш бермей-ақ қой, басқалар оқысын. Сен клиникалық ординатураға бар. Тәжірибе жинақтайсың. Соған түс. Содан кейін аспирантураға барасың. Өзім көмек беремін», деді. Мөлиіп сәл отырдым да: «Александр Николаевич, ординатураға қалай түсуге болады?» дедім. Ғылыми хатшыны шақырып алып: «Серікке жол көрсетіңдер» деді. Ғылыми хатшы: «Коновалов кез келген адамға бұлай қамқорлық жасамаушы еді» дейді. Сөйтіп екі жылдық клиникалық ординатураға түстім. Орындалған отадан түйгенім баршылық. Бір профессордан кейін екінші профессордың қолына өтесің. Әрқайсысы өзінің тәжірибесін үйретеді, тәлімін береді. Сөйтіп жүргенде, екі жыл да жылжып өте шықты. Төңірегімді түгендеп, кім қалай екен дегенді ойластырамын. Профессор Сергей Федоров отаны көп жасайды. Аспирантураны сол Федоровтың жетекшілігінде оқысам деген ниетімді ол кісіге бір жолыққанда айтып едім, «Сен Коноваловтың шәкіртісің ғой. Оның келісімінсіз алуға құқым жоқ» деді. Коноваловқа сол ойымды жеткізгенде қарсылық танытпады. «Тәжірибеден өттің, енді ғылыми жұмыспен айналысуыңа болады. Жүрегің Сергей Николаевичті қалап тұрса бар. Таңдауыңа таласым жоқ. Зерделі екеніңді тағы дәлелдедің» деді. Сонымен бір жақсыдан екінші жақсының қамқорлығына өттім. Коновалов та жан-жылуын аяған жоқ. Сөзінде тұрып, аспирантураға түсірді. Федоровтың қолынан мықтап ұстатты. Енді тәжірибеде көргенімді ғылымда дәйектеп, кандидаттық диссертациямды екі жылда бітіріп, жетекшіме көрсеткенімде: «Тағы бір жыл ізден. Ота бөлмесінен табылып, кеселді біліп қана қоймай, емдеу жолымен қатар, алдын алуды да ойластыра біл», деді.
– Ғылыми атағыңызды сәтті қорғаған соң, елге, Алматыға оралдыңыз емес пе?
– Ол 1986 жылы еді ғой. Елге келгеннен кейін алған тәжірибемді ғылымда тиянақтау мақсатында кафедрада жұмыс істегім келген. Бірақ ол ойым орындала қоймады. Дәрігерлікке бара қоймадым. Содан соң А.Коноваловқа хабарласып, Мәскеуге қайта кеттім. Ондағы әр жылым он жылға татыды деуге болады. А.Коновалов бір күні өзіне шақырып алып: «Серік, докторлық диссертацияға бір тақырып бар. Соны талдап көрші» деді. Оны Сергей Федоров та мақұл көрді. Ата-анамнан кейінгі демеушілерім саналатын Александр Николаевич пен Сергей Николаевич екенін айтуға тиістімін. Атақты физик Ландауға ота жасаған Сергей Федоров ол кезде сырқаттанып жатқан. Өкпесіне ота жасатқан еді. Сол үлкен ғалым институттың бас неврологі, профессор Леонид Лихтерман екеумізді үйіне шақырып алып, профессорға: «Сен мына Серікке қара, далаға тастама. Бұның болашағы зор» деді де, одан соң: «Сен енді қайтадан Коноваловтың шәкірті болуың керек», деп сәттілік тіледі.
Жүзі бөлек болса да, жүрегі шәкіртім деп соққан, тілі бөлек болса да тілегін аямаған алыптардың жетекшілігімен ғылым докторы атандым.
– Мол тәжірибемен, ғылыми атақпен елге оралдыңыз?..
– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі аумалы-төкпелі қиын шақта қарабастың тірлігімен сыртта жүргенім қалай болады деп, екі ойлы жүргенмін. Сондай бір күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге жасаған сапарының бірінде мен қызмет етіп жүрген Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтына келді. Дидарласу кезінде азат елдің басшысы: «Осындай бір орталық бізде де болса ғой!» деп қалды. Мен де ішімнен оған тілектес болып тұрдым. Коновалов мен туралы Президентке ерекше ілтипатпен айтып қалды. Жанары жарқ еткен Нұрсұлтан Әбішұлы маған жылы шыраймен көз салып, «Елге қайтасың ба?» деді. Іркілместен «Иә!» дедім. Ол кезде Президент өзге елдерде қызмет етіп жатқан, әсіресе әскери, дипломатия, заң саласында қызмет етіп жүрген отандастарын еліне шақырып жатқанын білетінмін.
Мен де айтқан сөзімде тұрдым. 1995 жылы Отаныма оралдым. Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтына орналасып, 1996 жылы нейрохирургия кафедрасын қолға алдым. Мақсатым, білімді жастарды жинау еді. Клиникалық ординатура ашып, оны аспирантураға ұластырдық. Диссертация қорғайтын кеңес құрдық. Сондай жұмыстардың нәтижесінде, 10 жылда 5 ғылым докторын, 25 ғылым кандидатын әзірледік. Қажетті кітаптар шығардық. 2004 жылы жасаған тәжірибелеріміз бен ғылыми ізденістерімізді жариялап, өзгеге жеткізіп тұру үшін «Қазақстанның нейрохирургиясы және неврологиясы» атты журналды жұртқа ұсындық. Қазір ол басылым жалғасын тауып келеді.
– Елбасының тікелей қолдауымен Ұлттық нейрохирургия орталығы ірге көтерген күннен бастап, басы-қасында болдыңыз емес пе?
– Мен елордадағы ұлт денсаулығын жақсарту жолындағы орталықтардың салынуын Президенттің ерен еңбегі, тіпті ерлігі деп білемін. Кенжелеп қалған салаға кең көлемде мән беріп, нейрохирургия орталығының ғимаратын қысқа мерзімде салу барысында Мемлекет басшысының қамқорлығы ерекше болды. Ғимарат салынып бітті, ал енді жұмыстарыңды бастаңдар дегенде абдырап қалмау үшін біз әзірлікті ерте қолға алдық. 35 маманды шетелге білім жетілдіруге жібердік. 2008 жылы Алматыдан 35 дәрігер бірге келдік. Қазір 50 нейрохирург жұмыс істейді. 90 пайыз дәрігерлер алғашқы күннен қызмет жасап келеді. Алғашқы жылы 500 адамға хирургиялық көмек көрсетсек, қазір 3,5 мыңнан асып отыр. Әлемнің бірде-бір елінде азаматтарын тегін емдейтін мұндай нейрохирургиялық орталық жоқ. 10 жылда 70-ке жуық жаңа технологияны алып, іске қостық. Орталық Азияда бірінші рет ота жасауға болмайды деген тереңде жатқан ісіктерді емдей бастадық. Ми ісігіне ота жасау өте қиын. Өзге ағзалардың көбін алмастыратын дәрежеге жеттік. Ми туралы бұлай дей алмаймыз. Өзге отаны лупа киіп жасауға болады. Ал миға ота жасау тек микроскоппен ғана жүзеге асырылады.
– Бір замандары миды да алмастыруға болатын шығар?
– Оны тап басып айта алмаймын. Ми әлемі – бөлек әлем ғой. Құдіреттің күшімен жаратылған болу керек. Дегенмен, қазір сол әлемнің ішіне кіріп, ота жасау ісі күнде жалғасып отыр. Біздің орталықта 6 бөлімше бар. Бір замандары үлкен-кіші демей, бастан бастап, омыртқа жұлынына дейін бір дәрігер ғана ота жасайтын. Қазір нейрохирургия сан-салаға бөлініп кетті. Жұлын, қан тамырлары, ми ісігі, балалар нейрохирургиясы, жалпы нейрохирургия бойынша жастар жақсы маманданды. Кейде ағайындар отаны өзіңіз жасаңызшы деген өтініш айтады. Оларға отаны менен жақсы жасайтын жастар бар деймін. Бұл ақиқат сөзім. Шәкірттерім менен мықты. Абай айтқандай, қазіргі нейрохирургияда ұстаздан шәкірт озып тұр. Мекеме беделінің асуына сол жастар жұмылып, жұмыс істеу арқылы қол жеткізуде. Әрине басшылық жасаймын. Мол тәжірибеме сүйеніп, бағыт-бағдар беремін. Сөйте тұрып, олардан жақсы білемін деп айта алмаймын. Біз ота жасау арқылы ауруды анықтасақ, жастар озық технология көмегімен анықталған ауруды емдеуді, оның алдын алуды жүзеге асырып отыр. Олар бәрін көзбен де, көңілмен де көреді. Қолмен ұстап та анықтайды. Дәуірдің қалай дамып бара жатқанын осыдан аңғаруға болатын шығар. Ең бастысы, бұрын ауыр сырқатқа шалдыққандар шетелге бет түзеп жататын. Қазір ол өз Отанымызда тегін іске асуда. Тіпті медициналық туризм аясында ондаған шетелден келген азаматтарға да ота жасап жүрміз.
– Серік Қуандықұлы, сіз басқарып отырған орталықта небір алқалы жиындар, халықаралық форумдар өтіп жатады. Бұл орталық жұмысын өзгелерге танытумен қатар, білім-ғылым тәжірибе саласы бойынша пікір алысуға да мүмкіндік беріп отырған шығар.
– Біздің Ұлттық орталық Астана күнінің қарсаңында 2008 жылы ашылғаны белгілі. Содан бері 10 жыл ішінде талай елдің дәрігерлері мен ғалымдары ат басын бұрып, орталықты да, айбынды Астанамызды да көріп, сүйсініп жүр. Қазақстан нейрохирургия қауымдастығы Дүниежүзілік нейрохирургтер қауымдастығына, Азия және Еуропа нейхорургтерінің қоғамдастығы құрамына кіреді. Бұл әлем дәрігерлерімен кең көлемде араласуға мол мүмкіндік беруде. Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы директоры А.Коновалов пен бүгінгі басшысы А.Потапов Дүниежүзілік нейрохирургтер қоғамдастығының вице-президенті ретінде Қазақ еліне жете көңіл аударып, мені комитет мүшелігіне тартқан еді. Бұл өркениетті елдермен бірге жұмыс істеуге жол ашты. Айталық, Азия нейрохирургтері қауымдастығының X конгресі біздің елордамызда өтіп, үлкен абыройға кенелдік. Оны өз елінде өткізуге ұмтылғандар аз болмайды. Дегенмен, Қазақ елінің беделі конгресті бізде өткізуге бұйыртты. Дүние жүзінің 56 елінен дәрігерлер, ғалымдар қатысты. Астана күніне орай өтіп жатқан іс-шаралар қатарында жұмысын бастаған конгрестің шымылдығы «Астана Операда» ашылды. Елбасының құттықтауы оқылды. Бұған Денсаулық сақтау министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі ерекше септігін тигізгенін атап айтуға тиістімін. Елорданың келбетін, Ұлттық нейрохирургия орталығын көрген қонақтар қатты таңғалды. Осындай мол мүмкіндік берген Мемлекет басшысының көрегендігі деп ашық айтып жатты. Көп мемлекетте нейрохирургияға емханалардан 30-40 төсек бөлумен шектеледі. Ал бізде нейрохирургия, кардиология – өзге де керемет жарақталған жеке-жеке медицина мекемелерін көргенде, ұйымдастырудағы ұйытқылық жұмысқа көздері жеткенде − өскен ел өркениетті жолға осындай қарқынмен түссе керек десті.
Осы жерде мынандай бір өз байламымды айта кетсем деймін. Бір кездері мұндай елдік іс армандай елестейтін. Алматының тау жағындағы Шымбұлаққа шыққанда одан да биік тұрған шыңға қол жеткізу қиын секілді көрінетін. Бүгінгі қазақ медицинасы әлгіндей шыңға қол артқандай әсер қалдырады. Қадап айтатын нәрсе, нейрохирургия саласы бойынша ем аламын деп шетелге барудың еш жөні жоқ. Өз Отанымызда барлық ем тегін жасалады. Бұл халық денсаулығын оңалту жолындағы нәтижелі іс екені белгілі. Егер осындай игілікті жұмысты арнайы бағдарламалар ашып, әсіресе БАҚ саласында, оның ішінде теледидарда дәрігерлерді сөйлетіп, біз жасаған роликтерді көрсетіп жатса, құба-құп. Мұны ұлт денсаулығын жақсартудағы ұмтылыс деп білсек, ол аурудың алдын алуға мүмкіндік берер еді. Ауру азайса, қаржыны үнемдеуге қол жеткіземіз. Бұл кең-байтақ жерімізге күні ертең ие болар ұрпақ үшін, яғни ұлттық демографияның қарқынына да өз үлесін тигізер еді.
– Текті ортада өсіпсіз. Өз отбасыңыз туралы не айта аласыз?
– Дәрігер үшін отбасының жөні бөлек. Өйткені қуанышты сәттер де, күні кеше өмірден озған Шерағаң, Шерхан Мұртаза сөзімен айтсақ, «Бір кем дүние» дегізетін тұстар да болып жатады. Сондай кезде көңілге медеу – жанға сүйеу мейірім шапағаты мол тоқсаннан асқан анам, жарым, ұрпағым. Отанамыз – зиялы ортадан шыққан Баян да дәрігер. Шаңырақ көтергелі қасымда. Ұл өсіріп, немере сүйіп отырмыз.
– Алдағы жоспар-жоба, міндет-мақсаттар, осы кезге дейін қанша ота жасағаныңыз туралы, бұл істі атқара беру жағы, өзге де өзіңізді толғандырып жүрген мәселелер жайында айта кетсеңіз.
– Мақсат та, міндет те көп. Біз көбіне жетістігімізді айтамыз. Жоғымызды да түгендеп отыруға тиістіміз. Білім, ғылым, тәжірибе – осы үшеуі ұштасқан кезде жоспар да, жоба да іске асады. Оны интеграциялау жақсы жолға бастайды. Үш сала қатар дамыған жерде қандай аурудың болса да алдын алуға болады. Қазір радиохирургия саласын қолға ала бастадық. Бұл отасыз, гамма сәулесімен емдеу деген сөз. Мұны медицинада «гамма-пышақ» не «кибер пышақ» дейді. Ота бар болғаны 40 минутқа созылады. Мидағы ісікті сәуле терапиясымен емдейді. Ми талшықтарына зақым келмейді, пышақ тимейді, қан шықпайды, дақ қалмайды. Бұл тәсіл дамыған елдерде жұмыс істеп жатыр. Біз де осыған жол аша бастадық. Ұлттық орталықтың қасында Назарбаев Университеттің, Биологиялық орталықтың заманауи лабораториясы бар. Сырттан технология алмай-ақ соны тиімді пайдаланып, ғылымды көтерсек деймін. Әлемдік ғылым мен білімнің өркендеуі ауруды емдеудің небір тиімді жолдарын тәжірибеге енгізіп келеді.
Бір ғана мысал, өткен ғасырдың 80-жылдары нейрохирургияға қатысы бар кеселге шалдыққан адам болса, көзіңе өлім елестейтін. Қазір олай емес. Қатарға қосылып жатқандардың қарасы өте көп. Бір ғана айтарым, әр азамат, әсіресе елдегі қандастар сырқаттың шеті біліне салып, дер кезінде дәрігерге қаралса, асқындырмай анықтаса, оған тосқауыл қоюға жағдайымыз бар. Тәні ауырып, жаны күйзелген адамға шарапатымды тигізуді мен өзіме қарыз да парыз деп білемін. Осындай мейірім жолын салған өзім көзін көрген қазақтың жақсылары, ата-әжем, әке-шешем, ұлы ұстаздарым Александр Коновалов пен Сергей Федоров деп білемін.
Қанша ота жасағанымды санамаппын. Бір күнде бір емес, бірнеше ота жасаған кездерім болды. Қайталап айтам, тағдырын қолыңа тапсырған қандай адамға болса да ота жасау оңай шаруа емес. Өз тағдырыңды ұмытып, науқастың тағдырына жаныңды саласың. Сен де, ол да адам. Екі үміт ота үстелінде тоғысып жататын кездер де болады. Жалпы, жасаған ота саны 5000-нан асып кеткен шығар. Алла қуат берсе ота жасаудан қазір шеттей қоймаспын. Ұстазым Александр Коновалов 85 жасқа келсе де ота жасап келеді. Әйгілі хирург Борис Петровский 90 жасқа дейін, АҚШ елінің профессоры Майкл Дебейки 91 жасқа дейін ота жасағанын білемін. Бәрі де уақыт еншісіндегі дүние ғой.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»